RU

Ерке Есмахан: Асхатты қойып, енді анасымен дауласқым келмейді

Оның жеке өмірі жеке болудан қалғалы қашан. Елдің бәрі оған қатысты мәліметтерді іздеп жүріп оқиды. Бұдан бірнеше жыл бұрын Алматыға арман қуып келген батыс қызы бүгінде елінің "еркесіне" айналған. Ал оның Төреғалимен бірге қосылып шырқайтын "Алло" әнін әрбір қазақ отбасындағы бүлдіршіндер жатқа айтады. NUR.KZ-тің бүгінгі кейіпкері Ерке Есмахан өз оқырмандарына жан сырын ақтарады.

- Ерке, бүгінгі күні танымалсыз. Қай жерге барсаңыз да, қай жерде жүрсеңіз де сіз елдің назарындасыз, ел құрметіне иесіз. Бұл танымалдылыққа қол жеткізу қиын болды ма? Әлде Instagram-да көрсететіндей «жарқыраған» өмірге бірден келдіңіз бе?

Жоқ, әрине, мен өнерге жарты жолдан келіп қосылған адам емеспін. Аспаннан салбырап түсіп, жұлдыз бола қалған жоқпын. Мен мектеп қабырғасында жүргенде музыкалық мектепке оқыдым, домбыра, қобыз, фортепиано үйрендім.

Одан кейін Ақтөбедегі Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжді тәмамдап,  сол жерде опера, классика жанрын бойыма сіңірдім. Одан соң арман қуып Алматыға келіп, Өнер академиясында эстрада-вокал бөлімінде Толқын Зәбировадан дәріс алдым. Танымалдылыққа тез қол жеткіздім деп айта алмаймын. Өйткені сонда жүріп төрт жыл оқыдым. Кейіннен Баян Мақсатқызының қолына, продюсерлік орталыққа түстім.

«Іңкәр» тобының құрамында ән айттым. Ал оған дейін қаншама еңбек еттім, оқыдым, музыкалық білімімді жетілдірдім. Мен бір сәтте Ерке Есмахан болып шыға келген жоқпын. Ал Instagram-дағы өмір менің қаншама жыл жүріп, еңбектеніп, қол жеткізген жетістігім.

- Еркені халық «ерке» деп еркелетеді. Барлығына қызық шығар, Ерке кішкентай кезінде қандай болды, оның отбасы қандай? Жалпы, мектепте қандай оқушы болдыңыз. Сыныптастарыңызбен араласып тұрасыз ба?

Сыныптастарыммен араласып тұрмаймын. Өйткені менің қанша топтастарым, сыныптастарым болды. Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында дүниеге келгем. Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте бесінші сыныпқа дейін оқыдым. Одан кейін мені әкем музыкалық мектепке берді. Балабақшадан бастап ән айттым. Кішкентай кезімнен әнші, актриса болуды, өнер жолында жүруді армандадым. Әке-шешем де соны армандайтын.

Әкемнің есімі - Әбдіраш. Анам - Мақпал. Бес ағайындымыз. Үлкен ағам - Ерік, апаларым -  (ред. – әпке,  батыс өңірінің диалект сөзі), Гүлбағда мен Венера, ағам Бауыржан Есмахан. Үлкен әулетпіз. Ата-анам бақытты жандар. 18 немере, 1 шөбере сүйіп отыр. Осы бақыттан айырмасын.

Отбасымыз жан-жақты. Дін жолында да, мұғалімдік, өнер жолында да еңбек етіп жүрміз. Әкем қазақ тілі қоғамының төрағасы. Мектеп қабырғасында жүргенде жақсы оқушы болдым. Ең бірінші өнеріммен сыйлы болдым. Сыныптастарымның да, ұстаздарымның да маған деген көзқарасы жақсы болды. Басқа оқушыларға қарағанда орным бөлек еді. Себебі, түрлі өнер сайыстарына қатысып, үнемі жүлделі орындар алып келетінмін. Сабақтан да ұстаздарым көп көмектесіп жіберетін. Мектептегі көшбасшылардың бірінен болдым.

- Өнер жолы әйел заты үшін ауыр деп жатады. Оны көтеру әйел түгілі, ер адамдарға да оңай емес дейді. Әсіресе, үнемі әдемі болып, сәнді киінетін, мүсінінде мін жоқ әнші қыздарға деген көзқарас да басқашалау болады деген сөз бар халық арасында. Осы жолда сізге қырын қарап, я болмаса бейәдеп ұсыныстар айтқан  ер адамдар болды ма? Жалпы, көп пе ондайлар?

Жоқ, енді қыз бала болғасын, оның ішінде өнерде жүрген соң әдемі болуымыз керек. Оның үстіне әке-шешемнен дарыған мүсінім бар. Ол маған генмен келген. Жаттығу залынан шықпай, түрлі диеталарды ұстанатындардың қатарынан емеспін.

Менде барлығы табиғи. Жалпы қыздың жолы өзі ауыр ғой, ал өнерде одан да ауыр. Сондықтан қасымда әрқашан жанашыр жандарым жүреді. Отбасым, бауырларым, продюсерім, ағайындарым, достарым мен ата-алдымнан жақсы адамдар көп шықты. Сол себепті ондай дүниелерден аулақпын. Әрине, маған көз салып, сыйлықтарын бергісі келіп жататын ер азаматтар өте көп. Өнерімді сыйлап қабылдап жатса, әрине мен олармен араласамын.

Ал бірақ ондай жаман ешнәрсе көрген жоқпын, шүкір. Өзімді сыйлайтын жандар қасымда өте көп. Соны ішінде ер-азаматтар да үнемі құрмет көрсетіп, сыйлап жатады.

- Төреғалимен бірге айтқан  «Алло» әні сізге не берді? Халықтың ықыласына бөленіп, бесіктегі баладан, еңкейген қарияға дейін осы әнді сүйіп тыңдайды. «Еркенің бағы осы ән арқылы жанды. Оған дейін танымалдылыққа қол жеткізе алмады» деген сөздерді мойындайсыз ба?

Жоқ, бұл сөздерді мойындай алмаймын. Өнерге жарты жолдан келген жоқпын. Төреғали Төреәлінің жеке әнші болып шыққанына үш жыл болды. Мен де өзімнің жеке шығармашылығымды қолға алып, Ерке Есмахан болып жеке жоба болып жүргеніме үш жыл болды. Бірақ мен оған дейін топта жұмыс жасадым. Оқу оқыдым. Танымалдылыққа Төреғалиға дейін қол жеткізе алмадым деп айта алмаймын. Өйткені мен оған дейін жеке әнші емес, топта ән айттым. Осы үш жылдың ішінде қол жеткізген жетістіктерім кем емес, құдайға шүкір.

«Асыл арман», «Айша бибі» секілді әндерімді жұрт білмейді деп айта алмаймын. Сол сияқты «Алло» әнінің де өзінің орны бар. Бірақ, бұл әнге дейін танымал болған жоқ деген әңгіме бір кісілердің сандырағы, оған көңіл бөлмеймін. Халық өзі біліп, шешіп жатыр. Біреудің сандырағы маған керек емес, мен тек алға ұмтыламын.

- Тағы да Төреғалиға келер болсақ, отандық бағдарламалардың бірінде Төреәлі мырза «Сәлеметсіз бе?» әнін Ерке мен Төреғали айтқанын білмедім, олар маған айтқан жоқ. Менен келіп ешкім рұқсат сұраған жоқ деген пікірін айтып қалған болатын. Осыған қатысты, не айтасыз? Бұл әннің болашақтағы тағдыры қандай? Бейнебаян түсіру ойда бар ма? Әлде Төреәлі мырза бұған өз «батасын» бермеді ме?

Төреәлі мырза Төреғалидің продюсері. Ал өзінің жобасы, қол астында жұмыс жасайтын туған ұлының қандай әнді, кіммен айтатынын продюсері білмесе, бұл жерде менің кінәм жоқ. Мүмкін әкесіне айтпаған шығар, мүмкін айтқан шығар. Мен оны білмеймін. Бұл жерде Төреғали екеуімізге ұсыныс жасаған «Ұлы дала жобасының» продюсері Жан Мұқанов мырза. Сол кісінің ұсынысымен жазылған ән болды. Бәлкім, Төреғали әкесімен ақылдаспай, өзі жазып тастамаған шығар. Білмеймін, мен оған қатысты ешнәрсе айта алмаймын. Бірақ, бұл әнге бейне баян түсірілмейді деп ойлаймын. Себебі, уақыты өтіп кетті.

- Қазір адамның танымалдылығы, сұранысқа ие екендігі көбіне әлеуметтік желілер арқылы білініп жатады. Желіде 1,5 млн адам сізді оқиды. Бір бұқаралық ақпарат құралының рөлін өзіңіз жалғыз атқарып жүрсіз. Өзіңізге жүктелген жауапкершілікті сезінесіз бе?

Әрине сезінем, ватсапқа қаншама ұсыныстар, қаншама адамдар директорыма жазады. Ұсыныстар, тілектер, баталар барлығын да көріп, үнемі бақылап отырамын. Қаншама жастарға үлгі болып жүрмін. Қыздарға, әсіресе. Сондықтан жақсы нәрсе жазуға, өзімді жақсы жағымнан көрсетуге, үлгі болуға тырысамын. Әрине жауапкершілікті сезінемін. Маған үміт артқан үлкен кісілердің үмітін ақтауға тырысамын.

- «Әйел бақыты» атты әніңізге түсірілген бейнеябаяннан актер Тәуекел Мүсілім көрініп қалды. Жалпы, «Сәлем, Қазақстан» жобасында да үнемі біргесіз. Жұрт Тәуекел мен Еркенің арасында не бар деп түрлі өсек-аяң айтып жүр. Сұрақты төтесінен қояйық, араларыңызда не бар?

Тәуекелмен өте жақын қарым-қатынастамыз. Біз бірге жұмыс жасаймыз. Иә, менің досым әрі өзі әдемі сымбатты жігіт болғандықтан, клипке сондай жігіт керек болды. Сондықтан Тәуекелге ұсыныс жасап ем, ол келісімін берді. «Сәлем, Қазақстан» жобасының екі маусымын бірге жүргіздік. Арамызда не болуы мүмкін? Тек қана шығармашылық бар, болды.

- Сіздің жеке өміріңіз жеке болудан кеткелі қашан. Сіздің әрбір қимылыңыз аңдулы, әр айтқан сөзіңізді қағып алып, әңгіме қылатындар да баршылық. Мынадай сұрақ туындайды. Толассыз гүлдерді кімнен аласыз? Жалпы, төсегіңізді гүлмен көмкеріп тастайтын жігіт кім? Ол болашақ жарыңыз ба?

Жоқ. Менің жігітім жоқ. Өздерінің көңілдерін білдіріп, менімен бас қосқысы келетін жігіттер өте көп. «Бірге қол ұстасып жүрейік» деп ұсыныс айтатындар да баршылық. Сол кісілерден гүлдер, сыйлықтар алып жатамын. Ал бірақ менің өмірімде жүрегімнен орын алған жігіт әлі жоқ. Енді қыз бала болғандықтан, тосынсыйлар көп жасайды. Оларға жауап бермесем де, олардың мұндай лебіздерін жылы қабылдаймын.

- Танымал тұлғасыз, үнемі гастрольдер, бітпейтін жол жүру, бет күтімі, тері күтімі, бетті әрлеу, сәндеу, тойлар – сіз шаршамайсыз ба? Қолды бір сілтеп, бәрін тастап кетіп қалғыңыз келген кездер болды ма?

Ешқашан тастап кеткім келген кезім болған жоқ. Себебі, мен өнерді жақсы көремін. Тек қана бір үзіліс жасаған кезім болды. Ол - өзімнің ұлым Мүсілімді дүниеге әкелген кезімде. Мен ешқашан шаршамаймын. Шаршаудан құдай сақтасын. Керісінше, осы өнерде жүріп, әнімді айтып, той-томалаққа барып, әрлі-берлі ұшып жүру мені қанаттандырады, одан сайын шабыттана түсемін.

- Ең қымбат сыйлығыңыз қандай? Мысалы, өткенде Серікбол Сайлаубекке аз ғана уақыттың ішінде 10-нан астам көлік сыйлапты. Осындай бағалы сыйлықтар қаншалықты көп түседі және кімнен?

Сыйлықтарымды айтып мақтанғым келмейді. Қымбат сыйлықтар өте көп. Бірақ оларды елге жар салып, айтқым келмейді.

- Instagram желісінде түрлі киімдерді жарнамалап жатасыз. Жарнамалар алдында оның сапасына кепіл бере аласыз ба?

Иә, мен Instagram  арқылы өзіме қажетті нарселерді алып тұрамын. Жарнама өте көп келеді. Солардың ішінен жақсыларын іріктеп алып, тек сапасына көзім жеткен дүниелерді ғана жарнамалаймын.

- Нәпақаңызды тойлар мен осындай жарнамалардан тауып жүрмін деген болатынсыз отандық бағдарламалардың бірінде. Айлық табысыңыз қанша?

Менде айлық табыс жоқ. Бұйырғаны деп жүреміз. Бірақ, жарнамадан өте көп пайда көремін.

- Қазір ұлыңыз ата-анаңыздың қолында. Өзіңіз оған, тәрбиесіне көңіл бөле алмай жүрмін деп іштей қынжыласыз ба? Баланы жалғыз өсіру сіз үшін қиын ба? Әкесі оған алимент төлей ме?

Ешқандай алимент төленбейді. Ол кісі ұлын іздемейді. Ал ұлым ата-анамның қолында тәриеленіп жатқанына мен өте қуаныштымын. Өйткені мен де сол ұядан тәрбие алғанмын. Үйімдегі бауырларым да. Сондықтан менің ұлым ешқандай жалғызсырап жүрген жоқ. Тәрбиеге көңіл бөле алмаймын деп қорықпаймын, себебі олардың берген тәрбиесін ешқандай мектеп, ешқандай оқу орны бере алмайды.

- Жуырда ikerim.kz сайтына бұрынғы жарыңыз Асхат Садырбайдың анасы сұхбат беріп, сіз туралы бірқатар пікірлер айтқан болатын. Мәселен, ол Асхаттың сізге қол көтеруі мүмкін емес екенін айтты. Ерке сәл артықтау кетті деген ол сіздің Асхат үшінші рет үйленді деген сөзіңізді де растамады. Ерке сабырлы бола алмады деген пікірлер айтты. Бұған не дейсіз? Осыған өзіңіз нүктесін қойыңызшы.

Қандай ана өзінің баласын жаман деп айтады. Бұл сұхбат ана баласы үшін жалған сөйлеген сұхбат болды. Бұл жерде мен ешқандай да нүкте де, үтір де қоя алмаймын. Бәріне тек Алла куә. Алла ұлық, ол бәрін өзінің орнына қояды. Мен Асхатты қойып, енді оның анасымен сөзге келіп, анау, мынау деп айта алмаймын.

- Ата-анаңыз сіздің отбасыңыздың бұзылуын қалай қабылдады?

Ол туралы егжей-тегжейлі ештеңе деп айта алмаймын. Ол  - тағдыр, Алланың бұйрығы. Бұл некеден алған жалғыз бақытым - ол Мүсілім. Аллаға сол үшін шүкіршілік етем. Рахмет айтамын.

- Өзіңіздің өмір жолыңыздан, аналық тәжірибеңізден сізді үлгі тұтатын қыздарға қандай кеңестер берер едіңіз, әнші емес, жай ғана қарапайым әйел адам ретінде?

Мен кеңес беретіндей жағдайға жеткен жоқпын. Өзім әлі бір сүрініп, бір тұрып, бір құлап, бір жүгіріп, бір ұшып жүрген адаммын. Сондықтан ешкімге ешқандай кеңес бергім келмейді. Әр адамның тағдыры әртүрлі. Әр адамның өмірі әр түрлі. Біреу біреудің кеңесін тыңдай алмайды. Адамның басынан сынақтар өтеді. Жүретін жолы болады. Сонда ғана түсінеді. Маған да бұрын елдер ақыл айтатын. Мен соған құлақ асуға тырысатынмын. Бірақ, өзімнің басымнан өткеннен кейін ғана барып, барлық нәрсені өмірдің сынағы да қатар жүретінін түсіндім.

- Әңгімеңізге рахмет!

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1348996-erke-esmakhan-el-kokeyinde-zhurgen-sura.html