RU

Тасмағамбетов ел тәуелсіздігі туралы жан тебірентерлік сөз сөйледі

15 желтоқсан күні Астанада президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Онда премьер-министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов сөз сөйлеп, Тәуелсіздік туралы өз ой-толғамын ерекше тебіреніспен жеткізді деп хабарлайды NUR.KZ порталы.

«Иә, адам үшін алаңсыз өмір бір бақыт болса, халық үшін тәуелсіз болу – мың бақыт! Ал «бақыт» дегеніміз орындалған ақ арман. Ашығын айту керек. Бұл жолғы бақ – біздің маңдайымызға бұрын-соңды қонбаған бақ. Оған осынау сайын даламыздың көзі, әз аталарымыздың сөзі, ақбас тарихтың өзі куә. Өз алдына ел боламын деген халқымыздың сонау Түркі қағанатынан жалғасқан 15 ғасырлық тамыры, 1500 жылдық ғұмыры куә», - деп атады Иманғали Тасмағамбетов.

Тасмағамбетов VI ғасырдағы Көк түркілер заманынан бері Ұлы Далада ізі қалған қағанаттар мен хандықтарды 128 қаған мен хан билегенін айта келе, олардың ешқайсы елінің шекарасын шегелей алмағанын айтты.

«Ешқайсы еліне қауіп төнбейтіндей етіп, бәрімен келісім жасай алған жоқ. Ешқайсы елінде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заман орнатып, татулыққа ұйыта алған жоқ. Ешқайсы мемлекетін әлемнің алты құрлығына бірдей мойындата алған жоқ. Ешқайсы барша адамзат баласын ымыраға шақырып, келісім сөзін жүргізе алған жоқ. Ешқайсы ешқашан мызғымас астанасын сала алған жоқ. Ал, елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осының бәрін бір өзі жасады», - деді вице-премьер Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде.

Иманғали Тасмағамбетов халықты елдің бірлігі мен бейбіт тірлігін сақтауға үндеді.

«Мұндай дәуірлі ой мен дүбірлі істердің түбінде бір ғана бөлек дүние – әрбір қазақ күні-түні қаперінен шығармай, іштей тәубе ететін, елбасымыз әр сөзінен тастамай, айтып жүретін ұлы құндылық жатыр. Ол – елдің амандығы. Бірлігі мен бүгінгі бейбіт тірлігі. Берекесі мен ырысы», - деп сөзін жалғады вице-премьер Тасмағамбетов.

Тағы оқыңыздар:

Назарбаев: Биліктегі өкілеттікті қайта бөлу мәселесін қарайтын уақыт жетті

Назарбаев зейнетақы мен жәрдемақы көлемін ұлғайтуды тапсырды

Таиландта демалыста жүрген қазақстандық турист қаза болды

Қостанайлық келіншектің несиеге алған iPhone-ны жарылып кетті

Төреғали желіде тарап кеткен жағымсыз суретіне қатысты жауап берді

Ұлын бір айда үш медаль алды деп мақтаған Қайраттың анасы сынның астында қалды

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1349950-tasmaghambetov-el-taulesizdigi-tural.html