RU

Желтоқсанда алаңға шыққан бойжеткен мектепте еден жуушы болып жүр (фото)

Тәуелсіздік мерекесі осыдан 30 жыл бұрын орын алған Желтоқсан оқиғасына тұспа-тұс келеді. Қазіргі таңда, бұл оқиғаға қатысып, алаңда "Менің елімді" әндеткен жастар туралы көптеп айтылып жүр. Назарға бұрын жарияланбаған есімдер, бұған дейін айтылмаған әңгімелер іліге бастады.

NUR.KZ-тің бүгінгі кейіпкері - бұл оқиғаға өзінің қатысы барын 22 жыл бойы жасырып келген, "Желтоқсан оқиғасының" куәгері әрі қатысушысы Мадалбаева Райхангүл. Біз оны Алматы облысындағы мектептердің бірінде еден жуып жүрген жерінен  таптық.

Райхангүл - ұйғыр қызы. Ол басқа студенттер сияқты елмен бірге Алматыға білім қуып келген. Оның әкесі қызының білім алып, тігінші болса да өз нанын өзі жеп жүргенін қалаған. Бірақ, әке арманы орындалмады.

"Сол кезде Алматыдағы АХБК  училищеде оқимын. 19 жастамын. Ол күні оқу меңгерушісі қыздарды түгел үйіне қайтарып жіберді. Бірақ мен неге екенін сол күні үйге қайта алмадым. Достарым алаңға шығып "Менің Қазақстаным" әнін әндетіп, ұрандатып қайтамыз деді. Мен де олармен бірге баруды ұйғардым. Барғым келді де тұрды", - деп әңгімесін бастады Райхангүл.

"Содан елмен бірге алаңға шықтым. Жастар өте-өте көп болды. Барлығымыз ән айтып, орталық көшемен жүріп өттік", - деді ол.

"Осындай жайбарақат қалпымызды кенеттен бізге тап берген әскерилер бұзды. Бұған дейін бізге сол жердегі милиция өкілдері "Жастар, қайтыңдар! Біз сендерді аяп тұрмыз. Жассыңдар, үйлеріңе тарасыңдар.  Одан да жаман болады, әйтпесе", - деп ескерген болатын. Бірақ үйіне тарасып ешкім үлгермеді. Біреулер келіп алаңдағы жастарды жаппай соққыға жыға бастады. Мен де елмен бірге жапа-тармағай қаша жөнелдім. Мен қашып кетер едім. Кішкентай кезімнен спортпен шұғылданғанмын. Сондықтан қашып кетуге қауқарым жетер еді. Бірақ, ол кездегі адамдар өте мейірімді, бауырмал, бір-бірін қайғыда тастап кетпейтін болды ғой, қарасам жанымда бір бейтаныс қыз аяғы шалынып жерге етпетінен бір-ақ құлады. Оңбай құлап түсті, сол қызды тартып, оған бөгеліп қалғаным сол екен басыма соққы тиді", - деді ол.

Одан кейін Райхангүл не болғанын білмейді. Көзін ашса айдалада жатыр екен. Жан-жағына да қарауға шамасы келмеген қыз көзіне көрінген автожолға қарай сүйретіле жөнеледі. Осылайша, ол әупірімдеп жүріп үйіне жетеді.

Оның бұл халін көрген ата-анасы қызын  үйден шығармай бір жылдай отырады. Қызының тағдырына алаңдаған қыздың әкесі одан өмір бойы бұл оқиға туралы тіс жармау туралы уәдесін алады. Бүгінде мектеп қабырғасында еден жуып жүрген Рая 30 000 теңге айлық алып отыр. Үш баланың анасы атанған Рая денсаулығы бойынша да өмірде көп қиындық көрген екен.

"Бірнеше рет ота жасатқанмын. Денсаулығым нашар. Жолдасым да, өзім де өте аз айлық аламыз. Оның бәрі емімізге кетеді", - деді ол.

"Мен енді бұл оқиға туралы біреуге айтқым келмеген. Әкем айтқан өле-өлгенше сырды өзіңмен бірге сақта деп. Мектепте жүріп бір күні тарихшы апаймен сөйлесе қалдым. Қатты шаршап кетсем керек, "Ех, сол кездегі оқуым болғанда", - деп қалдым. Зиядаш есімді мұғалім менен қояр да қоймай жүріп, бар сырымды біліп алды. Ол кісіге рахмет, мектептегілер маған басқаша көзбен қарап, сыйластық таныта бастады. Жұмысым да қиын емес. Аз ғана жерді жуам, сол кейде денсаулығым сыр береді. Сол желтоқсанда қатты суықтап қалған болуы керек", - деп күрсінді ол.

22 жыл бойы өзінің әкесіне берген уәдесін берік сақтап, ешкімге тіс жармаған келіншек әлі күнге дейін желтоқсанның ызғарын ұмытпағанын айтады. Барлығы көз алдымда. Сондықтан болар, Алматының іргесінде тұрып, Алматыға барғым келмейді. Өзім оқыған АХБК жаққа да бармаймын. Алаңға да өмір бойы содан кейін бас сұқпадым. Өрімдей жас қыздар елестейді көз алдыма. Бұл күн  кейде маған азалы, қаралы күн болып көрінеді. Ал былай барлығы да жақсы. Тәуелсіз елміз. Тату-тәттіміз. Бір тілерім, ешқашан соғыс болмасын, ешқашан қыздарымызды қорламасын. Осы бейбіт күнімізді алтындай аялайық", - деді Райхангүл.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.

Тағы оқыңыздар:

Ерке Есмахан: Асхатты қойып, енді анасымен дауласқым келмейді

Назарбаев: Биліктегі өкілеттікті қайта бөлу мәселесін қарайтын уақыт жетті

Назарбаев зейнетақы мен жәрдемақы көлемін ұлғайтуды тапсырды

Елімізде мереке күндері 36 градус аяз болады

Ақтөбелік тұрғын Сапарбаевты қол астындағы қызметкерлері алдап отырғанын айтты

Павлодарлық кәсіпкер 4 жетім балаға төрт бөлмелі пәтер сыйға тартты (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1350287-zheltoqsanda-alanhgha-shyqqan-boyzhetken.html