Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкенттік әнші Маржан Тұрлыбаеваны бауырына басып, кейін үйінен қуып жіберген (фото)

Опубликовано:

Өмір бойына Түркістан қаласындағы жындыханаға тоғытылған соң жұрттан араша сұраған Маржан Тұрлыбаеваның есімі ел есінде. «Көп түкірсе – көл» демекші, әділдік орнап, бойжеткен бостандыққа шықты. Арада аз уақыт өткенде шымкенттік дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаева өрімдей жас қызды өз қамқорлығына алғанын да білеміз. Жаңа отбасында жаңа өмір бастаған бойжеткеннің бүгінгі жағдайы қалай? Бұл сұраққа жауап алу үшін өңірдегі NUR.KZ тілшісі Маржан Тұрлыбаеваның өзімен сұхбаттасты.

- Маржан, сенің жағдайыңа алаңдамаған қазақстандық жоқ шығар, сірә?.. Түркістандағы әлеуметтік мекемеден шыққаннан кейінгі өмірің жұрттың көкейіндегі сауалдардың бірі болып отыр. Нендей өзгерістер орын алды?

- Түркістаннан шыққан соң жағдайым кереметтей өзгеріп кетті дей алмаймын. Бастысы, бостандыққа шықтым. Ел-жұртпен араласа бастадым. Өздеріңіз де білесіздер, мені Наркенже есімді әнші қыздарыңыз өз қамқорлығына алды. Жеті айдай сол кісімен бірге тұрдым. Алғашында ара-қатынасымыз жақсы болып жүрді. Тек үш айдан соң арада кикілжіңдер туа бастады. Тіпті кейде түнгі уақытқа қарамастан үйінен қуып жіберетінді шығарды.

- Кикілжіңнің шығуына белгілі бір себеп болған шығар?..

- Әрине, мен бәріне Наркенже Серікбаева кінәлі дей алмаймын. Шапалақ та екі алақансыз шықпайды ғой. Оның үстіне мен өмірімнің қаншама жылын жабық мекемеде өткізгенмін. Қоғамға сіңісіп кетуіме де біраз уақыт керек. Алғашында оның жасөспірім қызымен сөзге келіп қала бастадым. Сонда қызы «сен анамның арқасында жындыханадан шыққансың» дегенді шығарды. Үйден қуып жіберген соң менің тағдырыма бей-жай қарай алмаған және менің жанайқайымды бірінші болып көтерген журналист Гүлжан Байназарованың үйіне келдім. Екі-үш күн сонда жүріп, ашуым тарқаған соң Наркенже апайға хабарласып, сол кісінің үйіне қайта бардым. Себебі "ел ол жаққа да сыйыспады демесінші" деген ой болды. Уақыт өте Наркенже Серікбаеваның өзімен де сөзге келіп қала бастадым.

Арада түсініспеушілік болған сайын ол кісі «Сен кім едің? Менің арқамда адам болған едің» деп менің өмірімді бетіме баса беретінді шығарды.

Тағы да журналист Гүлжан әпкенің үйіне кетіп қалдым. Алайда журналист әпке Наркенжеге өзі хабарласып, екеумізді татуластырды. Шығып бара жатқанымда журналист: «Маржан, отбасы болған соң ондай-мұндай боп тұрады. Сенің өзің Наркенжені таңдадың екен, енді шыда. Маған екеулеріңнің тату-тәтті өмір сүргендерің керек. Енді менің үйіме келуші болма» деп шығарып салды. «Енді бәрі жақсы болатын шығар» деген оймен жаңа отбасымның үйіне тағы бардым. Бірақ, ол қуанышым да көпке созылмады. Тағы да ұрыс туып, біржолата кетіп тындым. Кеткенде былай, кезекті бір жанжалдан соң Наркенже апай менің Түркістандағы мекемеде танысқан бір танысыма хабарласып, одан мені өзімен бірге алып кетуін сұранған екен. Мен кетерімде ешбір жанжал шығарғым келген жоқ, Наркенжемен жылы қоштасып кеттім. Түркістанда орналасқан жындыханадағы бір қызметкердің үйінде бір жарым айдай жүрдім. Кейін Шымкентке қайта келіп, қазір журналист Гүлжан Байназаровамен бірге тұрамын.

- Сені өз қамқорлығына алған әншімен бүгінде араласып тұрасың ба?

- Инстаграм желісіндегі парақшасында менің намысыма тиетін сөздер жазып, тіпті мені "жеңіл жүрісті" деп көрсеткен адаммен қалай араласуым керек? Соңғы кеткенімнен кейін ол үйге қайта бармадым. Мен Түркістанда жүргенімде құжатым Наркенже апайда болатын. Сенесіз бе, Наркенже апай мені шығарып саларда қолыма тіпті жолыңа деп те бір тиын беруге шамасы жетпеді. Алайда ол кісі анасының тойын жасайтын кезде менің есепшотымнан 600 мың теңгені қарызға алған. Өткен жылдың желтоқсанында қайтарып беруі тиіс еді. Бірақ, қайтармады. Жақында наурыз айында өзінің жеке кешін беретінін, содан түскен қаржыға менен алған ақшамды қайтаратынын уәде етті. Негізі мен  ақшамды уәделі уақытында ала алмаған соң құзырлы мекемеге арызданамын дегенмін. Журналист Гүлжан әпкем «Оның да жағдайын түсін, жағдайы келмей жатқан шығар. Шу шығармай-ақ қой» деп кеңесін берген. Енді уақыт көрсетер. Егер наурызда қайтарып алмасам, шағымдануыма тура келеді. Өйткені мен диплом алмақ түгілі, мектепті толық бітіргенім жоқ. Онсыз еш жерге жұмысқа тұра алмасым анық. Жерде жатқан ақша жоқ, күнделікті жүріп-тұруымның өзі қаншама қаржыны талап етеді.

- Дәл қазіргі таңда құжатың қолыңда шығар?

- Иә, оның өзін қайтарып алуым бір жыр болды. «Құжатыңды алып кет» деп үйіне шақырған Наркенже апай «осында тұра бер» деп айтты. Алайда мен қала алмадым. Өйткені қаншама ұрыс, маған ауыр сөздер айтылды. Жуырда ғана құжатым қолыма тиген соң ол үйден киімдерімді алып келдім. Айтпақшы, Наркенже апайдың үйінде жүргенімде мен ол кісіге мектепте оқып, қолыма аттестат алғым келетінін, сол үшін көмек беруін өтінгенмін. Мектепке орналастырмақ түгілі, тіпті үйіне тіркеген де жоқ. Әлі күнге дейін менің тұрғылықты мекенжайым Түркістандағы мекеме деп көрсетілген. Жуық арада журналист Гүлжан Байназарова өз үйіне тіркеуге қойдырмақшы.

- Ал қазіргі жағдайың қалай?

- Бастысы, менің жанымды түсінетін адамның қасындамын. Себебі менің тағдырыма алаңдап, мәселе көтерген де журналист Байназарова болатын. Шүкір, қазір кеш болса да мектепке барып жүрмін. Мектепте білім алуға рұқсат алғанымда қуанғанымды көрсеңіз. Жабық мекемеде тек жалғыздықты сезінген мен қазір өз қатарластарыммен бірге білім алып, түрлі тақырыпта әңгімелесеміз. Қоғаммен етене араласуға мүмкіндік бар.

- Сен туралы елдегі барлық БАҚ жазды десем, қателеспейтін шығармын. Қазіргі таңда қоғамның саған деген көзқарасы қалай?

- Көбі танып, «Сен Маржан емессің бе?» деп жатады. Басым көпшілігінің сұрайтыны, «Анаң не болды? Қамалды ма?» деп сұрайды. Әрине, мен үшін бұл ауыр сұрақ... Мен бірденен ортаға сіңісіп кеттім дей алмаймын. Әлі де «адаптация» керек маған. Жабық мекемеде әбден тыныштыққа үйреніп қалғанмын ғой. Сонымен қатар бағыт-бағдар беретін адамсыз да қиын. Болашақта барлығына жалғыз өзім қол жеткіземін дей алмаймын. Өзіме әлі де сенімсізбін.

- Болашақта қандай маман иесі болғың келеді?

- Мен бала күнімнен актриса болуды армандайтынмын. Ал бүгінде журналист те болғым келеді. Неге дейсіз бе? Себебі мен әуелі Алланың, сосын журналистер мен халықтың арқасында ел қатарлы өмір сүріп отырмын. Журналистер секілді мен де болашақта өзгелерге өз пайдамды тигізсем деймін.

- Қанша ауыр тигенімен, анаңыз туралы біздің де білгіміз келіп отыр...

- Ол кісімен мүлдем араласпаймын. Дегенмен амандығын тілеймін. Бауырларыммен (автор: әкелері бөлек) бақытты өмір сүре берсін. Бастысы, маған тиіспесе болды. Және де анамның үстінен шағымданбаймын. Барлығына бір Алла куә, жазасын өзі береді.

- Ал әкеңмен араласып тұрасың ба?

- Осы уақытқа дейін биологиялық әкем менің өмірде бар екенімнен мүлдем хабарсыз болған екен. Анам жас кезінде аяғы ауырлап, кейін екеуі екіге айырылысып кетіпті. Әкемнің айтуы бойынша анам жүкті екенін айтпаған. Жуырда әкеммен кездестім. Бүгінде тек сөйлесіп тұрамыз. Ол кісіден ешқандай көмек күтпеймін. Оның да өз өмірі, отбасы бар.

- Соңғы сұрақ, сенің тағдырыңа алаңдаған қазақстандықтарға айтарың бар ма?

- Әрине, шексіз алғыс айтамын. Егер де күллі ел көтермей, тек бір-екі адам ғана менің тағдырымды талқылап қоя салғанда сізге бұлай сұхбат беріп отырмас па едім?.. Түркістандағы мекемеде жатқанымда талай құзырлы мекемелерге көмек сұрап хат жаздым. Біреуі келіп менің жағдайымды сұрап, алаңдаған жоқ. Сол кезде менде елімізде әділдік бар деген үміт сөнді. Тіпті кейде Қазақстанда менің жанымды түсінетін бір адамның болмағаны қалай деп те қатты қиналдым. Шыны керек, Гүлжан әпкеден соң танымал тележүргізуші Жанат Бақыт, әнші Алтынай Жорабаева мен көптеген қазақстандықтар қолдау білдірді. Қысқасы, жұрт әділдік үшін атсалысып, ұлтымыздың қандай бірлікте, ауызбіршілікте екенін көрсете білді. Үлкен рахмет сіздерге!

- Сұхбатыңа рахмет!

P.S. Бұл жағдайдан соң Маржан Тұрлыбаеваны өз қамқорлығына алған әнші Наркенже Серікбаеваға хабарластық. Өнер иесі Маржанмен бірге тұрып жатқан жоқтығын растады. Алайда басқа сауалдарымыз өнер иесіне ұнамаған болу керек, телефон арқылы сұхбат беруден бас тартты. Сәті түссе, алдағы уақытта Наркенже Серікбаевамен сұхбаттаспақ ниеттеміз.

Тағы бір қызығы, өнер иесі өз сөзінде жуырда NUR.KZ порталында Маржан Тұрлыбаева туралы жарияланған материалдан соң бойжеткен әншіге хабарласып, порталға деген біраз ренішін жеткізгенін айтты. Ал Маржанның өзі бұны жоққа шығарып отыр.

Материал ҚР заңымен қорғалған. Материалды көшіріп басуға және кез келген бөлігін алуға рұқсат етілмейді. 

Тағы оқыңыздар:

Кореяға жұмысқа тұру үшін барған жүзге жуық адам оңбай алданып қалды

Түркияда "Ислам мемлекетіне" арналған журнал жарық көруде

Оңтүстікте құлдыққа түскен жігіт екі аяғынан айырылды

Димаштың видеосы аз ғана күнде 10 миллионнан аса қаралым жинаған (фото)

Алматыда өртке оранған үйден екі адамның мәйіті табылды

Алматы облысында зорланған Жібек Мусинованың ісі тағы үлкен жанжалмен аяқталды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1409649-segiz-zhylyn-zhyndykhanada-otkizgen-mar-5/

pixel