Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қуат "Найман": Шындықты айтатын адамдардың депутат болуы екіталай

Опубликовано:

Қалың жұртшылыққа «Найман» деген лақап атпен танымал, ережесіз жекпе-жек өнерінің майталманы Қуат Хамитовтың ел-жер туралы желідегі жазбалары қазақ қоғамында қызу пікірталас тудырып жүр. Ол - өз ойын ашық айтатын және оны елмен бөлісіп жүрген бірлі-екілі спортшылардың қатарында. NUR.KZ порталы елінің ертеңіне бей-жай қарай алмайтын спортшымен сұхбаттасып, оны тағы қандай мәселе толғандырып жүргенін сұрап білді.

- Спортшылар елде болып жатқан оқиғаларға қатысты өз ойын сирек білдіреді. Ал сіз парақшаңызда пікіріңізбен ұдайы бөлісіп отырасыз. Соңғы жазбаңызда депутат Альберт Рауға неліктен шүйліктіңіз?

- Мен Альберт Рауға ғана шүйліккен жоқпын. Жалпы сол депутаттық креслоға жайғасқан мырзалардың бәріне көңілім толмайды. Өйткені депутат болған әр адам халықтың жағдайын жақсартатын, нақты бір мәселені шешуге бағытталған бағдарламасымен келуі тиіс. Егер оған дайын болмасаңыз, «мен ешқандай пайда келтіре алмадым, маған кетуге рұқсат етіңіздер» деп өз жөніңізбен кетіңіз. Күні бойы шалбарыңыз қыртысталып қалғанша отыра бермеңіз. Бұл бәріне де қатысты. Егер жалғыз адам жай ғана ми батпақтан әлемдегі мықты экономикасы бар елге (Сингапур) айналдыра алса, онда неге құдайдың өзі берген байлыққа толы елде адамдар әрекет жасамайды? Бізде неге жұмыссыздық көп? Неге қызыл диплом алғандар базар жағалап жүр? Неге әр қазақстандықтың басында баспана жоқ?  Мен оларға үй сыйлаңыз деп отырған жоқпын, жұмыспен қамтыңыз. Тоқтамай айтуға болатын көп мәселе бар. Және де оларды шешуге болады, әрине, егер өз халқын сүйетін нағыз азаматтар болса. Меніңше, осы уақытпен өмір сүретін кез келді. 2050 жылды күтудің қажеті жоқ. Мәселені тап қазір осы жерде шешу керек. Депутат болуға халқы үшін жанын бере алатын адам ғана лайық.

- Елдегі оқиғаларға құлағыңызды түріп жүретін спортшы ретінде ҰБТ сұрағының жауаптарына енген жұлдыздарға қатысты шу болғанын білетін шығарсыз. Нұртас  Адамбай мен Баян Есентаеваның тест сұрақтарының жауабында жүргенін өз басыңыз қалай қабылдадыңыз?    

- Нұртас пен Баянды тест сұрағының жауабына қосқан адамдардың ойы терең емес екенін көруге болады. Елімізде тыр жалаңаш қыздарды билетіп, ешкімге керек емес байқау өткізіп,  анаумен де, мынаумен де соғысқан адамдарды біз жас бүлдіршіндердің тестіне қалай қосамыз? Біздің қазақтың жас балаларына ол қандай тәрбие? Елімізде айтарға тұрарлық тұлғаларымыз өте көп. Неге сол тесттің бір сұрағында Қанат Ислам бауырымыздың ерлігін атап өтпеске?! Ол миллиардты жалғыз қазақ болып мойындатып, Қытайдың пәтеріне, миллион долларлап берем деген ақшасына карамай, ұлдарының қазақ болып өсуіне мән беріп, бәрін тастап елге келгенін неге жазбасқа?! Бүкіл Жетісу өңірінің барлық спорт түріне араласқан жастарға қолұшын беріп, талайды чемпион жасаған, тегін спорт мектебін ашқан, ауылға шетелден мұғалім әкеліп, қара домалақтарға еңбегі тиген Бауыржан Оспанов ағамыз туралы неге айтпасқа?!

- Қолында билігі бар шенеунік, мысалы министр болсаңыз халыққа қандай жақсылық жасар едіңіз?                         

- Еліңе көмектесу үшін депутат немесе министр болу міндет емес. Ең бастысы - еліңді сүйіп, оның өркендеуі үшін еңбек ету.  Министр болсам еліме ең бірінші көмегім қарттарды зейнетке ерте шығарар едім, аурухана мен дене тәрбиесі мектептерін тегін жасап, әр жаңа туған нәрестеге 1 миллион теңге, үй салатын жерін, жаңа отбасын құрған жастарға үйін, жұмысын тауып берер едім. Ауыл шаруашылығының дамуына бар күшімді салар едім, сол бағытта еңбек етем деген  жастарға пайызсыз кредит берер едім. Елден шығып жатқан көмір, газ, жарықты халыққа тегін қылар едім. Әр қазақтың бітпей жүрген шаруасын шешер едім. Бірақ мен үшін осының бәрін атқару үшін министр болу шарт емес.

- Боксшы Серік Сəпиев депутат болды. Сіз де бәлкім болашақта саясатқа келерсіз?

- Шындықты айтатын адамдар ешкімге ұнамайды және олардың депутат болуы екіталай. Депутат болу арман емес, еліміздің өркендеуі арман ғой бізге!

- Қуат, Сіздің «Найман» деген лақап атыңызды кей адамдар қабылдай алмайды. Бұл туралы не айтасыз?                       

- Мен үшін найман болсын, керей болсын, адай болсын, әр қазақтың қара домалағы - жалғызым. Сол себептен бөлінуге болмайды. «Найман» деген лақап атым ұнамайтын адамдарға айтарым, тарихты оқып, олардың қалай Шыңғыс ханның өзімен шайқасқанын, Қаракерей Қабанбай сияқты аталары осы елден шыққанын білсе, ойы өзгереді деп ойлаймын.

Тағы оқыңыздар:

Путиннің АҚШ президенті Трамптан әбден көңілі қалған

Қанат Ислам Байбекке өзінің былғары қолғабын сыйға тартты (фото)

Әйгілі Олимпиада чемпионы қазақ балуандарына ақыл айтатын болды

Павлодарлық жігіт облыс әкімінің блогы арқылы сүйіктісіне сезімін білдірді

Ұшақта ұйықтап кеткен қыздың құлаққабы жарылып, беті күйіп қалды (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1439354-quat-nayman-deputattargha-kuni-boyy-sha/

pixel