Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бекболат Тілеухан халықты алдап, қан қақсатқан қаржы пирамидаларын жабуды талап етті

Опубликовано:

Бекболат Тілеухан Бас прокурор Жақып Асановқа депутаттық сауал жолдап, халықты алдап, қан қақсатып отырған қаржы пирамидаларды тексеріп, оларды жабуды сұрады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Халқымызды қаржылық білім тұрғысынан білімді деп айта аламыз ба? Жоқ, айта алмаймыз. Себебі жыл сайын жаңа атпен шығатын қаржы пирамидаларға ақшасын салып, одан опық жеп, қаржысы күйіп, инсульт алып, несиесін жаба алмай, ағайынмен керісіп жатқан адамдар өте көп. Сайлаушыларымыз осыны жеткізуді бізге аманаттап тапсырды", — деді Бекболат Тілеухан мәжіліс отырысында.

Оның айтуынша, биыл Questra World дейтін қаржылық компанияның дақпырты жүріп тұр. Аңқау халық "сен инвесторсың" дегеніне сеніп, жиған-терген бар ақшасын сонда салып жатыр.

"Көлік алуға, үй алуға, бизнес ашуға деп жинаған бар қаржысын осы компанияның шотына салады да, одан аз уақытта пайда көремін деп алданып отыр және алданғалы жатыр. Осындай Questra тақылеттес Қазақстандағы компанияның орта деңгейлі менеджерінің өзіне келіп қосылғандар 12 миллион доллар жинап беріпті. Толық ақшаның көлемін біле алмаймыз, қисап жоқ. Questra секілді компаниялар Испанияда болғанымен, негізі мекен-жайы Виргин аралдары секілді офшорларда орналасқан", — дейді ол.

Депутат халықтың қаншама ақшасы шетелге асып, ізім-ғайым жоғалып жатқанын айтты. Оның сөзінше, бұл компаниялардың бәрінің жұмысы заңсыз. Олар Қазақстанға бір тиын салық төлемейді.

"Шетелдіктер бізге ақша бермейді, бізден алып кетіп жатыр. Осыны түсінуіміз керек. Осыған дейін болған компаниялар миллиардтаған теңгені халықтан жинап алып, жабылып қалды. Солардың соңынан тергеу жүргізген біреу бар ма? Бар болса, неге әшкерелемейміз? Дәл осы сәтте Questra компаниясына ақша салу үшін, кредит алып, ломбардқа алтынын өткізіп, көлік, үйлерін сатып жатқан адамдар көп.

Әне-міне дегенше бұл компания да жабылып қалады. Үрленген шар секілді жарылады. Ақырында инсульт, инфаркт алған ағайын қалады. Сосын кім жаман? Үкімет жаман болады. Себебі мұндай қаржылық компанияларды тексеріп, тоқтату керек еді. Халықты қаржылық сауаттандыру қажет", — деді Тілеухан.

Депутаттың айтуынша, халық онсыз да кердит алып, қарыздың қамытын киіп, қиналып жатқанда, қаптың түбін тескен шетелдік алаяқ компаниялардың ісін тезірек бақылауға алу керек.

"Олардың жұмысын тоқтату жағы қарастырылуы тиіс", — деп түйіндеді сөзін депутат.

Бұл жаңалықты Whatsapp арқылы немесе әлеуметтік желіде бөлісіңіз

⇓⇓⇓

Тағы оқыңыздар:

Серік Ахметовтың ісіне қатысты аппеляциялық сот отырысы қашан өтетіні белгілі болды

Головкин мен Альварес арасындағы жекпе-жекте қанша белбеу сарапқа салынады?

64 жастағы заңгер Оңтүстік Кореяның президенті атанды

Депутаттар жол полицейлерінің ала таяғын қайтарып беруді тағы да сұрады

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1489050-bekbolat-tileukhan-khalyqty-aldap-qan-q/

pixel