RU

Зорланған өрімдей қыздардың құқығын қорғап жүрген заңгер үкіметке жан айқайын жеткізді

Соңғы жылдары БАҚ-та кәмелет жасқа толмаған өрімдей қыздардың зорланғаны туралы жиі айтылып жүр. Белгілі заңгер Кәмшат Есмұхамбетқызы еліміздегі заң жүйесінің бала құқығын қалай қорғап жатқаны мен қоғамда бұл індеттің кең таралуының себебін NUR.KZ порталына айтып берді.

Кәмшат Есмұхамбетқызының айтуынша, Қазақстанда балалардың құқығын қорғау жүйесінде кемшіліктер көп. Кәмелет жасқа толмаған ұл-қыздарды зорлаған қылмыскерлердің көп жағдайда жазасыз қалуына заңнан бейхабар және салғырттық танытқан ата-аналардың өздері де себепші.

Тағы оқыңыздар: Астаналық таксист қыз өзіне 5 мың теңге берген шетелдік қонақтың ақшасын алмай қойды

Осы орайда заңгер өз өкпесін де айта кетуді жөн көрді.

"Балалардың жан айқайына қоғам болып назар аудару қажетпіз. Осы тұста өз өкпемді айта кетсем. Балалардың құқығын қорғау комитетінің бүгінгі таңда жүргізіп жатқан жұмысының нәтижесін көрген емеспін", - дейді ол.

Кәмшат Есмұхамбетқызының айтуынша, елімізде өкінішке қарай педофилдерге жаза дұрыс беріліп жатқан жоқ.

"Тек бас бостандығынан айыру арқылы осы қылмыстың ары қарай өршуіне жол беріп отырғандаймыз. Байқағаным, ішкі істер басқармасының тергеу бөлімі кәмелет жасқа толмаған қыздардың ісін жүргізуде еш тәжірибесі жоқ. Соңғы кездері қандай істі көтерсек те, Алматы тергеушілерінің өз ісіне салғырт қарағаны көп істердің жабылып қалуына әкеп соқтырып жатыр", - деп топшылайды заңгер.

Заңгер өз тәжірибесінен қоғамды бұл індеттің кең таралып бара жатуының себебін түсіндіріп көрді. Оның ойынша, педофилдік індеттің көбеюі еркектердің психикалық ауытқушылығынан және нашақорлыққа жақын адамдардан болуы мүмкін.

"Бұл санаттағы қылмыстың көбейіп бара жатқанын байқап отырмыз. Оның себебі қылмысқа барушы адамның кәмелетке толмаған қыздардың әлсіздігін пайдаланып, жауапкершіліктен оңай құтылып кетем бе деген арам ойы. Сондай-ақ, соңғы кездері туған баласына жауапсыз ата-аналар да көбейген. Оның үстіне олар заңнан бейхабар", - деген пікірді ұстанады заңгер.

Кәмшат Есмұхамбетқызы мұндай ауыр қылмысқа баратын адамдардың психикасына батыстың шығаратын бейәдеп видеолары кері әсер етеді деп отыр. Ол кішкентайлардың педофилден қорғануы үшін психологиялық және физикалық дайындықтың маңызы жоғары дейді.

"Балаларға өз құқығын қазірден бастап түсіндіріп, қорғау шарасы ретінде, психологиялық, физикалық тұрғыда дайындықты қалыптастырған жөн. Оларға үйде бөгде адаммен ешқашан сөйлеспеу керек екенін, егер ол адам қайта-қайта шақырса, айғай салып біреуді көмекке шақырған дұрыс екенін үйретсе құба-құп. Себебі, балаларды сондай кезде үрей басып, өздерін қорғай алмайтын жағдайға тап болады. Осының бәрін құқық қорғау органдары, кәмелет жасқа толмаған балалар құқығын қорғау комитеті, заңгерлер, прокуратура, қоғам болып кәмелетке толмаған балалардың мүддесін жоғары қойсақ, әрбір іс нәтижелі шешімін берер еді.

Тағы оқыңыздар: Алматылық бизнесмен екі айдың ішінде түйелеріне қазақша үйретіп тастады (фото, видео)

Бізде істің жабылып қалуына ата-аналардың да себепші екенін жоғарыда айттым. Олар (қылмыскермен - ред.) өзара мәмілеге келіп, бір-біріне кешірім беру арқылы балаларының болашағына балта шабады. Осындай ата-аналарды талай көріп жүрмін. Оларды ешқандай жауапқа тартпаған соң, олар балаларының тағдырын солай шеше салады. Егер комитет осындай әрбір іске араласып, педофилдердің тиісті жаза алуына ықпал етсе, бүгінгі таңда осы қылмыстың түрі азаяр еді.

Сондықтан, үкіметке жан айқайымды жеткізгім келеді. Балалардың құқығын қорғауға қатысты тағы да заңнамалар қабылданса деген тілегім бар. Өкінішке қарай елімізде кәмелет жасқа толмаған балардың сөзі негізге алына бермейді. Тек қана ата-ананың сөзі ескеріледі. Тағы бір айта кетерлігі, егер кәмелетке толмаған бала зорланған болса, оған ешқандай психикалық сараптама жасау қажет емес, себебі бала онсыз да зорлық көрген. Медициналық сараптаманың өзі жеткілікті деп ойлаймын", - деген ойын білдірді заңгер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1510845-zorlanghan-orimdey-qyzdardynh-quqyghyn.html