RU

Алматылық қыздар мектеп бітіру кешіне жарты миллионға жуық қаражат жұмсайды (фото)

Жыл өткен сайын мектеп бітіруші жастардың сән-салтанатқа құмары артып келетіні байқалады. Әсіресе қыздардың мектеп бітіру кешіне ерекше дайындалатыны рас. Бұл кеште олар бірінен бірі өткен сұлу бойжеткенге айналады. Қымбат көйлек, асыл тасты әшекей мен бет әрлеуден кейін кешегі оқушы қызды танымай қаласыз. NUR.KZ порталы елімізде қыздардың осынау айтулы күнге қанша қаражат жұмсайтынын анықтады.

Алматылық жас түлек Назерке Ақтанова мектеп бітіру кешіне бір емес, екі көйлек әзірлеп отыр.

Тағы оқыңыздар: Ақтөбелік кәсіпкерден элиталық пәтер алған ана бизнесменді құшақтап жылады (фото)

"Мен мектеп бітіру кешіне екі көйлек дайындадым. Біреуі - ұзын, екіншісі - қысқа, ыңғайлы көйлек. Бірінші көйлегімді қыста сатып алып қойғанмын. Оны Қытайдан 90 мың теңгеге алдырдым. Себебі бұл жақта сондай бағаға жақсы көйлек табылмайды. Ал екінші көйлекті күндіз қыдырғанға деп алдым. Мектеп бітіру кеші болатын күні күндіз қысқа, ал кешке ұзынын киемін", - дейді ол.

Мектеп бітіру кешіне қыздар неліктен сонша әуреге түседі?

Назеркенің айтуынша, бастысы қыздардың көйлегі бір-біріне ұқсамауы тиіс екен.

"Қайталанып жатса, масқара болады", - деп күледі Назерке Ақтанова.

Алматылық Дана Дунгешова да былтыр көйлегін танымал жұлдыздар киінетін қымбат салоннан алған. 198 мың теңге тұратын мына көйлек арзандатылған бағамен 150 мың теңгеге түсіпті. 2016 жылғы түлектің айтуынша, олардың бітіру кеші Алматының орталығындағы қымбат мейрамханада өткен.

"Адам басына 21 мың теңгеден төледік. Оның ішіне күндіз лимузинмен серуендеу кірді. Фототүсірілімге -  10 мың теңге бердік", - дейді Дана.

Оның айтуынша, қыздар барынша басқалардан ерекшеленіп тұруы тиіс екен. Сол үшін де киімнен бөлек қымбат макияж жасатуға тырысады. Дана бетін әрлетуді танымал визажист Санди Бексырғаның мамандарына сеніп тапсырған.

Осы орайда NUR.KZ тілшісі еліміздің танымал визажисі Санди Бексырғадан мектеп бітіру кешіне арналған макияжды қаншаға жасайтынын сұрап білді.

Тағы оқыңыздар: Президенттерге арналған домбыра қанша тұрады және қалай жасалады? (фото)

"Маған алдын ала алты ай бұрын макияжға жазылып қойғандар бар. Тіпті Алматыны былай қойғанда Астана, Атырауға ұшып барып келеміз. Бетті әрлеу - 20 мың теңге. Неліктен қымбат дегендерге айтарым, мен жасаған макияж бетте 24 сағат тұратынына кепілдік беремін. Беттің артық-кем жерін түзеп, рең беретін кремімнің өзі 35 мың тұрады", - дейді визажист.

Бұдан бөлек қыздардың әшекей бұйымдарға, туфлиге шығындалатыны түсінікті.

Қорыта айтқанда, алматылық бойжеткендер мектеп бітіру кешіне сән-салтанатпен бару үшін 250-300 мың теңге жұмсайтын болып шықты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1511847-almatylyq-qyzdar-tulekter-keshine-san.html