RU

Анасының бейнетті күндерін көрген шымкенттік бойжеткен күйеуге шығудан бас тартты

Биыл жоғары оқу орнын бітіретін жас қыз анасының тұрмысқа шық деп маза бермей жүргеніне қарамастан күйеуге шыққысы келмейтінін мәлімдеген. Бойжеткен бұл шешімге не түрткі болғанын айтып берді деп хабарлайды Замана газетіне сілтеме жасап NUR.KZ.

"Ауылға барған сайын анам жасы 20-дан асқан қыздың күйеуге шығуы керектігін айтады. Ал менің күйеуге шыққым келмейді. Неге дейсіздер ме? Себебі өз басым күйеуге шығып, бақыттан басы айнал­ған қызды әлі күнге кездестірмеппін.

Өзгені айтпағанда, анамның өзі әлі күнге бейнеттен көз ашпай келеді. Ата-енесі мен күйеуінің алдында құрдай жорғаласа да әжем анамның бойынан бір мін тауып, тиісіп отыратын. Оны былай қойғанда әкемнің де анамды бақытты еткені шамалы. Тапқан табысын міндет қылып, анамның төбесін тесіп жібере жаздайтын. Артық тиын жаратылып қалса үйде үлкен ұрыс болушы еді. Байғұс шешем біздің оны-мұны керек-жарағымызды тауып беру үшін әкеме білдірмей көрші-қолаңның тірліктерін ақыға істеп беретін. Түнімен ұйықтамай тігіс тігіп, таңертең ерте тұрып малға қарап, газ бен «светті» үнемдеу үшін табаға нан жауып, ошаққа тамақ пісіріп жүріп алтаумызды жеткізді. Абысын-ажындары мен қайынбике, қайынсіңлілері тек алып кетуді біледі. Шешемізді күң ретінде жұмсауды ғана біледі, рахметтері жоқ. Осының бәрін көріп өскендіктен күйеуге мүлдем шыққым келмейді", - деп жазады ол.

Тағы оқыңыздар: Қазақ қызына тамсанған шетелдіктер сәбиіне Сабина Алтынбекованың атын қойды (фото)

Бойжеткеннің бар ойы – оқуын бітірген соң жақсы жерде жұмыс істеп, көп ақша тауып, анасын шипажайларда демалдырып, шетелдерге жіберу. Ол осы күні жігіт деген атқа лайық азаматтарды кездестірмегенін айтады.

"Айналама қарасам, дені түзу жігіт жоқ. Тобымда бірге оқитындары да, таныс жігіттер де ілмиіп қалған біреулер. Өз бастарын алып жүре алмай, сессия­дан сессияға әзер өтеді. Әңгімелеріне құлақ түрсең, ата-аналарынан ақша сұрап жүргендері. Керісінше, қыздар ата-анасына салмақ түсірмейміз деп сабақтан тыс уақытта жұмыс істейді. Бірі – дәмханада, екіншісі  – бала күтуші, үшіншісі автобуста кондуктор деген сияқты. Ауылға мойын созып отырған жігіттерге қарап отырып кейде бұлар ертең үйленгенде отбасын қалай асырайды екен деп ойланамын", - дейді бойжеткен.

Дәл қазір ол тұрмысқа шығу-шықпау туралы үлкен ойдың үстінде жүргенін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1516063-anasynynh-beynetti-kunderin-korgen-shy.html