RU

Бүгінгі күннің батыры: 13 жастағы жеткіншек суға кеткен сәбиді ажалдан құтқарды (фото)

Оңтүстік Қазақстан облысында 13 жастағы мектеп оқушысы суға батып бара жатқан кішкентай бүлдіршінді құтқарып қалды. Демежан Алтай мұздай суға тұншыққан бір жасар сәбиге алғашқы медициналық көмек те көрсеткен деп хабарлайды Хабар24.kz.

Бағыс ауылының тұрғындары Демежанның ерлігіне дән риза. Әрбір үйде мектеп оқушысының бір жарым жасар Ержанды қалай құтқарғаны айтылып жатыр. Кішкентай бүлдіршін бір сәтке ата-ананың қадағалауынсыз қалып, ағыны қатты арық суына құлап кеткен. Оқыс жағдай арықтың бойында болған.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, тау өзені бүгін қауіпсіз боп көрінгенімен, сол күні тереңдігі екі метрден асып ағып жатыпты. Осы маңда тұратын мектеп оқушысы Демежан Алтай үйінен көшеге шыққанда кішкентай балалардың көмек сұрап, айқайлаған дауысын естиді. Бірде өзенге қарай жүгіріп, ағып бара жатқан кішкентай баланы құтқаруға асығады.

"Екі кішкентай бала келді де маған інім суға ағып кетті деді. Мен үйдің артына қарай түстім де жан-жағыма қарадым. Бала көрінбеді. Кейін суға батқан бір нәрсе көрінді. Суға түстім де баланы құтқарып, судың жағасына шығардым. Бала дем алмай жатты. Көгеріп, жаурап қалған екен", - дейді Бағыс ауылының тұрғыны Демежан Алтай.

Тағы оқыңыздар: Ақтөбе әкімі: Үйдің қасында шайтанның суреті ілінсе де үндемей отырамыз ба?

Жеткіншек баланы судан алып шығып қана қоймай, оған алғашқы медициналық көмек көрсетіпті. Жасанды тыныс алу әдісін жасаған. Кеуде тұсынан басып, дем алуына көмектескен. Құтқарушылар дәл бұлай ересек адамдардың өзі істей алмас еді деп, Демежанның ерлігіне ризашылықтарын білдірді.

"Негізінде Демежан сол күні жарысқа кетуі керек екен. Ағайына бір себептермен мен жарысқа бара алмаймын деген екен. Бұл – Жаратқанның белгісі. Демежан сол күні жарыстан қалып, ана баланың өмірін аман алып қалды", - дейді Сарыағаш аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Ғалымжан Қамбаров.

Қуанышын жасыра алмаған ананың ұлына өмір сүру бақытын сыйлаған көршісіне айтар алғысы шексіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1516447-bugingi-kunninh-batyry-13-zhastaghy-zhetkin.html