RU

Оралда белгісіз біреулер жол апатынан қаза болған әйелдің алтындары мен ақшасын тонап кетті

Екінші маусым күні Орал-Ақсай тас жолындағы жол апатынан қаза болған әйелдің алтындары мен ақшасын тонап кеткен деп хабарлайды NUR.KZ.

Аманжол Курпеев - жол апатынан қаза болған 41 жастағы Айнагүл Есмадиярованың туған ағасы. Ол жол апатынан қаза болған әпкесі үш сағат бойы емханада тірі болғанын еске алды.

"Оның қабағы жарылған. Ота алдында оған рентген жасады. Алайда түк таппай, басқа аппаратқа түсірді. Ол да істен шыққан екен. Дәрігерлер бәрі жақсы болады деп бізді сабырға шақырды. Алайда екі сағаттан кейін әпкем тіл тартпай кетті. Бұл хабарды естіген жүрегі әлсіз әкемнің жағдайы нашарлады. Бұл емхана қорқынышты күйде. Жағдай жасалмаған, аппараттары істен шыққан, ал терезесінің орнында целлофан ілініп тұр. Бәлкім үш сағат ішінде әпкемді құтқаруға болар ма еді? Мәйітханада әпкемнің көкбауыры жыртылып, мойын омыртқасы сынғанын айтты", - дейді Аманжол.

Тағы оқыңыздар: Динара Сәтжан "Қазақстан" арнасының басшылығына келді

Аманжол әпкесін белгісіз біреулер тонап кеткенін айтуда. Марқұмның алтын сырғасы, сақинасы, ақшасы қолды болған.

Жол апатынан қаза болған 20 жастағы Салтанат Әділованың да туыстары ұрлық болғанын мәлімдеді. Ұры бойжеткеннің сөмкесіндегі ақшаны көтеріп кеткен.

"Немеремнің сөмкесі ашық жатты. Ішіндегі ақша жоғалған", - дейді бойжеткеннің атасы.

Жол апатынан аман қалған Марина Рогова қорқынышты күнді есіне алды.

"22 жастағы жүргізуші қатты айдап келе жатты. Жол бойы телефонмен сөйлесіп, жолаушылардың ескертпесіне құлақ аспады. Жол апаты кезінде телефоны қолында болды ма, білмедім", - дейді Марина.

Марина жедел жәрдем елу минутта келіп жеткенін айтуда. Әйел кеуде қуысын сындырып алса да, тірі қалған. Марқұмдардың отбасы барлық олқылықтарды жоймаса, әлі де құрбандар болуы мүмкін екенін ескертіп, жанайқайын жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1517369-oralda-belgisiz-bireuler-zhol-apatyna.html