RU

ОҚО-да мас күйінде көлік жүргізген аудан әкімінің прокурор ұлы ұсталды

ОҚО-да ішімдік ішіп көлік жүргізді деп айып тағылған аудан әкімі ұлының ісіне нүкте қойылар емес. Бір қызығы, көлік жүргізушісі прокурор қызметін атқарады, деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Оқиға 6 мамыр күні орын алған. Көлік тізгіндеп, қаланы шарлаған 33 жастағы азаматты полицейлер тоқтатады. Бір қызығы көлік жүргізушінің өзі де құқық қорғау саласының қызметкері екен. Яғни, жол сақшылары құрықтаған сәтте ол Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратураның қызметкері болып табылған.

Спирттік ішімдік ішіп алған күйі рөлге отырды деп айып тағылған прокурордың ісі Шымкент қалалық әкімшілік сотында қаралып жатыр. Бірақ, бұл іс екі рет кейінге шегеріліп үлгерді.

Айта кетейік, масаң күйде көлік айдады деп істі болған азамат Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатовтың ұлы. Созақ әкімінің бұл қызметке тағайындалғанына бір аптадан енді асты. Оған дейін Полатов мырза облыстық құрылыс басқармасының басшысы лауазымын тізгіндеген.

Тағы оқыңыздар: Қарағанды облысындағы судьялардың бірі қазір қаңғыбасқа айналған (фото)

Аудан әкіміне хабарласқанымызда шенеунік ұлының істі болғаны туралы ақпаратты растады. Алайда бұл іске телефон арқылы пікір білдіруге алғашында қарсылық таныттты.

«Телефонмен қазір қандай мәлімет беремін енді?.. Қалаға келгенде сөйлесейік, мен қазір алыста жүр едім. Демалыс күні келемін. Шығармай тұрсаңызшы, сөйлесіп алайық... Ұлым екені рас. Прокурор боп істейді», - деген әкім сот процесінің болып жатқанынан хабардар екенін, бірақ шешімнің нақты қай уақытта шығатынын білмейтінін жеткізді.

Ал айып тағылған прокурор ісін жүргізіп отырған судьямен хабарласу мүмкін болмады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1517458-oqo-da-audan-akimininh-uly-mas-kuyinde-k.html