RU

ШҚО-да өзенге батқан тұрғынды іздеуге шыққан құтқарушының өзі де жоғалып кетті (фото)

Оқиға 14 мамыр күні ШҚО, Күршім ауданына қарасты Қайнарлы ауылында орын алған. Жергілікті Төтенше жағдайлар бөлімшесіне бір адамның өзенге батып кеткені туралы қоңырау түседі. Ал, оны іздеуге шыққан 29 жастағы құтқарушы үйіне қайтып оралмаған деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Жарының айтуынша, оған себеп - төрт құтқарушы мінген резеңке қайықтың жарылуы көрінеді. Өкінішке орай, құтқарушылардың үшеуі жағаға шыққанымен Елдос Нүрпейісов сол күйі жоқ. Енді, жоғалған азаматты әріптестерінің іздеуіне өзеннің ағысы кедергі келтіріп отырған көрінеді.

«Іздеуге шыққан төртеуі бір рет қайық аударылып, жағаға аман шығыпты. Ал, екінші мәрте түскенде менің жолдасым суға ағып кеткен. ТЖБ-ның қызметкерлері өзеннің жағасын түгел тінтіп шықты. Олар сол оқиға орын алған жерге 14 күн түнеп іздеді. Бірақ, еш нәтиже жоқ. Енді, ондағы мамандар судың деңгейі түскенен кейін қараймыз деп отыр», - дейді жолдасы Жанат Нүрпейісова.

Оның мәлімдеуінше, бүгінде басшылық Елдостың өзін кінәлап отыр екен.

«Ондағылар ақыры Елдосты кінәлі қылғысы келеді. Суға ағып кетерде ол резеңке етігін аяғынан шешпеген. Оның үстіне, еңбек өтілімі бес-ақ жыл болған. Классы төмен деген желеулерді алға тартып отыр. Жолдасым ағып кеткенен бері бір адам келіп, халімізді білген емес», - дейді Жанат Нүрпейісова.

Бүгінде, Елдос Нүрпейісовтің артында үш баласы бар. Ең үлкені биыл мектеп табалдырығын аттаса, ең кішісіне төрт ай ғана болған.

28 жастағы отанасының бар арманы Елдостың аман табылуы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1517686-shqo-da-sugha-ketip-qalghan-turghyndy-izde.html