RU

Ақтөбеде төрт ағайынды жетім балалардың мойнына банк миллиондаған қарыз іліп қойды (фото)

Анасынан айырылған ақтөбелік ағайынды төрт жеткіншектің баспанасын банк тартып алуы мүмкін. 2007 жылы ақшадан қысылып, кредит алған анасы қайтыс болған соң, әкелері де ұлдарын тастап, басқа отбасына кетіп қалған. Осылайша банк қарызды жетім балалардың мойнына ілгенге ұқсайды. NUR.KZ порталына хабарласқан олар заңгердің көмегіне зәру екенін жеткізді.

Анасы қайтыс болғаннан кейін бес ай өтпей жатып, басқа отбасына кетіп қалған әкелері қазір  ұлдарымен мүлде хабарласпайтын болып шықты.

Редакцияға хабарласқан Абай Жұмабаев үйдің үлкені. Жасы 21-де. Айтуынша, ол анасының о дүниелік болғанын Қарағанды қаласында әскери борышын өтеп жүріп естіген. Қазір Ақтөбеде құтқарушы болып істейтін Абай артынан ерген үш бауырын жалғыз өзі өсіріп отыр.  Ол анасы тірі кезінде өздерінің ұядай ұйып отырған отбасы болғанын сағынышпен еске алды.

"Біз Ақтөбе қаласында, барак типтес үйдің бір бөлігінде үш бөлмелі пәтерде тұрамыз.  2013 жылы желтоқсан айында 18-ге толған мені әскерге алып кетті. Қарағанды қаласында болдым. Әскери борышым өте жақсы өтіп жатты. Үйге қайтуыма екі ай қалғанда мені рота командирі шақырып алып, үйіме 15 күнге демалысқа барып келуімді бұйырды. Мен түсінбей қалдым. Өйткені өзі де қайтуға аз-ақ уақыт қалды ғой деп ойладым. Жолда кетіп бара жатып, ініме телефон соқтым. Сөйтсем, анам қайтыс болыпты... Мұның бәрі көрген қорқынышты түсім сияқты. Ал Ақтөбеге табан тірегенде бәрі түс емес, өңімде болып жатқанын түсіндім", - деп күрсіне есіне алды өткен күндерін Абай Жұмабаев.

Ол қалған екі айлық борышын толық өтеп туған қаласына оралған. Алайда тағдырдың тосынсыйы мұнымен аяқталмапты.

"Біз отбасында төрт ұлмыз. Менің сүйікті анам, әкем болды. Өзім үйдің үлкенімін. Анам қайтыс болған соң әкеден де тірідей айырылдық. Менің 1996 жылғы, 1998 жылғы және 2002 жылғы  бауырларым бар. Төртеуміз, шынын айтқанда, жетім қалдық", - дейді ол.

Абайдың айтуынша, анасы өмір бойы үйде бала тәрбиесімен отырған. Ал әкесінің табысы азық-түліктен артылмаған көрінеді. 2007 жылы олар банктен үйді кепілдікке қойып кредит алған. 

"Кредитті анамның атына алыпты. Қазіргі таңда кредит бойынша біздің қарызымыз 4 миллион теңгені құрайды. Сол үшін банк бізден үйімізді тартып алғысы келеді. Олар бізден үйдің мұрагері ретінде қарызды өтеуімізді талап етіп отыр. Алайда бізде ондай сома жоқ. Бұл мәселе бойынша сот болған. Ол бізге тіпті үйден бас тартсақ та, қарызды төлеуіміз керек екендігін айтты. Ал әкем анам тірі кезінде заңды түрде ажырасып, үйден де бас тартқан. Өйткені банк тарапынан үй шаруашылығында отырған әйел ретінде  анама кредиттік төлем бойынша жеңілдік бар сияқты ", - деп баяндады басындағы жағдайын Абай Жұмабаев.

Абай анасы қайтыс болғаннан кейін алты ай көлемінде банктен ешқандай ескертулер келмегенін айтады. Ішерге асты әрең тауып жүрген балалар тіпті несие жайлы ойламапты. Бұл сұрақ бойынша ол облыстық Нұр Отан партиясының адвокаттарынан көмек сұрап барған. Айтуынша, адвокат одан қызметі үшін ақша талап еткен. Алғашқы кеңесі үшін ақша төлеген Абай Жұмабаев адвокаттың ары қарайғы көмегінен бас тартқанын айтады

Осыған қатысты NUR.KZ порталы Нұр Отан партиясына хабарласқан еді.

"Бізде қоғамдық қабылдауды əртүрлі ұйымдар, депутаттар жүргізеді. Ол кісінің бізге қашан келгенін білу үшін өзі хабарласу керек. Мүмкін ол басқа мекемеге, депутатқа кірген болар. Ол кісінің бізге қайтадан шығуын сұраймыз",- дейді Ақтөбе облыстық "Нұр Отан" партиясы филиалының баспасөз хатшысы Меңтай Бектұрсынова.

Көпшіліктің көмегіне зәру жас жігіт еліміздің заңгерлері мен мемлекеттік қызметкерлерінен тығырықтан шығар жолды көрсетуді сұрайды. 

Ағайынды балаларға қол ұшын созғысы келген жандар Абай Жұмабаевпен мына телефон арқылы хабарласуына болады: +7 702 963 16 79

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1517800-aqtobede-tort-aghayyndy-zhetim-balalar.html