RU

Қазақстандағы ең үлкен отбасыны көрген шетелдіктер құрметпен бас иді (видео)

Сыртының сылағы жоқ, ескілеу келген екі қабатты баспананы Талғар ауданының тұрғындары «Періштелер үйі» деп атайды. Себебі, ол соңғы 20 жылда әке-шешесі теріс айналып немесе тұл жетім атанып, қараусыз қалған сәбилер пана тапқан киелі шаңырақ. NUR.KZ порталы еліміздегі ең үлкен және бақытты отбасының басты ұстанымын білу үшін Талғар қаласына арнайы ат басын бұрған еді.

700 бүлдіршінді бауырына басып, елден кем қылмай өсіріп отырған «НҰР» балалар үйінің басшысы Тұяқ Есхожинаны білмейтін жан кемде кем. Ал, осы кең жүректі ананың ерекше қасиеттерін көпшілік біле бермейді.

Тұяқ ана 1998 жылдан осы күнге дейін 695 баланы тәрбиелеп өсірген. Соның ішінде 622 бала аяқтанып, өмірден өз орындарын тапқан. Яғни, барлығы дерлік жоғарғы оқу орындарын тәмәмдап, әр салада қызмет жасауда.

Қазір «Нұр» үйінде 73 бала бар. Соның 40–ы кәмілет жасына толмағандар. Ал, қалған 33-і Алматы мен Астана қалаларындағы жоғарғы оқу орындарының студенттері. Тұяқ Есхожинанының қарамағындағы барлық бала оны «МАМА» деп атайды. Ал, кең жүректі ана 695 баланың барлығының атын және қолына қалай келгенін, жастарын жатқа білемін дейді.

«Құдайдың сыйы шығар қазір жасым 74-ке келсе де барлық баламның атын, жасын жатқа білемін. Әр бала осы үйдің босағасын қалай аттағаны да көз алдымда. Бірақ мен ешқайсына сен былай келгенсің, әке-шешең басқа адам деп ешқашан айтқан емеспін. Бұл үйдің табалдырығын аттаған адамның барлығы менің туған балам болып есептеледі», - деген Тұяқ Есхожина балалар үйінің қазіргі және бұған дейінгі жағдайы туралы баяндап берді.

Үкіметтен ешқандай көмек алмаймыз

Жүздеген бала асырап алыпты десе барлығы ойлайды «ойбой, олар мемлекеттен ақшаны қырып алып жатыр, сөйтіп жан бағады, байып кетеді» деп. Осы күнге дейін «маған көмектес» деп бір әкімдіктің есігін ашпадым. Мен бала баққанымды мемлекетке міндет қылмаймын. Жылына бір рет мереке кезінде балаларға азын-аулақ сыйлық жасайды. Ал, балалардың тамағы, киім кешегін қара халық алып беріп жатыр. Соңғы уақытта үйімізге студенттер жиі бас сұғады.

Шәкіртақысынан бір келі күріш болсын әкеліп тастайды. Қала берді базардағы қарапайым саудагерлер келеді. «Апа балалар аш қалып қалмасын» деп. Міне сондай жандардың арқасында балалардың қарны тоқ, киімі бүтін.

Ал, бізге келген балалардың барлығында құжат жоқ болды. Аты-жөндері де белгісіз. Барлығына жаңадан есім, тегін беріп, құжат жасадық. Туу туралы куәліктері болмаған соң ешқайсысы мемлекеттен жәрдемақы алмайды. Жергіліктің биліктің көмегі сол -  мектеп бітірген балаларыма 2-3 оқу грантын береді. Мұның өзі үлкен жеңілдік

Балаларға қажеттілік алу үшін жүзігімді ломбардқа өткіздім

Біз тұрып жатқан ғимарат бұрынғы Кеңес үкіметінен қалған балабақша. Бүкіл бала-шағамызбен осы жерде тұрамыз. Өзімнің жеке үйім түгілі, бағалы әшекейім де жоқ. Зейнетақы да алмаймын. Үкіметке масыл болғым келмейді. Кезінде пәтерімді сатып, ақшасын осы қайрымдылық үйін ашуға жұмсадым.

Үйімізге 45 жыл болған ескі ғимарат қой. Күрделі жөндеуден өткізуге қаражат жоқ. Соған көмек қолын созатын азаматтар болса игі еді. Кейбір бөлмелері аңырайып, тіпті қорқынышты. Оларды қолданбай жауып қойдық.

Елден келген зекетті комунналдық төлемге жұмсаймыз. Бір жылда тек электр энергиясы мен жылуға 34 млн теңге кетеді. Бала бағу оңай емес, қиналатын кездер көп. Жақында балалардың керек жарағына ақша таппай, қолымдағы бір тал алтын жүзігімді ломбардқа өткіздім.

Күн сайын 100 литр тамақ пісіреміз

Қазір «Нұр» балаларын үйінде жиырма шақты бүлдіршін жүр. Қалғаны жаздық демалысты қызықты өткізу үшін қала сыртындағы лагерлерге аттанған.

«20 кішкене баланы лагерге жібермеймін. Оларға ерекше күтім қажет. Қара нан жемейді. Айран, сүт ішкенді ұнатады. Күн сайын үш уақыт, 100 литр ыстық тамақ пісіреміз. Өзім не жеймін, соны осы балалар жейді»

Балаларды ұлтына, тегіне қарамаймын

Біздің үйде 8 ұлт өкілінің балалары тәрбиеленеді. Мен ешкімді бөлмеймін, барлығы маған бірдей, туған балаларым деп санаймын. Осы күнге дейін жүзден астам ұл-қызымды үйлендірдім. Қыздарымның барлығын қазақша ұзатып, тойын мейрамханада (кәсіпкерлердің қолдауымен) дүркіретіп жасадық. Әр қыздың артынан баратын жасауы «Қажылар қауымдастығының» мойнында.

Құдаларым маған «қыздарыңды жақсы тәрбиелепсің, зейнетақымызға дейін сеніп тапсырамыз» деп жиі алғыс айтады. Ал, ұлдарымың барлығының үйі жоқ, жалдамалы пәтерде жүр. Соларға бір шағын баспана тұрғызып берсем деген арманым бар.

Еш баланың әке-шешесі табылмады

Бізге балалар әртүрлі жағдаймен келеді. Көбісі аш, көшеде түнеп, зәбір көрген. Араларында өтірік айтып, ұрлық жасайтындары да болды. Әр баланы емдеп, денсаулығын түзеу үшін кемі екі жыл кетеді.

Бір қызығы, балалар осы үйде жүргенде бір де бір туысы табылмайды. Олар жоғары оқу орнын тәмамдап, қызметке тұрған кезде жанашыр болып, біз саған туыс едік дегендер көбейеді.

Бір неміс қыздың ғана ата-анасы табылып, Германияға әкетті. Сол қызды 2 жылдан кейін іздеп барсам маған «мама менің жасым 18-ге толсын, мен саған қашып барамын» дейді. Осы сөз менің көкейімнен әлі күнге кетпейді.

Бір баламның жаман аты шықпады

622 бала ұядан ұзап шығып, әр қайсысы өмірден өз орнын тапқан. Тіпті, араларында отбасын құрып, еліміздегі елеулі қызметтерді атқарып отырғандары да бар.

Тұяқ ана 20 баласынан 35 немере сүйіп отыр. «Еш уақытта баланың бетінен қағып, қатты сөйлемедім. Балаларым ерке, бірақ ақылды ерке» деген педагог 20 жылдық тәрбиесінің зая кетпегенін мақтан тұтады.

"Біздің үйде балалардың бос уақыттары жоқ, ұлдар боксқа барады, қыздардың би, сурет секілді үйірмелері бар. Биыл 8 балам спорттық жарысқа барып, Халықаралық турнирде алғашқы орындарды иеленді. Құдайға күнде тәубе деймін, бір баламның осы уақытқа дейін жаман аты шықпады", - дейді көпбалалы ана.

Тұяқ Қазкенқызы - бүгінде Қазақстанның құрметті азаматы, Республикалық «Бірлік» алтын медалінің иегері. Алтын жүректі ана игі ісін атақ-даңқ үшін емес, азаматтық борыш ретінде жасап жүргенін айтады.

Бүгінде қазақ қызы көтерген шаңырақ жүздеген балаға пана ғана емес, еліміздің ең үлгілі жанұясына айналған.

Періштелер үйіндегі балаларға көмектесем деушілер үшін nur.org.kz  сайтынан барлық мәліметті алуға болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1518306-700-balany-bauyryna-basqan-ana-nege-zhyla.html