RU

Қазақстан президенттігіне кімдердің үміткер болатыны анықталды

Әділет министрі Марат Бекетаевтың сөзінше, Иманғали Тасмағанбетов, Ерлан Ыдырысов, Ержан Қазыханов сынды ел танитын елшілер үш жылдан кейін өтетін президенттік сайлауға түсе алмайды.

Ал сенаторлар болса елшілер президенттік сайлауға түсе алады деп отыр. Осылайша, Конституция бойынша кімнің халыққа дұрыс ақпарат беріп отырғаны түсініксіз деп хабарлайды 31 арнаға сілтеме жасаған NUR.KZ.

«Қазақстанда тұрмайтын елшілердің президенттікке үміткер болуға құқығы жоқ. Себебі Конституциялық заң талабы бойынша президенттікке үміткер Қазақстанда тұруы керек. Ал елшілер Қазақстанда тұрмайды. Сондықтан олар үміткер болуы мүмкін емес», - деп жауап берді 31 арна тілшісінің сұрағына Әділет министрі Марат Бекетаев.

Конституциялық талап бойынша шетелде елші болып жүрген Иманғали Тасмағанбетов, Ерлан Ыдырысов, Ержан Қазыханов сынды ел танитын тұлғалар 3 жылдан кейін өтетін президенттік сайлауға түсе алмауы мүмкін.

Ал министрдің сөзін сенатор Серік Ақылбаев жоққа шығарды.

«Қазақстанның елшілері - ол Қазақстанның азаматтары. Неге олар президенттікке үміткер бола алмайды? Болады. Ол дұрыс емес. Тіпті, Қазақстан елшілігі орналасқан жер де  Қазақстанның аумағы болып саналады», - деді Ақылбаев.

Күні кеше ғана парламент сенатының депутаты «Қазақстан Республикасының президенттігіне үміткерлер туралы өзгертілген заң жобасын» ешқандай талқыға салмай, тіпті артық сұрақ та қоймай бір ауыздан мақұлдаған. Енді жаңа заң бойынша ешкім өзін президенттікке үміткер ретінде ұсына алмайтын болды.

Тағы оқыңыздар: Ақтөбе әкімі жиналыста ұйықтап қалғаны үшін мүлдем ұялмайтынын айтты

Сайлауға тек саяси ұйым болып тіркелген партия немесе қоғамдық бірлестіктен шыққан үміткер ғана қатысуға құқылы. Сондай-ақ сайлауға түскісі келетіндер енді дені сау екенін дәлелдейтін анықтама өткізеді. Кандитат мемлекеттік қызметте кемі 5 жыл жұмыс істеуі тиіс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1518519-qazaqstan-prezidenttigine-kimderdinh.html