RU

Алматылық бизнесмен екі айдың ішінде түйелеріне қазақша үйретіп тастады (фото, видео)

Алматы облысы Ұзынағаш ауданының тұрғыны, кәсіпкер Өтеміс Махан сауындағы 50 түйесіне қазақ тілін үйретіп тастады деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Жануарлар, әрине, сөйлей алмайды, алайда олар өз аттарын біледі және қазақша айтылған нұсқаулықты бұлжытпай орындайды. Кәсіпкердің сөзінше, түйелерге қазақ тілін үйрету оншалықты қиын болмапты.

«Қазақ тілін боталар – үш аптада, ал мая түйелер екі айда үйренеді. Барлық өркештілердің аттары бар. Еркек түйеге - жігіттердің, ұрғашысына - қыздардың атын береміз. Әсіресе шетелдік жұлдыздар, кино актерлерінің есімін қоямын. Мысалы, бұл жерден Джеки Чан, Ван Дамм, Моника, Марадона деген түйелері кездестіресіз. Оларға есім туыла салып беріледі. Шатасып қалмас үшін атын темірге жазып, мойнына жіппен іліп қоямын. Сауын кезінде, қорадан шығарарда да аттарын айтып, ертіп жүріп үйретеміз. Кейін өрісте қуалап жүрмес үшін қораның алдында тұрып « Ван Дамм, Ван Дамм» деп айқайласам, атын естіген түйе өзі-ақ қораның алдына келеді. Бұл өте ыңғайлы»,- дейді түйеші Өтеміс Махан.

Кәсіпкердің сөзінше түйелеріне шетелдік жұлдыздардың атын берудің өз себебі бар.

«Ана тілінің мәртебесі көтеріліп, барлық әлемдік жұлдыздар осы қазақ тілінде сөйлесе екен деген арманым. Ал тіл үйренгісі келген азаматтар үшін қазақ тілі соншалықты қиын емес. Тіпті, жануар да түсінеді», - дейді ол.

Қазақша түсінетін түйелердің қызықты көрінісін мына видеодан көре аласыздар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1518991-almatylyq-biznesmen-eki-aydynh-ishinde.html