RU

Қасиетті Рамазан айында Шымкенттегі мүгедектердің үйі қирап қалды (фото)

Шымкентте жалғызбасты ана мүгедек балаларымен бірге далада қалуы мүмкін. Себебі үйдің қабырғасы үгітіліп, құлауға шақ қалған. Қыстың қақаған аязына тоңып, жазға әзер жеткен отбасы енді үйінді астында қаламыз ба деп қорқады.

Бұл туралы ТВК арнасы хабарлайды.

Жығылғанға жұдырық болғандай, екі жанұяға арналған үйдің іргетасын көршісі бұзып, баспананы апатты жағдайға жеткізген. Ал қала билігі бұл жағдайды біле тұра әзірге үнсіз отыр.

Қабырғасы қисайып, іргетасы үгітілген мына үйде адам тұрады дегенге сену қиын. Бірақ өлместің күнін кешкен жалғызбасты ананың басқа барар жері жоқ. Балалары болса мүгедек. Олар күндіз ас-суын аулада дайындап. қу тіршілікпен уақыт өткізіп келеді. Ал кешкісін қорқынышты үйде түнеп шығады. Шайқатылып әзер тұрған қабырға қашан басып қалады деп алаңдауда.

"Мен ешқайда арызданған жоқпын. Кейінгі уақытта Нұр Отанға барып едік: "Әй, ештеңе болмайды" деп шығарып салды. Әкімдіктен де қайран жоқ", - дейді жалғызбасты ана Ұлбала Жұмаділова.

Тағы оқыңыздар: Астанадағы байдың балалары қандай мектепте оқиды? (фото)

Алты  ай бұрын үйдің қабырғасы сөгіле бастаған. Жесір ана негізгі себептің бірін Жібек жолы даңғылындағы құрылыс жұмыстарынан көреді. Өйткені көшеден аққан жаңбырдың суы, осы жаққа құйылатын еді дейді. Ал арық-атызды жақында ғана орнатыпты. Ұлбала апай көршісіне де қатты өкпелі. Айтуынша дәріхана тұрғызу үшін үйдің дәл ортасынан бөліп тастаған.

"Бұған дейін бұл жерде дүкен болған. Сосын еурофарма болды. Кейін оны бұздырдрып мына жақтан салып жатыр. Бізді былай итеріп ортаны ашық қылып тастады. Енді сол жерден жаңбыр суы кіреді", - дейді жесір ана.

Осы жағдайға қатысты не аудан әкімдігінен не қала билігінен ақпарат алу мүмкін болмады.  Ақ жағалылар бір-біріне сілтеуден еш шаршамады. Тіпті кәсіпкерге құрылыс салуға рұқсатты кімнің бергеніде жұмбақ күйінде қалды. Тілшілерден тыным болмаған соң, Қаратау ауданы әкімдігі ақыры жауап беруге келісті. Бір қызығы сұхбаттасуға мемлекеттік қызметкер емес, ауыл биі келді.

– Сіз әкімшіліктің жұмысына араласа алмайсыз ғой... 

– Мен сол ауылдың биімін.

– Сіз жерді үлестіріп бере аласыз ба?

– Жоқ мен жерді үлестіріп бере алмаймын.

– Енді маған не дейсіз? – Жақсы, сұ алмасың өзің біл.

Ауданда ешкім жауапкершілікті мойнына алғысы келмейді. Ал жесір анаға жаны ашып жатқандар шамалы. Ұлбала Жұмаділованың ендігі арманы - екі баласымен қиранды үйдің астында қалып кетпеу...

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1519134-qasietti-ramazan-ayynda-shymkenttegi.html