RU

Назарбаев ЭКСПО-2017 көрмесін ашып, қонақжай болуға уәде етті

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін ашық деп жариялады.

«Қымбатты қазақстандықтар, құрметті қонақтар, ханымдар мен мырзалар! Қонақжай Қазақстанның елордасы әсем Астанаға қош келдіңіздер!

Бүгін біздің елімізде ғана емес, дүниежүзілік көрмелер тарихында айтулы күн. Қазір көптен күткен халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінің шымылдығы ашылды. Осы салтанатты мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын.

Біз ЭКСПО көрмесін ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында тұңғыш рет өткізгелі отырмыз. Сөйтіп Қазақ елінің ордасы айтулы көрмені өткізген әлемдегі 35 қаланың қатарына қосылды.

Астана үш ай бойы бүкіл адамзаттың жетістіктерін әйгілі ететін басты алаңға айналады», - деді мемлекет басшысы.

Елбасы Астана ЭКСПО көрмесінің арқасында әлемге жаңа қырынан танылатынын айтты.

«Тәуелсіз Қазақстанның символы Астана нағыз 21 ғасыр қаласы ретінде жаңа қырынан танылатын болады.

Көрмеге әлемнің 115 мемлекеті, 22 халықаралық ұйым қатысады. Мен олардың барлығына халқымыздың атынан ризашылығымды білдіріп, сәттілік тілеймін.

Халықаралық көрмелер бюросының президенті Стивен Кристиен мырза ұйымның бас хатшысы Висенте Лосерталес мырзаға алғыс айтамын. «ЭКСПО» көрмесін ашық деп жариялаймын.

Ұлы даланың төріне қош келдіңіздер!», - деп аяқтады сөзін елбасы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1519537-nazarbaev-ekspo-2017-kormesin-ashyp-qonaq.html