RU

Алматы облысында туған балдызын зорлап, артынша аяусыз өлтірген қаскөй сот алдына келді

"Асыл арман" тұрғын үй кешенінде туған балдызын зорлап, артынша қылқындырып өлтірген қаскөйге сот үкімі шықты деп хабарлайды Алматы арнасы.

17 жасында өмірі қиылған 11 сыныптың оқушысы дәрігер болуды армандапты. Екі айға жалғасқан тергеуден соң қаскөй 21 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ, Дәурен Мұсылманов өзіне кесілген жазаға қуанбаса ренжіген жоқ. Өйткені, мемлекеттік айыптаушы судьядан әлдеқайда ауыр жаза сұраған еді.

Істі созбай, соңғы нүктесін қоюға асықты ма, соттағылар бірден екі отырысты өткізді. Алғашқысында мемлекеттік айыптаушы судьядан жаза сұрап, сотталушы соңғы сөзін айтса, арада бір сағат өткенде үкімде оқылды.

Тағы оқыңыздар: Алматылық бизнесмен екі айдың ішінде түйелеріне қазақша үйретіп тастады (фото, видео)

«Сот үкім етеді: Мұсылманов Дәурен Жұмағазыұлын Қылмыстық кодекстің 99 бабының 2 тармағы, 10, 14 бөлімі бойынша кінәлі деп тауып 18 жылға, 120 бабының 3 тармағымен кінәлі деп тауып 13 жылға бас бостандығынан айырылсын. 58 бабының 4 тармағын негізге ала қылмыстық істі жартылай қысқарта отырып, 21 жылға бас бостандығынан айырылсын», - деді Мамандандырылған ауданарлық қылмыстық істер жөніндегі сотының судьясы, Берікжан Байжүнісов.

Дүйім жұрттың жағасын ұстатқан оқиға 31 наурызда болған еді. Ұзынағаштан баласын бағуға келген балдызын зорлап, артынан қылқындырып өлтірген еді. Мәйітті диванның астына жасырып, өзі Күршім ауданына қашып бара жатқан жерінде қаскөй қолға түскен болатын. 7 жылдан бері күйеу бала болған Дәуреннен бұндай озбырлықты күтпеп едік дейді үкіммен келіспеген марқұмның әкесі.

«Біржаққа кеткен сияқты болып тұра береді. Келіп қалатындай. Шешесіде жылап, бауырлары да сол іздеп. Өмір бақиға жазалау керек еді. Болмаса қолымызға берсе өзіміз жазалар едік», - деді Жәбірленуші, Амантай Жұмабаев.

Әйгерім үйдің тұңғышы, артында үш інісі қалыпты. Биыл мектепті бітіруі тиіс оқушы дәрігер болуды армандаған. Ал 35 жастағы қаскөй Дәурен Мұсылмановтың туыстары кешірімде сұрап келмеген. Тартқан зардабы үшін моральдық шығын ретінде қыздың туыстары сотталушыдан 10 миллион теңге талап етті.

Тағы оқыңыздар: Ортаңғы саусағы қысқа қызды желі қолданушылары күлкі қылды (фото)

Сотта соңғы сөз алған қылмыскер істеген әрекетіне өкініп, прокурордың сұраған жазасымен келісетінін айтты. Мемлекеттік айыптаушы 17 жастағы балдызын аямай айуандықпен өлтірген қылмыскерге соттан 24 жыл сұраған еді. Бірақ, судья оған 21 жыл берді.

Алдағы уақытта қатаң тәртіптегі түрмеде жазасын өтеуі тиіс Дәурен Мұсылманов зардап шегуші тарапқа екі миллион теңге моральдық, 500 мың теңге материалдық өтемақы төлеуі тиіс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1519671-almaty-oblysynda-tughan-baldyzyn-zorl.html