RU

Сапарбаев мектеп жасындағы қыздарын қап-қара киіндіріп қоятындарға шүйлікті

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Темір ауданында екпеден бас тартып отырған балалардың көбейіп кеткеніне алаңдады деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбедегі ең алғашқы құқық қорғау қызметкерлеріне шабуыл осы Темір ауданының Шұбарши ауылында жасалған болатын. Аудандағы жағдай қалыпты болғанымен жат дінде жүргендер саны азайған жоқ. Бір ауданда 500-ге жуық адасқан ағым жетегінде жүргендер бар. Олардың балалары да сол ағымды санасына сіңіріп өсіп келеді. Ауданында бүгінде екпеден бас тартқан 310 бала бар.

Тағы оқыңыздар: Ақтөбеде бір күнде суға кетіп, ажал құшқан үш оқушыға қатысты жаңа дерек шықты

«Тәртіп болу керек, тәртіпсіз болмайды. Өткен жылғы оқиғадан кейін балалардың қалай өкініп отырғанын көрдік. 25-30 жастағы жігіттер біреудің айтқанымен еріп кетті. Соңы не болды? Адам үшін ең қымбаты- өмір. Өмірге өлу үшін емес, өмір сүру үшін келеді. «Сирияға барып өлсек, пейішке барамыз» дейтіндер бар. «Пейіште отырмын» деп хабар берген адам жоқ шығар. Сондықтан, осы жағынан балаларымызға дұрыс тәрбие беруіміз керек. Өкінішке орай, Темір ауданында 310 бала екпе жасатпаған. Олардың саны төмендеудің орнына көбейіп тұр. Өзімізді ойламасақ та балаларымыздың болашағын ойлайық», - деді Темір ауданының халқымен кездескен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі мектептерге қара киініп баратын оқушылардың бар екенін де жасырған жоқ.

«Кішкентай қыз баланы қап-қара киіммен мектепке жіберу не деген сұмдық? Мемлекет басшысы қазақтың қай кезде қара киетінін айтты. Қазақ қай заманда да қара киім кимеген. Осы жағына қарауымыз керек, ертең кеш болады. Бұрынғы болған оқиғаларды есімізден шығармауға тиіспіз. Оларға қатысты құдайдың құтты күні шара қолдануымыз керек», - деді әкім.

Сапарбаев баласына қол көтерген аналарға қатысты шетелдегідей жауапқа тарту керектігін айтты.

Тағы оқыңыздар: Әлі жеңіліп көрмеген Головкин кімдерден "қорқып" жүр?

«Басқа балалар екпе алып жатқанда неге олар алмау керек? Олар заңның алдында жауап береді. Қазір заңға өзгеріс енгізуге ұсыныс жасап жатырмыз. Заңға өзгеріс енгізбей болмайды. Әрбір ата-ана баласының денсаулығы үшін жауап беру керек. Шетелде баланың басынан бір ұрсаң кемі 30 күн отырғызып қояды. Бізде де солай болу керек. Ата-ана баланың болашағына жауап береді», - деді Сапарбаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1519819-saparbaev-mektep-zhasyndaghy-qyzdaryn.html