RU

Бас жүлдесі 50 000 долларға тең Астанадағы аламан бәйге қалай өтті? (фото)

Астана қаласы «Қазанат» атшабарында ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесіне ат спорты түрлерінен «ЭКСПО кубогы» өтті деп хабарлайды NUR.KZ.

Шараның ұйымдастырушылары - Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы облысының әкімдігі, Қазақстан Республикасының «Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы» мен «Қазақстанның бәйге түрлері қоғамы».

Қатысушылар Қазақстанның 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларынан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Польшадан және Ресей федерациясынан келген.

Көрермендер аламан бәйге, топ бәйге, жорға жарысы, құнан бәйге сынды алуан түрлі ұлттық спорт түрлерінің бәсекесіне куә болды. Сондай-ақ, негізгі жарыс арасында қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату, джигитовка сынды ұлттық спорт түрлерінен көрсетілім қойылды.

Нәтижесінде 25 шақырымға созылған аламан бәйгеде жүлделі бесінші орынды Ақтөбе облысынан келген «Алтын қазық» атты тұлпар иеленді.

Ал Алматы облысынан келген «Қозыкүрең» атты тұлпар төртінші орын тұғырынан көрінсе, Алматы облысынан келген Бұйражал жүйрігі үшінші орынға кеп тұрақтады.

Алматы қаласынан келген «Таңшолпан» атты сәйгүлік екінші орынды иеленіп, бірінші орын Атырау облысының «Желқанат» атты жүйрігіне бұйырды.

Құнан бәйгенің де бірінші дәрежелі жүлдесін Алматы облысынан келген «Долан» атты сәйгүлік қанжығаласа, жорға жарыста Ақмола облысының Элвуд Вэб атты тұлпары жеңіс тұғырынан көрінді.

Оған қоса, 1800 м және 2400 м қашықтықта ұшқыр аттар бәйгесі де көрерменнің көңілінен шықты. Жалпы, бәйгеге тігілген ең төменгі сыйақы 5000 доллар болса, ең жоғарғы жүлде 50 000 долларды құрады.

Жеңімпаздарды Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстанның Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрметті президенті Қайрат Сатыбалды, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Ұлттық спорт федерациясының президенті, Қазақстан Парламенті мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан марапаттады.

Ал көрермендер арасында ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары, Қазақ күрес спортының ардагері Жақсылық Үшкемпіров, «Қазақстан барысы» чемпионатының жеңімпаздары Бейбіт Ыстыбай, Ұлан Рысқұлов, Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов, айтыскер ақындар мен эстрада жұлдыздары және тағы да басқа белгілі тұлғалар бой көрсетті.

Жалпы, "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесінің аясында ұйымдастырылған шара өте жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырушылар Ұлттық спорт мейрамы Экспо көрмесімен қатар үш ай бойы жалғасады деп ақпарат берді.

Тамыз айында көкпардан әлем чемпионатын ұйымдастыру жоспарланған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1520278-bas-zhuldesi-50-000-dollargha-tenh-astanadaghy.html