RU

Ресейдің намысын қорғайтын қазақ қызы тағы бір белесті бағындырды (фото)

Ресейдің атынан шығып жүрген қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева ерлер арасында халықаралық шахмат шебері атанды деп хабарлайды NUR.KZ.

"Минскте өткен ерлер арасындағы Еуропа чемпионатында 13 жастағы тараздық Бибісара Асаубаева ерлер арасында шахмат шеберінің халықаралық нормасын орындап, автоматты түрде ерлер арасында халықаралық шахмат шебері атанды", - деп жазды "Қазконтент" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Иғали өзінің Facebook парақшасында.

Бибісара Асаубаева Таразда туып, Қазақстан туының астында төрт дүркін әлем чемпионы атанған. Ал спортшының Ресей командасының атынан өнер көрсетіп жүргеніне көп уақыт өткен жоқ.

13 жасында ерлер арасында халықаралық шахмат шебері атанған қазақ қызы туралы журналист Қыдырбек Рысбек өз ойымен бөлісті. Ол осындай дәрежеге жетіп отырған Бибісараны Ресейге беріп қойған шахмат федерациясының билігін сынға алды.

Тағы оқыңыздар: Жапониядағы қазақ қызы өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шықпайтынын кесіп айтты (фото)

"Ресей талантын мойындап, өздеріне шақырған Бибісара қызымыз Минскіде болған ерлер арасындағы Еуропа чемпионатында ерлер дәрежесі бойынша халықаралық шебер нормативіне қол жеткізді. Осы сында Бибісара үш бірдей күшті шахматшыны ұтып, төрт қарсыласымен тең ойнапты.

Ресейдің шахмат майталмандары қаршадай қазақ қызына жайдан жай қолқа салған жоқ. Бибісара шахматтан жасөспірімдер арасында әлемнің бес мәрте чемпионы! Осындай дарын баламызды орысқа беріп қойып, біздің шахмат билігіндегі бауырлар не бітіріп жүр, деген ой туады.

Бибісара былтыр Ресей атынан әлем чемпионы болды. Бұл балапан жеті жасында ФИДЕ-нің спорт шебері атанған тарихтағы бірінші шахматшы қыз екен.

Жамбыл топырағында туған Бибісара Асаубаева ертең Ресейдің атынан дүние чемпионы болып жатса, қалың қазақ қандай күйде боларын ойлаған дұрыс-ау...", - деп жазады журналист.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1520540-reseydinh-namysyn-qorghaytyn-qazaq-qyz.html