RU

Қытай азаматшасына ғашық болған қазақ жігіті сүйгенінен бес жылға айырылды

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Қытай азаматшасына қосылуға жәрдем сұраған қазақ жігітінің арызына қатысты пікір білдірді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі.

Бұдан бұрын Тұрсын Бөрібай есімді жігіт abai.kz сайтында жарияланған хатында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтан жұбайы Қытай азаматшасы Жазира Иманәліге қосылуға жәрдемдесуді сұраған болатын.

Жас жұбайлар екі жыл бұрын танысып, бір-біріне ғашық болып, жақында үйленіпті. Алайда ғашықтар бірге бола алмайды, өйткені көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін Жазира былтырғы жылы Қазақстаннан шығарылған.

Қазақ жігітінің жазуынша, өзі отбасының кенжесі болғандықтан, миына қан құйылып төсек тартып жатқан әкесінің бар арманы - ұлының үйлену тойын көру екен.

Тағы да оқыңыздар: Элиталы мектеп оқушыларының көбі түбінде нашақор болып шығатыны анықталды

Тұрсын Бөрібай бұл мәселе оң шешімін тапса, Қасымовты құрметті қонақ ретінде үйлену тойына шақыруға уәде берді.

ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Сәдубаев айтқандай, бойжеткен Қазақстанға былтыр 7 маусымда келіпті, бірақ бес күн ішінде уақытша тіркеуге тұрмай, 2016 жылы 22 маусымда ғана тіркелуге келеді.

Көші-қон заңнамасын бұзған шетелдік ару әкімшілік жауапкершілікке тартылып, Қазақстан шекарасынан шығарылған. Сот шешімінің негізінде көші-қон қызметі оған 2021 жылдың 29 маусымына дейін елге келуіне тыйым салады.

"Халықтың көші-қоны туралы" заңның 48 бабына сәйкес, Қазақстан аумағынан шығарылған шетелдіктерге Қазақстанға келуге бес жылға тыйым салынады. Талдықорған ауданаралық әкімшілік сотының шешіміне шағым түсіріп, шешім өзгертілген жағдайда көші-қон қызметі Қазақстанға келуге тыйымды алып тастайды", — деді Сәдубаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1521275-qytay-azamatshasyna-ghashyq-bolghan-qaza.html