RU

ОҚО-да қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан орыс қызы намазға жығылды (фото)

ОҚО-да қазақ отбасына келін боп түскен орыс ұлтының қызы қазақтың салт-дәстүрлерін ұстанып қана қоймай, дастарханынан ұлттық тағамдарды үзбеуге тырысады. Ең бастысы, тұрмысқа шығып, некесі қиылған сәтте мұсылман атанған Виктория Аллаға құлшылық жасап, намаз оқиды, деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Виктория Тұрысбекова (Шумарина) Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауылында туып-өскен. Ата-әженің тәрбиесін алған ол қазақ тілді балабақшаға барыпты. Мектепті де қазақ тілінде тәмамдап, кейінірек колледжге оқуға түседі.

Студент атанған бойжеткен жолдасы Асқармен Шымкенттегі саябақтардың бірінде танысқан.

Бес жылдый қыз бен жігіт болып кездесіп жүрген олар ақыры шаңырақ көтеруге шешім қабылдайды. Ол кезде орыс қызының жасы небәрі 19-да. Анасы қызының қазақ жігітіне тұрмысқа шығуына үзілді-кесілді қарсылық танытыпты. Виканың әжесі бір-бірін қалап тұрған жастарға батасын береді.

Ал, Асқардың ата-анасы орыс қызын келіндікке алуға ешбір қарсы болмаған.

«Балам, өмір сенікі. Болашақ жарыңмен бірге тұратын біз емес, өзің. Кез келген таңдауыңды қолдаймыз» деп анам айтты. Бір-бірімізді қалап тұрған соң шаңырақ көтердік», - деді Викторияның жолдасы Асқар.

Келін боп түскен Вика алғашында біраз қиыншылықты басынан өткеріпті. Соның ішінде қазақтың ұлттық тағамын дайындау орыс қызы үшін таңсық болады. Дегенмен көп ұзамай оны да үйреніп алған.

«Мен келін боп түсіп, көп уақыт өтпей еншімізді алып шықтық. Себебі жолдасымның жұмысына байланысты Алматыда тұруымыз қажет болды. Демалыс күндері үйге келіп тұрдық. Сонда марқұм енем үнемі білгенін үйретіп, ақылын айтудан шаршамайтын. Мені келіні емес, қызындай көруші еді», - деп әңгімесін бастаған Вика енесі немересін көре алмай кетті деп қынжылды.

20 жасында ұлды болған Виктория бала қарауда қайын әпкелері мен абысындарының ақылына жүгінгенін айтты.

«Туыстарымыз тек демалыс күндері келіп жүрді үйге. Өйткені олардың да бала-шағасы бар ғой... Жолдасым үнемі қасымнан табылды. Шүкір, Алланың берген үш ұлын дүниеге алып келдім. Балаларымның апайлары маған өзіңіз сияқты сап-сары қыз босанып алмайсыз ба деп қалжыңдап жатады.

Әрине, барлығы Алланың қалауымен ғой. Жаспын, бала туудан қашпаймын. Өзім көпбалалы отбасыға келін боп түскенмін. Қандай да бір жиын өткізетін болсақ, барлығымыз жабылып бітіріп тастаймыз. Абысын-келіндеріммен татумыз», - деген Викторияның сөзінен енесі секілді алтын құрсақты ана атануға ынтасы барын байқап қалдық.

32 жастағы келіншектің қазақи болмысына көршілері де үйреніп қалған. Қазақшалап құран оқытып, шелпек таратуды әдетке айналдырған Вика кейде таң атпай сиыр сауып, оны падаға жіберудің қамына кіріскен сәтте оны көрген көршінің қариялары келіндеріне «Вика ұйқыдан тұрып, жұмысына кірісті. Сендер әлі жатырсыңдар», - деп ұрысып та алатын көрінеді.

Виктория сиыр сауып, одан айран, қаймақ, май алып қана қоймай, құрт та жасай береді. Одан бөлек тауық бағады. Ауласында көкөністің түр-түрін егіп тастаған. Жақында ғана ауласындағы шиеден тосап та әзірлеп үлгеріпті. Әңгіме барысында кейіпкерімізге «ауылдың өмірінен шаршаған жоқсыз ба?» деп сұрақты төтесінен қойып көрдік.

«Бұрын мектепте жоғары сынып оқып жүрген кезімде «ауылдың өмірінен шаршадым» деп қалада тұрғым келетін. Студент болдым. Қала өмірін де көрдім. Ал қазір ауылдан ешқайда кетпес едім. Ауыл деген рахат қой. Сүт пен айраның, қызанақ пен қиярың, тауық жұмыртқасы, бәрі-бәрі дайын тұр, табиғи. Барлығы балаларым үшін ғой. Перзенттерім өскен соң да қалаға көшу туралы ойланбас едім», - деді Виктория Тұрысбекова.

Тағы бір ерекше атап өтерлігі, Виктория қазақтың бүкіл салт-дәстүрін жетік меңгерген.

«Жолдасым, балаларым қазақ. Өзім де қазақ боп кеткенмін», - деген ол дәстүр мен ырымдарды күнделікті қолданыста үнемі қолданып та жүреді екен. Қайын атасы Викторияны "Жеңісгүл" деп атайды. Ал өзі қайын інілері мен қайын сіңлілеріне еркелетіп есім де беріп қойған.

«Алты ұл, бір қызбыз ғой отбасымызда. Ең кенжеміз - қарындасымыз. Осыдан біраз уақыт бұрын күйеу балам таң атпай хабарласып, екінші жиеніміз өмірге келгенін айтып сүйінші сұрады. Мен қуанғаным сонша, «құтты болсын» дей беріппін.

Қасымда тұрған Вика «жиенімізге үйдегі бір тананы атадық деп айтсаңшы» деп есіме салды. Нағашының жиенге олай атайтыны туралы мүлдем ұмытып кеттіппін мен», - деді Викторияның жолдасы.

Айтпақшы, қазақ жігітінің жары күйеуінің рұқсатымен намазға жығылған. Соңғы екі айдан бері бес уақыт намазын қаза етпей оқып келе жатқан Вика Аллаға құлшылық жасау арқылы үлкен жеңілдікті сезінетінін жасырмай айтты.

«Әрине, барлығын бірден үйреніп кете алмайсың ғой. Мен де намаз оқитын кезде шатасып қалған сәттерім болды. Намазды кітаптан оқып үйрендім. Бастысы, ішкі ниетте ғой. Оқыған сайын кәдімгідей жеңілденіп қаламын», - деп сөзін жалғады орыс қызы.

Викторияның ораза ұстауына күйеуі қарсы болыпты. Себебі бала-шағаның тамағы, сабағы, үйдің шаруасы кедергісін тигізеді деп есептейді екен.

Ерлі-зайыптылармен әңгімелесіп отырып, тату-тәтті өмір сүрудің құпияларымен де бөлісе кетуді сұрадық.

«Қандай ұлт болсын, менің ойымша отбасында көп нәрсе әйел азаматына қатысты. Олардың өзін ұстауы, әрмен қарай алып кетуі... Соңғы кезде көріп жүрміз ғой, жас қыздарымыз бар тұрмысқа шығып, екі ай өтпей ажырасып жатады. Олар отбасында болған ұрыс-реніштің барлығын аналарына жайып салып, шағым айтудан жалықпайды. Ондай кезде аналары «ішімен сыйған бала сыртыма да сыяды» деп қыздарын әкеп алады.

Негізі ол дұрыс емес. Бізде де ұрыс-керіс боп тұрады. Бірақ ол өз арамызда қалады, сыртқа шықпайды. Бастысы, ерлі-зайыптының түсіністігінде», - деген Асқар Тұрысбековтың сөзін жары да қуаттады.

Сұхбат соңында үш баланың анасы Виктория қазақ шаңырағына келін боп түсу арқылы имандылық, сыпайылық пен қонақжайлылық қасиеттерін меңгергенін жеткізді.

Ерлі-зайыптылармен сұхбаттасып болып, қайтуға қамданып жатқанымызда төрдегі бөлмеден орамалын құшақтап келген Виканың «Қазақта «қуыс үйден құр шықпа» деген бар ғой» деп сый көрсетуі ішімізді жылытып жібергені анық.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1521782-oqo-da-qazaq-zhigitine-turmysqa-shyqqan.html