RU

ЭКСПО картасында Қырымды Ресейге қосып қойғандардың басы дауға қалды

Қазақстандағы Украина елшілігі Astana Art Fest фестивалі аясында Нұржол гүлзарында қаз қатар орнатылған мемлекеттердің картасынан Украинаның аумақтық тұстастығын бұзу белгілерін тапты деп хабарлайды NUR.KZ.

Украина жағы картаны көрген бойда елшіліктің Facebook-тегі парақшасына бұрмалаушылық деп тапқан карта суретін жүктеп, еліміздің Сыртқы істер министрлігінен түсініктеме беруді талап етті.

"Нұржол бульварында  Astana Art Fest аясында орнатылған Украинаның картасынан оның аумақтық тұтастығын бұзу белгілері бар. Ал Ресей федерациясының картасы Украинанның егемендігіне қол салу белгілерін көрсетіп тұр. Украина жағы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен түсінік беруін және әрекет етуін сұрайды", - делінген желідегі жазбада.

Сыртқы істер министрлігінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді Astana Art Fest фестивалінде Қырым қосылып бейнеленген Ресей картасына қатысты мәселені саясиландырмауды сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Біріншіден, бұл оқиғаны саясиландырудың қажеті жоқ. Бұл инсталяция бір шығармашылық ұжымның туындысы. Тиісінше, ешқандай саяси пиғыл болған жоқ. Суретшілер саяси жағына мән бермей, шығармашылық тұрғыдан келген сияқты. Олар өз кәнісін мойындап, Украина елшілігіне кешірім сұрап ресми хат жіберді", — деді Тілеуберді БАҚ өкілдеріне.

Осыған қатысты белсенді желі қолданушылары да түрлі жазба қалдырып, пікір білдірген. Facebook-тің белсенді қолданушысы Арман Шораев парақшасында әлдекімдердің Қырымды Ресейдің туының түсімен бояп тастағанын жазды. 

Тағы оқыңыздар: ОҚО-да туған анасы өлімші етіп сабаған жеті жасар баланы ешкім іздеп келмеген (фото)

"Түнде біреу Қырымды Ресейге қосып бояп тастапты. Оны қайтадан қалпына келтіріп бояған адамға 100 мың теңге беремін! Атын айтпауға кепілдік беремін!",- деген еді ол.

Арман Шораевтың сөзіне Самат Нұртаза есімді азамат құлақ асып, Қырымды Украина туының түсімен бояды.

Ал содан кейін шараны ұйымдастырушылар Ресей мен Украина карталары бейнеленген статуэткаларды бояп тастады. 

Мұны желі қолданушылары "шығыс дипломатиясы", "саған да, маған да жоқ", "қазақша хэппи энд" деген сияқты пікірлермен күлкіге айналдырып үлгерді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1522094-ekspo-da-qoyylghan-kartada-qyrymdy-res.html