RU

Қырықтан асқан соң тұрмыс құрған келіншек күйеуіне сәби сыйлайтын жас қыз іздеуде (фото)

Бүгінгі таңда бір балаға зар болып жүрген ерлі-зайыптылар қатары көбейген. Талай рет жасанды ұрықтандыру жолымен ұрпақ сүйіп көрмек болып, беті қайтқан жандар кейінгі жылдары суррогат ананың көмегіне жиі жүгінуде.

Интернет желісінде материалдық жағдай үшін өзге отбасына бала туып беруге дайын әйелдердің көптігінен көз сүрінеді. Алайда қырық жастан асқанда тұрмыс құрған шымкенттік келіншек күйеуіне бала туып беретін жас қыздарды іздеп таба алмай жүр деп хабарлайды NUR.KZ.

Есімін айтқысы келмеген шымкенттік әйел өзінің үш жылдан бері бала көтере алмай жүргенін айтады. Егер перзент сүю бақытына кенелтетін жас қыз тапса, оған қаладан үй әперемін деп отыр.

"Бала туып беремін деген әйелдер көп. Бірақ олардың жас ерекшеліктері сай келмейді. Маған хабарласып сұрағандар кемі 35-те, тіпті 40-45-ке келіп қалған әйелдер де өз қызметін ұсынды. Арасынан біреуін байқап көріп едік, түк шықпады. Денсаулықтары әбден шаршаған. Сондықтан мен хабарландыруға жасы 20-25-тегі қыз-келіншектерді іздеймін деп жаздым. Олардың туу қабілеті жоғары болады. Алайда ондай жас келіншектер табылмай жатыр. Егер шығып жатса, күйеуім екеуміз оның бар жағдайын жасаймыз, басқа қаладан болса, осында пәтер жалдап береміз, бас-аяғына дейін оның қасынан табыламыз. Жеке дәрігеріме тексертіп, денсаулығына көңіл бөлеміз. Барлығы заңды түрде келісім-шарт бойынша жүзеге асатын болады. Одан кейін қаладан жеке үйін де әпереміз", - дейді шымкенттік келіншек.

Тағы оқыңыздар: ОҚО-да жантүршігерлік жол апатынан бір әйел мен кішкентай екі бала қаза болды

Перзентке зар әйелдің тағы бір талабы бала туып беруге келіскен жас әйелдің тұрмыста болмауы. Айтуынша, кейін балаға ешкімнің таласы болмас үшін бұл талап қатаң орындалуы тиіс екен. Шымкенттік келіншек жолдасының заң саласында қызмет етіп жүргенін айтады. Олар ұрпақ сүю бақытына кенелтетін жас қыз-келіншекті үлде мен бүлдеге орауға жағдайының жеткілікті екенін алға тартады.

Шымкенттік келіншектің айтуынша, желідегі сұранысқа сай құрсақ аналар да бағаны аспандатып жіберген. Оның ойынша, елімізде бұл саланы бизнеске айналдырып алған.

Айта кетсек, әлемде суррогат аналыққа қатысты ұстаным біркелкі емес. Мәселен Франция, Германия, Австрия, Норвегия, Швеция, АҚШ-тың кейбір штаттарында мұндай "ата-аналарға" тыйым салынған.

Австралия, Ұлыбритания, Дания, Испания, Канада, Нидерланд секілді елдерде суррогат аналықты табыс көзіне айналдыруға рұқсат берілмейді. Беларуссияда суррогат ананың қызметін медициналық көрсеткіштер бойынша бала көтеруге физиологиялық мүмкіндігі жоқ әйелдер ғана пайдаланады.

Тағы оқыңыздар: Қазақ боксын мойындаған пәкістандықтар бас бапкерді Қазақстаннан шақырды

Ал Қазақстан, Ресей, Украина, Грузия, Оңтүстік Африка Республикасы, АҚШ-тың көптеген штаттарында суррогат ана болу, оның ішінде сол арқылы пайда көру заңмен реттелген.

Еліміздің мұсылмандар діни басқармасы құрсақ анаға қатысты шығарған пәтуада мұндай жолмен бала табуға шариғатта рұқсат жоқ деп кесіп айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1522501-shymkenttik-kelinshek-kuyeuine-bala-tu.html