RU

Астана әкімдігі үйлері құлағалы тұрған отбасыға киіз үй тігіп беріпті

Астана әкімдігі баспанаға мұқтаж көпбалалы отбасын киіз үйге жайғастырды. Көктемде қар суымен үйінің іргесі сөгілген Бекболатовтардың басқа амалы жоқ деп хабарлайды КТК арнасы.

Дым тартып, құлап тынған үйдің отағасы мен балалары демікпеге шалдығып, тапқаны дәрі-дәрмектен артылмайды. Үй саларға жері бар, жағдайы жоқ жандарға жергілікті биліктің де берер көмегі шамалы.

Екі кештің ортасында үй-күйсіз қалған ана оқиғаның қалай болғанын еске алды. 15 жыл тұрған баспанасының бір күнде ойраны шығып, далада қалған отбасының көмек сұрап бармаған жері жоқ.

Тағы оқыңыздар: ОҚО-да ірі жол апатынан бір әйел мен кішкентай екі бала қаза болды

""Нұр отан" арқылы Алматы ауданының әкіміне бардым. Ол тұрғын үй басқармасына хабарласып мәселені тезірек шешуге бұйырды. Қуатбеков деген қабылдады, түк бітіре алмады. Исекешевке жазылдым, бірақ әлі кезегім келмей жатыр", - деген Раушан Иманғалиева әкім алдын көру мүмкін болмаған соң, депутаттарды жағалапты. Алайда көпбалалы ана олардан да үміт үзген.

"Аронова деген депутатқа бардым. Ол кісі көңілімді қалдырды. "Мен үшін бала тапқан жоқсың, соншама бала туардың алдында ойланбайсың ба?" деді", - дейді ашынған ана.

Тағы оқыңыздар: Қазақ боксын мойындаған пәкістандықтар бас бапкерді Қазақстаннан шақырды

Белшесінен жерге көмілген үйдің еден астынан жер асты суы сәуір айында сау етіп шыққан. Осыдан кейін біршама уақыт туыстарының үйінде бой тасалаған Бекболатовтар отбасы мына үйінің жанындағы ағаш сарайға көшіп келуге мәжбүр болды. Сол оқиғадан бері арада екі ай уақыт өткенімен әкімдіктің жалғыз көмегі - киіз үй осыдан бір апта бұрын ғана тігіліпті.

Әкімдіктегілер көпбалалы отбасына бұдан басқа дайын тұрған үй жоғын алға тартады.

Ал іргесі сөгілген баспананы апатты деп тану үшін комиссия құру керек. Одан кейін тағы кезек күтесің. Заң солай. Әзірге қолдан келер көмек осы дейді ақ жағалылар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1522936-astana-akimdigi-uyleri-qulaghaly-turgh.html