RU

ОҚО-да әкімнің орынбасары құлаған көпірден өтетін халыққа ақыл айтты (фото)

Оңтүстік Қазақстан облысында жанын шүберекке түйген тұрғындар халық үшін басы ауырмайтын әкімдерге өкпелі. Өйткені, бірнеше айдан бері ауыл халқы құлағалы тұрған көпірден өтіп жүр. Айтуларынша, шенеуніктер жазатайым жағдай орын алғанда ғана қимылдайды екен. Бұлай кете берсе, бұл өткел «өлім» көпірі атанып кете ме деген тұрғындармен өңірдегі NUR.KZ тілшісі тілдесіп қайтты.

Түлкібас ауданы, Майлыкент ауылдық округіне қарасты Т.Рысқұлов ауылының халқы апатты көпір арқылы қатынауға мәжбүр. Дүкен немесе өзге де шаруалармен балаларын жұмсау мұндағылар үшін ұмыт болғаны қашан. Себебі балаларды жетектеп алып өтпесе, аяғы тайып, астындағы толқыны басым Арыс өзеніне ағып кету қаупі бар. Олар түгілі ересектердің өзі ішімізден дұғамызды айтып өтеміз дейді.

Тұрғындардың айтуынша, көпірдің мұндай күйге түсуіне мамыр айының басында орын алған нөсер жауын себеп болыпты. Алғашында тек қоршалған темірлері сыр бере бастаған. Бір ай өткен соң бетондары отырып қалған. Бүгінде көпірдің бетондары тура ортасынан бөлініп кетіпті.

Тағы оқыңыздар: Көкшетауда облыстық соттың судьясын өлтіріп кетті

Ауыл тұрғыны Пернекүл Жұмабаева көпірдің жырымен талай есікті қағып, табан тоздырғанын айтты.

«Алғашында ауыл әкімінің Әсет деген орынбасарына бардым. Ол көпірді жөндеуге қаржыны аудан береді деді. Ауданға бардым. Үш лауазымды қызметкердің қабылдауында болдым, нәтиже жоқ. Олар мені доп секілді бір-біріне сілтеді. Ақыры соңында ауылдық округінің әкіміне қайта жіберді. Ал әкім мені адам құрлы көрмей, қабылдаған жоқ», - деді төрт баланың анасы Жұмабаева.

Көп балалы ананың сөзін көршілері де қуаттап отыр.

«Айтуындай-ақ айтып жатырмыз ғой. Тыңдайтын құлақ жоқ. Білмейміз, бұл билік міндетті түрде адам өлімін күтіп отырған сияқты. Әйтпесе көпірдің жағдайынан хабарсыз емес, біледі. Бірақ халықтың жағдайы қалай деп бір келіп халімізді сұраған жоқ. Жаңадан келген аудан әкімін мүлдем танымаймыз. Әкім деген ел аралап, халықтың мұңын тыңдаушы еді... Осы көпірді қайта салып берген марқұм бұрынғы әкімімізге жетпейді. Соның кезінде көшелеріміз жарықтандырылып та қалып еді. Ал қазір мына көпірден түн ауасында жүру тіптен қорқынышты. Жарық жоқ», - дейді билікке өкпелеген халық.

Егде тартқан қариялар болса жол азабын бұлай тартамыз деп ойламағанын айтуда.

Шу көтерген тұрғындардың мұңына қатысты мән-жайды білмек болып, жергілікті билік өкілдерін арнайы іздеп бардық.   Кезінде тұрғын Пернекүл Жұмабаеваны қабылдап, кейін әркімге бір сілтеген сол кездегі ауылдық округ әкімінің орынбасары, бүгінде басшының міндетін атқарушы Әсет Қамытбеков көпір мәселесін қиын деп ойламайды.

Неге екенін қайдам, шенеунік «сән подиумында» жүрмін деп ойлады ма, әйтеуір киген киімін әңгімеге арқау етті.

«Біз үнемі осылай көшеде жүреміз, сол үшін спорттық киім киіп алғанмын ғой», - деген ол Садықов көшесінің басында орналасқан өткелдің бүгінгі жағдайынан хабардар екенін, оны шешу үшін бюджеттік комиссияға ұсыныс айтылғанын жеткізді. Ауылдық округтегі апатты күйге түскен қос көпір құрылысына 3,5 млн сұрапты. Тек оның қашан бөлініп, жұмыстың қай уақытта жүргізілетіні белгісіз.

"Қаржы әлі бөлінген жоқ. Бір-екі аптада жөнделетін шығар, ол жағын білмеймін... Негізі халық шулайтындай ауылда бір ғана көпір емес. Сәл жоғарыда тағы көпір бар. Сол жақпен өтуге болады», - деді Қамытбеков мырза.

Бәрінен де аудан әкімінің орынбасары Марат Жанесеннің берген жауабы шалқамыздан түсірді. Білдей бір лауазымда отырған шенеунік бұл көпірді әлдеқашан жауып қойғанбыз деп жайбарақат жауап берді.

Тағы оқыңыздар: ЭКСПО көрмесінде бір кесе сорпаны 2800 теңгеден сатып жатыр (фото)

«Біріншіден, ол көпірді біз жауып қойғанбыз. Сіз тыңдасаңызшы, су әлі көп, азайып не "қылған" кезде тіреулерін құйып шығу керек. Арғы жағында үш жүз метрде көпір тұр, халық соны айналып өтіп жатыр. Бүгінше олар «терпеть» етіп тұрады. Ал қаржы сессияда қаралады, қашан болатынын айта алмаймын. Мен қазір су тарту мәселесімен айналысып жатырмын. Осыны түсірмейсіңдер ме?», - деген әкім орынбасары журналистерді тек атқарылып жатқан оңды істерді көрсету маманы деп қабылдайтын секілді.

Тағы бір қызығы, әкімнің орынбасары  қоластындағы қызметкерге «Немене, өздерің жауап бере алмайсыңдар ма?» деп жекіп те үлгерді.

Марат Жанесеннің үш жүз метр жерде екінші көпір бар дегенін естіп жағамызды ұстауға мәжбүр болдық. Аталған өткел  жағдайы мүлдем мүшкіл болғандықтан жабылған. Ал тұрғындар мұңын айтқан өткел аудан әкімінің орынбасары үшін лентамен қоршалып қойылыпты.

«Ешбір лента көрмедік» деген сұрағымызға шенеуніктен «Алып тастаған халық кінәлі» деген жауап алдық.

Атап өтерлігі, "сәл жоғарыда тағы көпір бар" деген қос шенеуніктің айтуымен сол өткел басына арнайы барып көрдік. Әлгі көпірге жеткенше біраз уақыт жаяу жүруге тура келді. Оның өзі автомобиль жолдарына арналған өткел екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1523369-oqo-da-akimninh-orynbasary-qulaghan-kop.html