RU

Әдеп кеңесінің шақыртуын құлағына ілмеген Ақтөбе әкімі басшылықтан сөз естіді

 

Ақтөбедегі қала əкімшілігінде тағы шу шықты. Қала əкімі Ілияс Испановтың аппарат басшысы қызметтік көлігімен анасын тасып келген деп хабарлайды аймақтағы NUR.KZ тілшісі.

Мемлекет мүлкін өз мақсатына пайдаланған басшының тəртібі Əдеп кеңесінде қаралды. Қалалық əкімдік қызметкерінің тəртібіне қатысты Əдеп кеңесі қала əкімін де шақырған. Үнемі жұрт  аузында жүретін Ілияс Испанов кеңесте төбе көрсеткен жоқ. Өз қызметкерінің тəртібіне немқұрайлы қараған əкімнің əрекеті Əдеп кеңесінің төрағасы Қайыржан Тоқышевтың ашуына тиді.

"Əдеп кеңесінен əкім жоғары ма? Əкімге қатысты да сұрақты қарау керек. Мұрнының астында мынадай жағдайлар болып жатқанда Испанов неге келмеген? Мен оны бұл жерге қонаққа шақырған жоқпын. Келесі Əдеп кеңесіне қала əкімін шақырып, тыңдайтын боламыз", - деді Əдеп кеңесінің төрағасы Қайыржан Тоқышев.

Тағы оқыңыздар: Бизнесмен: "Қазақпыз ғой" деген бір ауыз сөз парламент шеше алмайтын проблеманы шешеді

Ақтөбеліктер де қала əкімі Ілияс Испановқа күмəнмен қарай бастады. Қоғамдағы барлық жағдайға пікір білдіріп жүретін Бердібек Сапарбаевтың өзі Испановқа ескерту айтқан емес. Облыс əкімі тек тамыр-таныспен жүргендермен күресіп жатқанын ғана айтты.

"Əрқайсымыз ру-ру, ата-ата болып бөлініп кететін болсақ болмайды. Қызметте де сондай. Сіздер маған ренжімеңіздер ананы қоймады, мынаны қоймады деп. Қолынан жұмыс келе ме, қоямыз. Қай рудан, қай жақтан деген болмайды. Ең негізгісі - оның жұмысқа деген қабілеті, білімі. Тамыр-таныстықты да шамамыздың келгенінше жойып жатырмыз. Ешқандай тамыр-таныс болмайды. Əркім өз басымен жұмыс істеу керек. Қазіргі заманда əкең не атаң мықты болғанымен түк те болмайды",-деген болатын Ақтөбе облысының əкімі Бердібек Сапарбаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1523759-adep-kenhesinnh-shaqyrtuyn-qulaghyna-ilm.html