RU

Түймебаев ескертпестен ауыл аралап, "соғыстан қалғандай" күй кешіп отырған әкімге шүйлікті (видео)

ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев жоспардан тыс ауылдарды аралап, қоластындағы қызметкерлерін әбден састырды деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Аймақ басшысы Ордабасы ауданына жасаған сапарында кестеде бекітілмеген ауылдарды аралады. Оның бұл сапарына жергілікті шенеуніктер дайын болмаса керек, не айтарын білмей дал болды. Халық та күтпеген қонаққа мәселелерін айтуға құлшыныс танытпады.

Бір қызығы, Төрткүл ауылдық округін аралап шыққан Түймебаев мырза бұл жерді соғыстан қалған ауылға балады. Өйткені XXI ғасырды сезіндіретіндей ешбір белгі жоқ.

Кенеттен шаштаразға кіріп барған аймақ басшысының «Соғыс болған ба мұнда? Бұл дүкен бе? Шаштараз ба? Мынау сонда қалай? Осылай жұмыс істеп жатырсыздар ма? Бұлай жұмыс істеуге бола ма? Суы қайда шаштараздың? Шаш алғаннан кейін суы болуы керек қой. Дұрыс па? Жағдай жоқ па? Неге жағдай жоқ? Бұл ауылда су бар ма, жоқ па?», - деген сұрағына сасып қалған ауыл әкімі олқылықты кәсіпкердің нысанды жалға алуымен байланыстырмақ болды.

«Барлығы да жалға алып істейді. Бірақ санитарлық талапқа сай болуы керек. Мынау не? Біз ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз ғой», - деді Түймебаев.

Бұдан өзге облыс әкімі тұрғын үйлердің сыртқы көрінісін көріп, шошып кетті.

«Мына үйлердің жағдайы сын көтермейді. Бәрін реттеу керек. Мен бұл ауылды жеке бақылауыма аламын. Әкімдердің жұмысы төмен. Қалай реттейміз, солай қорытынды шығарамын», - деді ашуға булыққан Жансейіт Түймебаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1524145-tuymebaev-eskertpesten-auyl-aralap-s.html