RU

ЭКСПО аумағындағы тамақ бағаларының неге қымбат екені белгілі болды

Экспо көрмесінің ұйымдастырушылары қалашықтағы ішіп-жемнің қымбаттығына қатысты түсініктеме берді. Мәселен, бір мейрамханада қуырдақ құны 6500, екі стақан компот 1200, бір шәугім шәй 2000 теңгеден сатылып жатыр.

Ал, Қазақстанға келген туристер ұлттық тағам таппай табан тоздырып жүр. Ұйымдастырушылар болса бәрі бар, баға орташа деп бет бақтырмайды. Алайда, түсірілім тобы барғанда қалашықтың саудасын бақылайтын шенеуніктің қағазы мен сөредегі баға әртүрлі боп шықты.

ЭКСПО көрмесі - бір-екі сағатта аралап бітіретін мұражай емес. 174 гектарға жайылған павильондарды тамашалап шығуға бірнеше күн кетуі мүмкін. Бір шықсаң, қайтып кіруіңе жаңа билет сұрайтын көрмеде жүрек жалғамасаң болмайды.

Ал бағалар мынадай:

Қалашық ішіндегі жалғыз қазақ ұлттық мейрамханасында өзбектің палауы 4 мыңға барады. Грек салаты - 3200. Сорпа 3 мың. Қуырдақты 6500-ға жеп, шөліңді 1200-дің компотпен басасын.

Тағы оқыңыздар: Депутат қымбат көлігі мен зәулім үйін көрсетіп, мақтанатын байларға салықты көбірек салуды ұсынды

Өңірлерден келген қатардағы азаматтар осыншама ақшаны қайдан аламыз деп таң.

"Көрме дүкен емес. Бизнес пайда табуы керек. Олар барлық инфрақұрылымды жасау үшін шығындалды. Жақсы ат үшін ешбір кәсіпкердің көрмеге келмейтіні анық қой. Сіз айтып отырған судың орташа құны бізде 250 теңге", - дейді «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ коммерция департаментінің директоры Дәулет Еркімбаев.

Судың сұрауын салғанымыз, жарты литр суды біз де 350 теңгеге алдық. «Мүмкін емес» деген ұйымдастырушы дүңгіршектің алдына келгенде басқа баға көріп састы.

Тағы оқыңыздар: Әлемге әйгілі Цукерберг шымкенттік кәсіпкерді сотқа беруі мүмкін (фото)

"Бағасы 350. Жоқ, біз ауыстырамыз. 350 теңге болмайды", - деді ол.

Бір сөзбен осы орнаған баға - баға. Артпаса кемімейді. Себебі көрме ішінен бір шаршы метрді 1 миллион 200 мың теңгеге жалдайтын кәсіпкердің мақсаты – табыс табу. Сондықтан Экспоны көруге келгендерге осындағы бағаны қанағат тұтуға тура келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1524400-ekspo-aumaghyndaghy-tamaq-baghalarynynh.html