RU

Атышулы бизнесмен Мұратхан Тоқмәдидің екінші жары туралы не білеміз? (фото)

Қылмыстық топқа қатысы бар деп қамалған қазақстандық бизнесмен, "ҚазСтройСтекло" компаниясының директоры Мұратхан Тоқмәдидің өмірлік жары да елге танымал тұлға деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Жәмиля Айымбетова да бизнестің кілтін тапқан табысты кәсіпкер. Ол қазақстандық журналистиканың басы-қасында жүріп танымал болған жан. Университетті бітіре салып, 31 арнаға Арманжан Байтасовтан шақырту алған Жәмиля сол кезде танымал болған "Сезон" атты телебағдарламаны жүргізді.

Ол елімізде алғаш болып қымбат журнал шығаруды қолға алды.Сондай-ақ Жәмиля Айымбетова шетелдік әйгілі ELLE журналын Қазақстанға әкелді. 

Жоғарыда аталған жетістіктерімен бірге ол маркетинг бойынша МBA дәрежесіне ие.

2015 жылы "Власть" басылымына берген сұхбатында ол осы дәрежеге жеткенін жолдасының арқасы екенін айтқан.  

"Күйеуім маған компаниямды құруға ақша берді. О баста ол менің жұмыс істемей отыра алмайтынымды білді. Мен оған қашан да маған қолдау білдіріп келгені үшін ризашылығымды айтамын", - дейді ол өз сұхбатында күйеуі Мұратхан Тоқмәди туралы.

Жәмиля Айымбетованың есімі элиталы кеш қонақтарының есімдерімен қатар аталады.

Ол түрлі сән байқауларын ұйымдастырушы ретінде де танымал.

Оның сондай-ақ, салауатты өмір салтына арналған тағамдар сататын дүкендер желісі бар. Айтуынша, олар отбасымен спортқа жақын адамдар.

Жәмиля Айымбетова жақында ұсталған бизнесменнің екінші жары. Олар 1997 жылы отау құрған.

Мұратхан Тоқмәдидің бірінші жары туралы мәлімет аз.

Тек биыл көктемде тұрмысқа шыққан модель әрі актриса қызы Зере Instagram аккаунтында әкесі мен анасының бірге түскен суреттерін жиі жариялап отырады. Соған қарағанда олар бір-бірімен қарым-қатынасты үзбей, араласып тұратынға ұқсайды.

Естеріңізге салсақ, белгілі кәсіпкер Мұратхан Тоқмәди Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігінің арнайы жасағы 12 маусым күні тура үйінен тұтқындап әкеткен болатын. 50 жастағы бизнесмен «Депутаттық корпус» атты қылмыстық топқа жетекшілік еткен. Құрығы ұзын қылмыстық топтың сойылын соғатындар билікте де көп көрінеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1524474-atyshuly-biznesmen-muratkhan-toqmadid.html