RU

Ақтөбе облысында он жастағы баладан жетпістегі қарияға дейін жат ағымның жетегінде кеткен

Ақтөбе облысының Темір ауданында 500-ге жуық жат ағымда жүргендер бар. Бұл - елді алаңдатқан «Шұбарши оқиғасы» тіркелген күрделі аудан. Ауылда имамның айтқанына көнбей жүргендердің алды 70 –ке жақындаған қариялар. Уахабшылардың мектеп жасындағы балалары да дәстүрлі дінді мойындамайтынын имамдардың өздері айтып берді деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

«Жат ағымда жүргендер саны 498 деп айтылады. Қазір солармен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жат ағымда жүргендердің ең үлкені 70 жаста. Жасы балалар. Адасқан ағымда жүргендердің балалары да сол тәрбиеде өсіп келеді. Жамағатпен жаға жыртысатындай жағдай болған жоқ. Келіспеушіліктерді біліммен дәлелдеп жатырмыз. Өз сенімдерін дәлелдей алмайтындардың арасында мешітке келмей қалғандары болды.

«Мен сенімен сөйлеспеймін, өз сенімімде қала беремін. Менде білім жоқ, өз сенімімді дәлелдей алмаймын» дейтіндер бар. Олар білімсіз, надандықтан жат ағым жетегінде жүр. Өз сенімімде қаламын дейтіндердің арасында үлкен кісілер де бар. Бұл туралы құзырлы орындарға ақпарат бердік»,- дейді Темір аудандық мешітінің бас имамы Мадияр Пірімқұлов.

Тағы оқыңыздар: Қарағандыда алапат өрт болып, 500 адам құтқарылған (видео)

Ақтөбедегі жат ағымда жүргендер санының көптігімен діни жағдайы күрделі саналатын Темір ауданына жаңа имамның келгеніне көп болған жоқ.

«Бірінші келген кезде жат ағымда жүргендер мешіттің ішкі тәртібіне қиындық туғызды. Кейін мүфтияттан мешіттің ішкі тәртібі бекітіліп шыққаннан кейін жағдай түзелді. Жат ағымда жүргендердің арасында бізге қатты жақындап кете алмай, бауырларының қатарынан шыға алмай арақатынас ұстап жүргендер де бар. Бірақ, оған да шүкір дейміз.

Елімізде 70 жылдық отаршылдық саясаты болды. Ұлттық құндылықтарымыз тоқтап қалды. Сол кезде діннің басын теріс ағыммен танысқандар жат ағымда кетті. Олардың өз сенімдерінде қатып қалуының себебі сол»,- дейді имам.

Тағы оқыңыздар: Тұрғындар Қасымовтан кім көрінгенге мазақ болған полицейлерге араша болуын сұрады

Мадияр Пірімқұлов 10 жастағы балаға дәстүрлі дінді мойындатудың өзі қиын екенін жасырған жоқ.

«Әкелері жат ағымда жүргендер балаларын құран сабағына әкеледі. Біз ол балаларды тәрбиелеп жатырмыз. Бірақ, сенім мәселесінде әкесінің тәрбиесі  үлкен рөл атқарады. Бала да сол көзқараста. Бізде осындай 3 класста оқитын бала бар. Оған дінімізді дәлелдеп жатырмыз», - дейді аудандық мешіттің бас имамы.

Ауылдағы діни жағдайға қарапайым тұрғындар да алаңдайды.

«Біздің ауылда сақал өсіріп, қара жамылғандар көп. Жап-жас балалар ыңғайсыз сақал жіберген. 30-ға жетпеген жігіттердің сақалдары кіндігіне дейін жетеді. Олардың әйелдері үйлерінен шықпайды. Есіктері үнемі жабық болады»,- дейді Шұбарқұдық ауылының тұрғыны Бағдат Сүйсенов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1524619-aqtobede-qandy-oqigha-oryn-alghan-temir.html