RU

Ақтауда арзан майға таласқан жұрт бір-бірін таптап кете жаздады (видео)

Ақтау супермаркеттерінің бірі майды арзан бағаға сатамыз деп оқыс жағдайға тап болды. Арзан майға таласқан жұрт бір-бірін таптап кете жаздаған. Бұл туралы NUR.KZ порталы «Ладаға» сілтеме жасап хабарлайды.

14 маусым күні жасалған акцияға сәйкес, жағдайы төмен тұрғындар мен зейнеткерлер арзан бағаға азық-түлік сатып алады деп жоспарланған.

Алайда тағамды арзанға алғысы келетіндердің қарасы көп болғаны соншалық, супермаркетте талас басталып кетіпті. Жұрт бір-бірін таптап, балағат сөздер жаудыруға кіріскен.

Тағы оқыңыздар: 

«Біз бұл жеңілдікті жағдайы төмен тұрғындарға ұйымдастырған едік. Алайда оны арзанға алып, қайта сатуды көздегендер жәшіктеп сатып алғысы келді. Талас ашқан жұрт, тіпті майды бір-бірінің қолынан жұлып, төбелес ашты. Олар мұндай акцияларға еті үйренбеген болуы керек. Өзін қалай ұстау керектігін түсініп жатқан жоқ. Бұл бәлкім менталитет те болар", - дейді дүкен басшылығы.

Нәтижесінде таласқан жұрт барлық майды жарты сағатта тауысып кетіпті. Айта кетерлігі, әдетте 305 теңге тұратын май акциямен 149 теңгеге сатылған. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1525440-aqtauda-arzan-maygha-talasqan-zhurt-bir.html