RU

Қазақстан азаматтары табыс қуалап, Испанияға ағылуда (фото)

Жоғары білім алуды көздеген қазақстандықтардың Испанияда қарасы көп. Себебі, бұл елде білім алу мүмкіндігі жоғары екен. Қазақ қызы Айгерім Бектібаеваның Барселонада білім алып жатқанына бес жыл болды. Ол NUR.KZ порталына аталмыш елде тұрудың артықшылықтары мен кемшіліктерін тізбектеді.

22 жастағы Айгерім - Алматы тумасы. Ол Испанияда тұруға әбден үйреніп алған.

"Футболдан Испания құрамасына 2008 жылдан бері жанкүйермін. Содан бері осы елді көруді армандап келдім. Шынымды айтсам, Барселонада емес, ҚазҰУ-да оқимын деп ойлағанмын. Алайда шетелдік оқу орындары көрмесінде Испанияда білім алу қымбат еместігін білдім. Ата-анам менің қалауымды білгесін, қолдау білдірді. Осылайша 2012 жылы мен Барселонаға келдім", - деп есіне алды ару.

Бүгінде Айгерім "Бизнесті басқару" мамандығы бойынша оқуын аяқтауға шақ қалды. Ол түске дейін білім алса, түстен кейін заңгерлік компанияда тәжірибе жинақтап жүр.

"Мұнда жұмысқа тұру өте қиын. Дегенмен таныстар арқылы таба алдым. Қанша дегенмен, қай елде болсаң да, таныстардың болуы маңызды", - дейді бойжеткен.

Отандасымыздың айтуынша, Испанияға ағылатын қазақстандықтардың саны жыл санап артуда.  

"Алғаш келгенімде, Барселонадағы барлық дерлік қазақстандықтарды танитынмын. Бүгінде қазақстандықтардың көптігі сонша, біз бір-бірімізбен амандаспаймыз. Мейрамдарда ғана бас қосамыз, оның өзінде әрі кетсе отыз адам жиналамыз", - дейді Айгерім.

Бойжеткен еліне оралғысы келмейтін қазақстандықтарды да кездестіргенін жасырмайды. 

"Жақсы табыс тауып отырғандардың елге қайтқысы келмейтіндері де бар. Мұнда адамдар өзі үшін өмір сүреді. Ішкі жан дүниеңе жайлы жер болса, неге қалмасқа?", - дейді Айгерім.

Айгерім Испанияның артықшылықтары да, кемшіліктері де барын алға тартты.

"Мұнда адамдар мейірімді, әркім өз бетінше өмір сүреді. Қысым жоқ. "Адамдар не ойлайды" деген ой мазаңызды алмайды. Жалғыз кемшілігі - елдің қағазбастылығы деп ойлаймын", - дейді ару.

Бойжеткен қазақстандықтарға испандықтардың толеранттылығы мен өмірге шаттана алуын үйреніп алу керек деген пікірде.

"Олар ешқайда асықпайды. Қиындықтарға басы қатпайды. Сөздерінен "бұл қиындық емес, түк те етпейді" дегенді жиі естисің. Бізге де бұған үйрену керек деп ойлаймын, алайда бұл оңай емес. Қазақстан мен Испания дамдуың түрлі сатысында", - деп ой түйді ол.

Айгерім Испанияда қалып қою жоспарында жоғын жасырмады. Ол еліме пайдам тисе деген оймен жүр. Алайда әзірге елге оралудың уақыты келмеді деп санайды.

"Осында тәжірибе жинақтау үшін қала тұрғым келеді. Бәлкім Қазақстанға оралғанға дейін тағы бірнеше елде жұмыс істеп көретін шығармын? Дегенмен біз не жоспарласақ та, Құдайдың өз жоспары бар", - дейді ару.

Журналист Алтын Нығманованың материалынан аударылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1525696-ispaniyadaghy-qazaq-qyzy-munda-qazaqta.html