RU

Қытайда ұйғырларға мұсылманша ат қоюға тыйым салынды

Қытай үкіметі Шыңжаңдағы ұйғыр халқына "әсіре діни" аттарды қоюға тыйым салды. Коммунистік партия аймақтағы 16-ға толмаған балалардың Қажы, Жихад, Саддам секілді мұсылманша есімдерін өзгерту туралы жарлық еткен деп хабарлайды NUR.KZ.

Бұл туралы Guardian басылымы жазады.

Шыңжаң аймағындағы кәмелетке толмаған балалар өздерінің мұсылманша есімдерін өзгертуге мәжбүр. Ал үлкендер жағы ресми түрде өзін атеист деп санайтын Коммунистер партиясына адалдығын дәлелдеу үшін оның ұйымдастырған түрлі шараларына қатысуға міндетті.

Рамазан айында Шыңжаң билігі есімі исламға қатысты қойылған 16-ға толмаған барлық жасөспірімдерге оны өзгертуге бұйрық берді. Оның қатарында Ислам, Құран, Мекке, Жихад, Имам, Саддам, Қажы, Медина, Арафат сияқты 15 адам есімі бар.

Осы жылдың сәуіріне дейін бұл заң тек жаңа туған сәбилерге қатысты болса, енді 16-ға толмаған барлық балаларға мұсылманша есімді алып жүруге тыйым енгізіліп отыр.

Басылымның хабарлауынша, Шыңжаңдағы мұсылмандардың басым бөлігі ұйғыр этникалық тобынан. Бұл провинцияны Қытай үкіметі террористік қауіпті аймақ деп есептейді.

Халықаралық Адам құқықтары жөніндегі комиссия ұйғыр халқының діни бостандығын шектегені және оларға кейде төлқұжат беруден бас тартатыны үшін Қытай үкіметін қатаң айыптады. Алайда үкімет соңғы жылдары шығыс Қытай халқын батысқа көптеп көшіруде. Қазір Шыңжаңда олардың көрсеткіші 45% -ға жеткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1526551-qytayda-uyghyrlargha-musylmansha-qoyu.html