RU

Алматы облысында жалғызбасты ана аурушаң балаларымен өлместің күнін кешіп жүр

Алматы облысы, Тұздыбастау ауылында тұратын жалғызбасты ана аурушаң балаларымен өлместің күнін кешуде. Ол он жыл бұрын кенжесі құрсағында болғанда жесір қалған. Мұнымен оның басына жазылған тағдырдың тауқыметі таусылмапты. Екі жылдан соң туған сіңлісі жоғалып, оның ұлын бауырына басқан. Асырап алған жиенінің әлі күнге тілі шықпай жатыр деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Нұрғожаева Қарлығаш үйдегі бес балаға күнделікті тапқан тиын-тебенімен ішерге асты әрең тауып беріп жүр. Айтуынша, қазір ауылдық мешіттегі ауызашардан кейін ыдыс жуып, күнелтуде. Тұрақты жұмысқа тұруға Қарлығаштың денсаулығы жарамайды. Ол қант диабетіне шалдыққан. 

Қазір ол бес баламен ауылдың шетіндегі мына уақытша баспананы айына 25 мың теңгеге жалдап тұрып жатыр. Бірақ үйдің қожайыны бүгін-ертең бұл жерді де босатуды сұрап отыр.

«Пәтерақыны күнделікті табысымыздан жырымдап, жинап толтырамыз. Тамақ пен осының ақысына жетеді. Артық шығынға ақша қалмайды. Киім, артық жүріс дегенді атымен ойламаймыз»,- дейді жалғызбасты ана.

Қарлығаштың тағы бір уайымы - балаларының денсаулығы. 

"Ұлым былтыр инсульт алды. Соның салдарынан екі көзі көрмей қалды. Қазір жағдайы аздап жақсарып келеді. Ауруханада ұзақ жатып, сабақтан да қалды. Ал қыздарымның үшеуі де талмамен ауырады. Дәрігерлер бұған себеп олардың миына оттегінің жетіспеуі дейді. Мектепке жіберсем, артынша оларды жедел жәрдем ауруханаға алып кетеді. Кей кездері артынан бару үшін жолақыға ақша таппай қаламын. 17 жастағы ұлым биыл жетінші сыныпты бітірсе, 16-дағы қызым алтыншыны, одан кейінгі қызым бесінші сыныпты енді бітірді", - дейді жағдайы жанына батқан әйел.

Қарлығаш өзінің туған балаларынан бөлек, сегіз жыл бұрын із-түзсіз кеткен сіңлісінің баласын асырап келеді. Ең өкініштісі он жастағы баланың әлі тілі шықпаған. 

"Ақжолдың (жиені - ред.) анасының жоғалғанына сегіз жыл өтті. Еш хабар жоқ. Өзінің денсаулығы жоқ еді, арасында ақыл-есін жоғалтып алатын. Полиция бөліміндегілер оны Өзбекстандағы «Қойлық» базарынан көрген адамдар бар екенін айтқан. Ол жаққа барып келуге мешіт қызметкерлері ақша береміз деді. Бірақ ол жаққа жалғыз баруға, балаларымды иесіз тастап кетуге қорқамын», - дейді Қарлығаш.

Ақжолдың құжаттары түгел емес болып шықты. Туу туралы куәлігі болмағандықтан оны ешбір мектеп те алмайтыны түсінікті. Ал өзінің қамқорлығына алу үшін сіңлісінің құжаты да қолында емес.

«Ақжолды өз қамқорлығыма ресми түрде алу үшін басымда баспана болу керек екен. Баланың туды деген анықтамасын жақында ғана алдым. Енді куәлігін жасата алмай отырмын. Оған анасының жеке куәлігі керек. Құжаты түгенделмегендіктен оны арнайы мектепке беруге мүмкіндік жоқ. Обал болды. Жасы онға келсе де әлі мектеп көрмеді. Өзі ақылды, қолына тиын түссе үйге бірнәрсесін көтеріп келеді», - дейді Қарлығаш Нұрғожаева.

Ол өз баласындай болып кеткен Ақжолға логопед маманның көмегі қажет деп отыр. 

Он жыл бұрын күйеуінен айырылған әйел мемлекеттен балалары үшін берілетін 3600 теңгені қанағат тұтып жүр.

Былтыр қайырымды жандар жалғызбасты анаға Талғар ауданынан 10 сотық жер телімін алып берген. Алайда жейтін нанын әрең тауып отырған отбасының баспана тұрғызуға шамасы жоқ. Бес баланы жетімсіретпеймін деп отырған ананың бар арманы - сол жерге ең болмағанда бір бөлмелі үй тұрғызу.

Бүгінде пәтерден пәтерге көшіп жүрген Қарлығаш Нұрғожаева баспана зардабын шегуде. Ол құжаттары рәсімделген жерге үй тұрғызу үшін көпшіліктен көмек сұрайды. Мейілінше құрылыс заттарымен көмектесетін болса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Қарлығаш Нұрғожаеваның ұялы телефон нөмірі: +7 702 405 25 02

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1528071-almaty-oblysynda-zhalghyzbasty-ana-aur.html