RU

Мұхтар Шаханов "туфли жалайтын" депутаттарға құрметпен қарауға шақырды

Алуан-алуан депутат бар, үндеместері бір бөлек. Көп кешікпей парламент жазғы каникулға кетеді. Әрине, демалыс уақытында олар оқушылар сияқты қыдырады, бірақ демалмайды. Өйткені, жұмыс көп. Өздерін сайлаған, оларға сенім артқан халықпен кездеседі, өңірлерді аралайды деп хабарлайды Бірінші арна.

Бүгінде Парламент депутаттарының халық қалаулысы деген атағы болғанымен, халықтың қамын ойлап қамығып жатқандары сирек.

Жұрт тек ел мен жердің тағдыры үшін шыр-пыр болғандарды ғана таниды. Ал мәжілістегі – 107, сенаттағы 47 депутаттың ішінен көбінің аты-жөні түгіл, түр-сипатын да білмейді екен. Иә, парламентте үндемейтін, елеусіз депутаттар көп.

1994 жылдан бері Қазақстан парламентіне былтыр алтыншы шақырылымның депутаттары сайланды. Осы уақыт ішінде заң шығарушы органға кімдер келіп, кімдер кетпеді.

Осы орайда, экс-депутат, ақын Мұхтар Шаханов бүгінгі парламентарийге былай баға береді.

«"Рухсыздыққа кім шын мінез көрсетпесе қырғидай,

Ондайлардың бүгінгі аты – Ырбигүл мен Жырбибай"

Өкінішке орай, депутаттардың көпшілігі Ырбигүл мен Жырбибайға айналып кетті!», - дейді халық жазушысы.

Бірақ, бұл пікірге Әйтімова ханым қосылмады.

«Мен олай айта алмаймын. Себебі, Сенаттағы депутаттардың барлығы белсенді. Әрбір депутаттың өзінің сайты бар. Қай жерде не деп айтып жатыр, қай жерде қандай пікірді ортаға салды. Біздің депутаттардың барлығы жанашыр, ашық, тәжірибесі мол сенаторлар», - дейді Парламент сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова.

Алайда, жанашырлық пен тәжірибені өз игіліктеріне қарай пайдаланады деген Мұхтар ақын шенеуніктерді сынап тастады.

«Өткенде депутаттар бірінен соң бірі шығып, таласа-тармаса Астанаға елбасының есімін берейік деді. Елбасы бірақ қарсы шықты. Сол жағынан алғанда, бізде туфли жалауға ыңғайлы депутаттар өте көп. Сондықтан олар туфли жалаудың шебері болғандықтан, оларға да құрметпен қарау керек деп есептеймін», - деп кесіп айтты Шаханов.

Осы айдың соңында тағы да сайлау. Сенат депутаттары таңдалады. Бірақ сайлаушылар халыққа жақын депутаттарды іздейді, соларға сенім артады. Ал үндемей келіп, үндемей кететіндерді бағалайтын, жазалайтын әзірге механизм болмай тұр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1528131-mukhtar-shakhanov-undemeytin-deputatta.html