RU

Түрмедегі тепкі: Алматы облысында сотталған әйелдің сәбиі ауыр соққыдан шетінеп кетті

Алматы облысындағы Жауғашты елді-мекеніндегі Ла 155/4 түзеу мекемесінен тағы да шу шықты. Түрмеде отырған аяғы ауыр келіншек жүктіліктің жетінші айында ауыр соққы салдарынан ішіндегі баласын жоғалтқан. Бұл туралы NUR.KZ порталының тілшісіне «Ұлағатты жанұя» қоғамдық қорының жетекшісі Марианна Гурина айтты.

Қоғамдық белсендінің сөзінше қайғылы оқиға осыдан бірнеше ай бұрын орын алған.

«Маған жолданған хаттарда «Эльвира Пак есімді сотталушы келіншек ауыр соққы салдарынан баласын жоғалтқан» деген мәлімет келіп түсті. Осыны тексерейін деп ІІМ рұқсат алып, Жауғаштыдағы әйелдер түрмесіне барғанымда Эльвира Пак есімді азаматшаның расымен де ауыр халде екенін көрдім.

Өзіммен бірге білікті дәрігер де ерткен болатынмын. Ол сотталушыны тексеріп болған соң, әйелдің ауыр соққыдан туғалы отырған баласы іште шетінеп өлгені былай тұрсын, келіншектің құрсағын да түбегейлі алып тастағанын, салдарынан көп қан жоғалтқанын айтты.

Алайда түрме басшылары мұны мойындамады. Ал, сотталушы келіншек болса қатты қорқып қалған, маған арызын айтуға шамасы келмеді. Сол жердегі өзге сотталушылардан сұрағанымда, олар оқиғаны растады.

Сөздерінше, қақаған қара суықта әйелдерді далада тұрғызып қойып «ШМОН» (өте қатты және аяусыз тексеруді түрмедегілер «Шмон» деп атайды) жасаған.

Тағы оқыңыздар: Алматыдағы жедел жәрдем қызметінде істейтін ең көрікті ару кім?

Қарсылық білдіргендерді түзету мекемесіндегілер аямаған. Эльвира баласын осы тексеру кезінде жоғалтқан екен. Науқас келіншекке «іштегі баланы өлтіру де қылмыс, прокуратураға түрме басшыларына қарсы арыз жаз» деп түсіндіріп, қайтып кеттім.

Екі айдан соң әлгі келіншек маған қоңырау шалып, көмек сұрады. Айтуынша, ол құрсағындағы сәбиінен айрылғаны туралы бірнеше рет прокуратураға арыз жазған. Алайда, бірде-бір рет жауап келмепті.

Артынша тексерсек, жазылған арыз құзырлы органға түспек түгіл, түрмеден де шықпай, іштегілер жойып жіберіп отырған. Кейін адвокат жалдап, Бас прокурор Жақып Асановтың атына бірігіп арыз жаздық. Қазір соның жауабын күтіп жүрміз. Сотталушы Пак маған жиі қоңырау шалып тұратын, міне 10 күн болды тым-тырыс. Ана арыздан соң бірдеме болып қалды ма деп уайымдап отырмын, ертең Жауғаштыға барып тексеріп қайтпақпын», - деді Марианна Гурина.

Тағы оқыңыздар: Германиядағы ерекше мешіттердің бірі бас имам ретінде  әйел адамды сайлаған

Аталған жайтқа байланысты NUR.KZ порталы ІІМ қарасты Қылмыстық атқару-жүйесі комитетінің басшысының атына хат жолдаған болатын. Құзырлы орган апта бойы күттірген хатқа төмендегідей жауап қайтарды.

"Сотталған Э.Пактан Сіздің сұраныстарыңызда көрсетілген факті бойынша түзеу мекемесінің әкімшілігіне шағым түскен жоқ. ҚР Конституциясының 18-бабы 1-тармағына сәйкес, сотталғанға қатысты дербес деректер жария етуге жатпайды". 

Қоғамдық белсендінің сөзінше Жауғашты елдімекеніндегі Ла 155/4 түзеу мекемесінде әйелдерге басшылық тарапынан зорлық-зомбылық жасау әлі де жалғасып жатыр. Тіпті, нәрестесі іште өлген Э.Пактың да кімнен және қалай екіқабат болғаны белгісіз. Ол тек тергеу мен сот сараптамасы кезінде ғана анықталатын болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1528325-turmedegi-tepki-almaty-oblysynda-sot.html