Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қасиетті айда еркектер ғана дүкенге барады: Әлем халқы Рамазанды қалай өткізеді?

Опубликовано:

Мейірімге толы Рамазан айы діні бір, тілі басқа мемлекеттердегі мұсылмандар үшін де ең ерекше ай. Сәресі мен ауызашар, тарауық пен құлшылық ұғымдары – жер бетіндегі барлық мұсылманға ортақ ұғым. Осы орайда ummet.kz бірқатар мұсылман мемлекеттеріндегі Рамазан айының ерекшеліктеріне тоқталды.

Үндістанда ауызашарға бармас бұрын мұқтаж жандарды тамақтандырады

Әлем бойынша мұсылман халқы ең көп мемлекеттер арасында үшінші орынды иемденген Үндістанда 140 миллионға жуық мұсылман тұрады. Отыз күн бойы мұнда адамдар күні-түні мешіттерде Аллаға құлшылық жасау жолында, жақсылық жасаудан жарысады. Әсіресе, Дели, Мумбай, Калькутта  мен Хайдерабад сияқты ең ірі қалаларыңда мұсылмандар кешкі уақытты асыға күтеді. Қызметтегі адамдар жұмыстан шыға сала базар жаққа қарай ағылады. Жеміс-жидек, түрлі сыйлықтар алып бір-бірін қуантады. Бұл мемлекеттегі Рамазан айының ерекшелігі – әрбір мұсылман ауызашарға бармас бұрын көшеде қолын жайған қайыршылар мен кедей адамдарды әр күн сайын тамақтандырады. Көп балалы, кедей отбасыларына киім-кишек, азық-түлік таратады. Сондай-ақ, бізде берілетін пітір садақа сияқты, олар да салық төлейді. Оларда мұны «фитра» деп атайды.

Тағы оқыңыздар: Ақтөбелік имам 15 жылдан бері көше сыпыратын аналарды ауызашарға шақырды (фото)

Бұл айда Түркияда ішімдік сату тоқтатылады

Рамазан айы бауырлас түрік халқы үшін өте ерекше мереке. 98 пайыз мұсылман тұратын Түркия мемлекетінде күн әр қалада әртүрлі уақытта батады. Бұл мемлекетте де Рамазан – мейірім айы болып есептеледі. Адамдар бір-бірін, туыстарын, жақындарын, тіпті, осы елге саяхаттап келген адамдарды да қонақжайлық танытып, ауызашарға шақырады. Мешіті ең көп мемлекет болғандықтан бұл айда әрбір мешіттің ауласында ұзын дастарқан жайылып, кедей адамдарға, мешітке келген адамдарға тамақтар таратылады. Ал сәресі уақыты жақындағанда көшеде барабан ұстаған арнайы адамдар халықты ояту үшін қызметтеріне кіріседі. Бұл дәстүр әсіресе, Анкара қаласында кең таралған. Барабан ұрғылаған адамдар мұнда адамдар оянып, оларға тамақ ұсынбайынша «жұмыстарын» жалғастыра береді. Сондай-ақ, мұнда арнайы Рамазан айы бойы «Рамазан пидесі» әзірленеді. Тіпті, осы бәлішті сатып алу үшін адамдар ауызашар уақыты таяп қалған уақытта дүкендерде кезекке тұрады. Қасиетті Рамазан айы Түркияда үш күнге созылатын Шекер-Байрам мейрамымен аяқталады. Бұл айдың Түркиядағы ең басты ерекшелігі – кейбір мейрамханалар уақытша жабылып, барлық дүкендерде ішімдік сату отыз күн бойы тоқтатылады.

Мароккода бұл айда дүкендерге ер адамдар ғана барады

Мұнда Аллаға құлшылық ететін жерді қаланың кез-келген орнынан табуға болады. Қасиетті айға бірнеше күн қалғаннан бастап әйелдер қауымы ерекше дайындықты бастап кетеді. Әрбір әйел үйін тазалап, безендіруге кіріседі. Көшелер түрлі шамдармен, дүкендер түрлі-түсті қағаздармен безендіріліп, Рамазан айы туралы құттықтаулар ілінеді. Және әрбір мешіттің кіреберіс қақпасына Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистері жазылады. Сондай-ақ, отыз күн бойы жұмыс кестесіне өзгертулер енгізіліп, жұмыс уақыты қысқартылады. Барлық марокколық тұрғындар Рамазанға бір күн қалғанда жаппай ғұсыл алу үшін қоғамдық моншаларға барады. Әйелдер қауымы Рамазан айына арнап арнайы «хакира» сорпасын әзірлеуді әдетке айналдырған. Және бір ай бойы көбіне барлық отбасында осы ас әзірленеді. Мароккода бұл айда базарға бару «қызметі» әйелдерге қарағанда ерлердің міндеті болып саналады.

Рамазан айын Пәкістан халқының көпшілігі Умра қажылығында қарсы алады

Пәкістанда ауа темпертурасы 50 градусқа дейін көтерілсе де, адамдар Аллаға құлшылық жасауын тоқтатпай, отыз күнді сабырмен өткізіп шығады. Мұнда барлық дүкендерде бір ай бойы «әділ баға» жүреді. Тұрғындар барлық азық-түлікті ең төменгі бағамен сатып ала алады. Ауызашар уақытында ауруханаларға, темір жол қызметкерлеріне, дүкендегі қызметкерлерге тегін тағамдар жеткізіледі. Рамазан айында Пәкістан халқының басым көпшілігі Умра қажылығына қарай бет алады. Мұсылманның көпшілігі қасиетті айды қасиетті орында қарсы алу үшін бір ай бұрын дайындалады. Түнгі Рамазан бұл мемлекетте ерекше әдемілігімен есте қалады. Барлық сауда орындары, мейрамханалар мен дүкендер таңға дейін ашық тұрады.

Малайзиялықтар Рамазан айында дүкенге қарай асығады

Халық санының 53 пайызы мұсылман халқы болып табылатын Малайзия мемлекетінде ислам діні мемлекеттік дін болып саналады. Рамазан айына дайындықты бұл мемлекет алдымен әдемі киімнен бастайды. Тұрғындар Рамазанға бірнеше күн қалған сәттен бастап әдемі мата  сатып алу үшін  киім дүкендеріне кезекке тұрады. Ерлер жағы әйелдеріне үй жұмыстарын жасауға, бөлмелерді безендіруге, тамақ әзірлеуге, дүкенге баруға көмектеседі. Сәресі уақытында мұнда тұрғындар көбіне күрішті, тауық етін, сиыр етін және жұмыртқаны бұл айда көбірек қолданады. Көше бойын жағалай орналасқан түрлі мейрамханалар, сауда орындары таң атқанға дейін халыққа қызмет көрсетеді. Көршілер бір-бірін қонаққа шақырып, тұрғындар тарауық намазын өткізіп алмауға тырысады.

Қайырымдылық қаласында Рамазанның ерекшелігі

Халқының 90 пайызын мұсылмандар құрайтын Мысырда адамдар сәресі мен ауызашар уақыттарында берекелі айдың қасиетін сезініп, көше бойындағы мейрамханалардан тегін тамақтанады. Сондай-ақ, Мысыр мешіттерінде тарауық намазына ерекше көңіл бөледі. Тарауық намазы кезінде қаланың кез-келген мешітінде адамдар сыймай қалып, көпшілігі сыртта оқиды. Мешітте танымал ғалым, ғұламалар сабақ береді. Бір сабақ 8-9 сағатқа созылады.

Тағы оқыңыздар: Тірі жан аяқ баспайтын әлемнің құпияға толы мекендерін білесіз бе?

Көшеде ауызашар уақытында құрма мен сусындар тегін таратады. Дүкендерде тұрмысы төмен отбасыларына азық-түліктер тегін таратылады. Мешіттерден қайтқан мұсылмандар бұл уақытта дүкендерде сауда жасап, бір-біріне сыйлықтар жасайды. Қаланың барлық бөлігінде кешкі намаздар үшін арнайы шатырлар орнатылады. Және онда кез-келген адам араб және шығыс тағамдарынан тегін дәм тата алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1528814-qasietti-ayda-erkekter-ghana-dukenge-b/

pixel