RU

ЭКСПО басшылығы елді шулатқан америкалық журналистің мақаласына қатысты жауап берді

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Сергей Куянов бұған дейін дау тудырған әлемге әйгілі «Foreign Policy» басылымының журналисі Джеймс Палмердің мақаласы жайлы пікір білдірді деп хабарлайды BAQ.kz.

Оның айтуына қарағанда, елді шулатқан журналист Астанаға келмеген, тіпті ЭКСПО көрмесін көрмеген де.

«Біз ол журналистің бар екенін анықтадық. Британиялық Джеймс Палмер бірнеше басылымға Орталық Азия мен Қытай туралы жазады екен. Алайда ЭКСПО-2017 көрмесінде ондай журналист тіркелген жоқ. Ол - бір. Екіншіден, Джеймс Палмер деген кісі Қазақстан шекарасынан өтпеген. Яғни кедендік тіркеуде жоқ. Демек, Палмер мырза өз материалын өзге біреудің пікіріне сүйеніп жазған, я болмаса, репортажын тапсырыс бойынша шығарған», - дейді Сергей Куянов.

Сергей Куяновтың айтуына қарағанда, шетелдік журналист өз материалында көп фактіні бұрмалап көрсеткен.

"Мысалы ол көрме құрылысына кеткен ақшаның жалпы сомасын 5 млрд доллар деп жазады. Ал, өздеріңіз білетіндей, бұл сома 5 емес, 6 емес, 1,3 млрд долларды кұрады. Бұны құрылыс жұмыстарын жүргізген компаниялар да растайды", - деді Куянов.

Еске сала кетейік, танымал америкалық журналист Foreign Policy журналында Астанадағы халықаралық ЭКСПО көрмесі туралы репортаж жариялап, елорданы сынап тастаған болатын.

Тағы оқыңыздар: Ақтөбелік имам 15 жылдан бері көше сыпыратын аналарды ауызашарға шақырды (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1528854-ekspo-basshylyghy-eldi-shulatqan-zhurnal.html