RU

Атырауда қариялардың құлайын деп тұрған балконына билборд іліп қойды (фото)

Атырауда аудан әкімдігінің ғимаратына қарсы орналасқан Индербор поселкесіндегі Бейбарыс көшесінің №2, 4, 6, 7 үш қабатты үйлердің балкондары құлайын деп тұр деп жазады "Ақ Жайық".

"Жергілікті билік үйлердің апатты жағдайда екенін біледі, бірақ, тесіліп жатқан балкондарды билбордтармен жасырып қойды", - дейді үй тұрғындары.

Мұнда көбінесе зейнеткерлер, жалғызбасты қарттар мен жағдайы төмен отбасылар тұрады.

Тағы оқыңыздар: Жарынан айырылып, қатты қиналған отандық әнші қазақ жігіттеріне жанайқайын жеткізді

Жасы 80-ге таяған Райса Жұмағалиеваның (суретте) балконының жартысы көптен жоқ, тесіліп қалған. Мұндай балкондардың саны 20-дан астам. 2009 және 2011 жылы балкон жерге құлаған жағдайлар болған.

Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеген. Үйлер елу жылдан астам уақыт бұрын салынған.

Инберор поселкесінің әкімі Алмас Құсайынов үйлер жекеменшік болғандықтан, тұрғындар өз ақшаларына жөндеуі керектігін айтады.

Тағы оқыңыздар: Қазақстан дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіре алмауы мүмкін

"2001-2002 жылдары демеушілікпен сыртқы фасады жасалып, төбесі жөнге келтірілді. Енді мұндай мүмкіндік жоқ болып тұр", - дейді ол.

Ләззат Қаражанова. Суретті түсірген автор.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1529313-atyrauda-qariyalardynh-qulayyn-dep-tur.html