RU

Қызылордада аузы берік мұғалімдерді 50 градус ыстықта көше сыпыртып қойды (фото)

Қызылорда қаласында мектеп мұғалімдері мен балабақша қызметкерлерін көше тазалау жұмыстарына салып қойды деп хабарласқан оқырман көпшіліктен араша сұрайды. Айтуынша, Астанадан үкімет басшысының облысқа іссапары қарсаңында әкімдік қаланың педагогтарын жұмыстарынан босатып, аптап ыстықта сенбілікке шығарған деп хабарлайды NUR.KZ.

Есімін жасырын ұстауды өтінген оқырман сенбіліктің әлі бір аптаға созылатынын тілге тиек етті.

«Өзімнің аузым берік, Қызылорданың күнін білесіз, +50 градус ыстық. Қалада мұғалімдерді көше бойын, мекемелер мен үйлердің ауласын тазалауға шығарып жатыр. Астанадан Бақытжан Сағынтаев келе жатыр деп естідік. Жоғары жақтан біреу келсе, жылда осылай сенбілік жасауға мұғалімдерді жегіп қояды. Қалада тазалық қызметі істейтін жұмысты неге педагогтер істеуі керек?», - дейді күйінген оқырман.

NUR.KZ порталы осы жайтқа байланысты Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметіне ақпараттық сұрау салды.

Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, облыс әкімінің өкіміне енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға сәйкес облыс елді мекендерінде 2017 жылдың 11 наурызы мен 10 шілде аралығында санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру айлығы жүргізіліп жатыр.

"Тазалық айлығы аясында (әр сенбіде сағат 09:00-12:00 аралығы) ұйымдастырылатын сенбілік жұмыстарына тек білім беру мекемелерінің қызметкерлері ғана емес, меншік нысанына қарамастан қала көлемінде орналасқан барлық мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорын, ұйым, кәсіпкерлік нысан қызметкерлері және өз қаласына құрметпен қарап, шаһарымыздың көркеюіне, абаттануына, еліміздегі ең таза қала атануына үлесімді қоссам деген ниетпен белсенді қала тұрғындары да қатысуда.

Айта кету керек, сенбілік жұмыстарына мектеп мұғалімдері емес, білім беру мекемелеріндегі кіші қызметкерлер тартылуда.

Бұл жұмыстарды сырттан келетін ресми тұлғалардың сапарымен байланыстыру негізсіз деп санаймыз.

Себебі, қала бойынша санитарлық тазалық немесе көркейту-көгалдандыру жұмыстары тек бір мерзімде ғана емес жыл көлемінде тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бұл сөзімізді, көзі қырағы қаламыздың кез келген тұрғыны растайтындығына сенімдіміз.

Сонымен қатар, бүгінде қаланың санитарлық тазалық жұмыстарын толықтай «Қызылорда тазалығы» ЖШС-і жүзеге асыруда. Серіктестікте 300 ден астам қызметкер, 130 - дан астам арнайы техника күнделікті 3 ауысымда жұмыс жасап, қала тұрғындарына тұрақты қызмет көрсетуде" - делінген баспасөз мәлімдемесінде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1529469-qyzylordada-premer-ministr-keledi-d.html