RU

Ақтаулық полицейлер тоғыз жылдан кейін сәбилі болған отбасыға тосынсый жасады

Ақтаудың жергілікті полицейлері перзентханада сәбилі болған аналарға автобесікті пайдаланудың маңызы жөнінде ақпарат беретін қайырымдылық шарасын ұйымдастырды деп хабарлайды Tumba.kz сайтына сілтеме жасап NUR.KZ.

Дүйсенбі күні Ақтау қаласындағы перинатальды орталыққа нәрестелі болған бақытты әкелер мен олардың жақындары ғана емес, тәртіп сақшылары да келді.

Жаңа туған сәбилердің қатысуымен жүзеге асқан акция республикалық профилактикалық шара аясында ұйымдастырылды. Бұл істері арқылы полицейлер жолда жүру ережесін сақтау мәдениеті баланың дүние есігін ашқан күнінен бастап жүзеге асатынын еске салғысы келген.

Тағы оқыңыздар: Ақтөбеліктер Музарт тобының өңірге келгенін концерт өткеннен кейін бір-ақ білген

Автобесік табысталған отбасының бірі Шетпе ауылында тұрады. Жұбайлар тоғыз жыл бойы күткен сәби бар-жоғы 600 грамм болып дүниеге келген. Дәрігерлер төрт ай бойы нәрестені бақылауында ұстап, дүйсенбі күні перзентханадан шығарды. Ұзақ жыл күттірген перзенттің жағдайы қазір жақсы.

"Бізде бүгін ұлы қуаныш. Жаратқан біздің жанұяға осы періштені сыйлады, соған орай есімін Риза деп қойдық. Осындай мерекеге жеткізгені үшін барша жандарға алғысымыз шексіз.

Келініме психологиялық және моралдьды тұрғыда қолдау білдірген дәрігерлерге рахмет айтамын. Полиция қызметкерлеріне де осындай маңызды күнде сыйлық беріп жатқаны үшін ризамыз. Сәбиіміз алғашқы сапарын қауіпсіздікпен бастайтын болды", - дейді жаңа туған нәрестенің әжесі Күнсұлу Балсейітова.

Тағы оқыңыздар: Ақышев өзін БЖЗҚ келісіміне қатысы бар деген Келімбетовтің сөзін жоққа шығарды

Шара барысында полицейлер автобесікті пайдалану және баланы қалай жатқызу керектігін көрсеткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1529886-aqtauda-zhergilikti-policeyler-toghyz-2.html