RU

Жамбыл облысында 67 жастағы зейнеткер әйеліне қол көтерген ұлын пышақтап тастаған

Жамбыл облысы Байзақ ауданы Базарбай ауылының 67 жастағы тұрғыны қырықтан асқан ұлын пышақтап өлтірді деп хабарлайды NUR.KZ порталы.

Қанды оқиға ағымдағы жылдың 20 ақпанында орын алған. А. Бахтаев есімді 1974 жылы туған ер азамат ішімдікке салынып, мас күйінде шу шығаруды әдетке айналдырған. Қылмыс болатын күні де әдеттегідей араққа сылқия тойып алып, жұбайы мен шешесін сабап, артынша балағаттапты.

Ұлының озбырлығына шыдамаған қария ас үйде тұрған пышақпен оны кеуде тұсынан екі-үш рет осып жіберген. Үш жерден пышақ жарақатын алған жігіт жүре алмай, еденге құлап қалады.

Қансыраған ұлын құтқару үшін зейнеткер жанұшырып жедел жәрдем де шақырған. Алайда ашу үстінде жұмсалған қару марқұмның өкпесін жарақаттап, ол оқиға орнында көз жұмады.

Тағы оқыңыздар: ЭКСПО көрмесінің басталғанына он күн өтпей жатып нысанның терезелері шытынап кеткен (видео)

Қанды қылмыс болған күні қария полицейлерге бар шындықты жайып салып, ұлын өлтіргісі келмегенін де айтып ақталыпты. Бірақ күдікті деп танылған әке сол күні соттың шешімімен қамауға алынған. Екі айға созылған тергеу кезінде қарияның денсаулығы нашарлап, күні кеше орталық ауруханада көз жұмды.

Дәрігерлердің сөзінше, зейнеткер қатерлі ісікке шалдыққан және ауруы әбден асқынып кеткен екен. Оған қоса ұлының да қайғысын көтере алмай төсек тартып қалған.

Тағы оқыңыздар: Мешітте құран оқыған Түркия президенті көпшілікті сүйсінтті (видео)

Осылайша ұлын өлтірген қария сотқа жетпей қайтыс болды. Аталған қылмыстық іс сотқа жетпей тоқтатылғанымен осы оқиғаны алдын алмаған уәкілетті органдарға қатысты тексеру басталуы мүмкін.

«Біз бір отбасыда осындай қылмыстың қалай орын алғанын талдайтын боламыз. Кенеттен бола қалған жағдай емес қой. Ішімдікке салынып кеткен азамат әке-шешесінің мазасын үнемі алып жүргеніне неліктен уәкілетті органдармен назар аударылмағаны біздің тараптан тексерілетін болады», - деді Жамбыл облысының прокуроры Ернат Сыбанқұлов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1530063-zhambyl-oblysynda-67-zhastaghy-zeynetker-k.html