RU

ОҚО-да өзбек ұлтының өкілдері көп тұратын аудан Голливудқа айналып кетті (фото)

ОҚО-да өзі басқаратын Сайрам ауданын ақыры «Голливудқа» айналдырған әкім Самат Сапарбаев тағы да жаңа қырымен танылды. 42 ұлт өкілінен құралған 205 мыңнан астам халықты басқарып отырған әкімнің тағы сіз білмейтін сырлары қандай? Назарларыңызға өңірдегі  NUR.KZ тілшісі дайындаған эксклюзивті сұхбатты ұсынамыз.

- Самат Айдарханұлы, басшылық қызметте ерекше әдісті қолданады дегенді жиі естиміз. Тіпті атқарылатын жұмыстардың жоспарын үнемі бөлісіп, ақыл-кеңестерін сұрап, баталарын алып отырады дейді...

- Рас, мен халықпен жиі кездесіп тұрамын. Ауданға басшы болғаныма енді бір жыл болса да, осы аралықта 7-8 рет ауыл-ауылды аралап шықтым. Әрине, бұл халықпен немесе елдімекендермен танысу мақсатындағы іссапар емес. Себебі өздеріңіз білесіздер, мен осы ауданның тумасымын. Еңбек жолымның басым көпшілігін осында атқардым. Дегенмен барлығын бес саусағымдай білемін деп кабинетте отырып алмай, елмен жиі қауышып тұрған жөн ғой. Біздің ауданды «шағын Қазақстан» деуге болады (күліп).

Бүгінгі таңда 205 мың халық тұрады. Соның тек 26 пайызы қазақтар болса, 67 пайызы өзбек халқы, 5 пайызы орыстар, қалғаны өзге ұлт азаматтары. Бізде 42 ұлттың өкілдері тұрады.

Тұрғын санының көптігін айтпағанның өзінде мұнша ұлт өкілдерін бірлікте ұстау оңай іс емес. Аллаға шүкір деп айтайын, халық бір-бірімен тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Керек десеңіз, бір-біріне қыз беріп, құда-жекжат болғандары қаншама. Тура бір отбасының балаларындай қарым-қатынаста. Ал атқарылатын жұмыстарға келсем, біз халық қызметшісімін. Жасаған жұмыстарымыздың барлығы тек ел үшін. Жоспар түзіп, кеңестерін де алып отырамын. Қаншама мемлекеттік бағдарламалар бар. Оларды әкімдік ғимаратында отырып алып кезекті мәжіліс өткізіп қана орныдай алмайсың. Оны халыққа кеңінен түсіндіру керек. Артықшылықтарын, елге жасалынып жатқан жағдайды жүзбе-жүз кездесіп насихаттаудың орны бөлек.

Тағы оқыңыздар: Мешітке сыймаған астаналықтар қасиетті Қадір түнін саябақтарда өткізуге мәжбүр болды (фото)

 - Былтыр аудандағы бір азамат өзге біреуге қоқан-лоққы көрсеткен соң сіз туралы теріс әңгіме тарап, «крышевать ететін әкім» деген атқа ие болып едіңіз. Тіпті, жергілікті кәсіпкермен сізді сыбайлас деп айыптағандар да болды...

- Әрине, мен олардың қасында болған жоқпын. Құқық қорғау органының айтуынша, екі азамат бір-бірімен шекісіп қалған. Топалаң болды деуге негіз жоқ. Жұрт айтып жүргендей жаппай жаға жыртысу немесе ұлт араздық нәрсе емес ол. Шынымды айтсам, ол мақала жүрегіме қатты тиді. Оған Сарыарық ауылындағы жер дауы себеп болған. Негізі ол дау мен әкім боп келгенге дейін туындаған. Кезінде халық 232 гектар жерді өздері игере алмай, бір азаматқа басқаруға сеніп тапсырған. Соңғы жылдары әлгі азамат елге жерді қайтарып беремін деп уәде беріпті. Содан шу шыққан.

Халыққа біз ол жер аудан қорына өткенін түсіндіріп айтқанбыз. Жерді бөліп берер кезде, мораторий жарияланды. Оны жайдан-жай бере салмаймыз, өзінің құжаттық рәсімдері бар. Үкіметтің шешімдерін күттік. Қазір конкурс жүргізіліп жатыр. Ол жер түгелімен елге беріледі. Сол аралықта ғой біреулер менің жаман атымды шығарғысы келіп, кәсіпкермен сыбайлас деп те айтып жүргені. Халық жерін игеруге берген азаматпен сыбайлас болатындай түгім жоқ. Рас, ол кісі кезінде ауылдың әкімі болған, осы жердің азаматы. Бірақ мен онымен отырып шай ішпесем, отбасылық араластығым болмаса, жақын қатынасым жоқ болса қалай олай қаралауға болады?

Қайта керісінше үш жылдан бері созылып келе жатқан мәселе мен келген соң шешіле бастады. Негізі ол әңгіме дұрыс болмады. Шынын айтқанда абыройыма нұқсан келтірді. Мен осы ауылдың азаматы болған соң шыдап бақтым. Ешкіммен ерегіспедім, ешкімді сотқа да бермейді. Бастысы, жүрегім де, қолым да таза. Халық куә ғой.

- Еңбек жолыңызды дәнекерлеуші боп бастаған екенсіз. Сіздің биографияңызды оқып отырып, меритократия қағидасы еске түседі. Шыныңызды айтыңызшы, әкім болуды армандадыңыз ба?

- Әкім болуды армандадым деп айта алмаймын. Бастысы, алған білімім мен біліктілігімді халық қызметіне арнасақ деген ой болды. Біртіндеп сатылап, басшылық қызмет тапсырылды. Халыққа қызмет жасау – әр уақытта абыройлы міндет қой. Сол абыройдың биігінен түспей, халықтың рахметін алсақ деп жұмыс жасап жатқан жайым бар.

- Жиындардың бірінде «әкім болу оңай әрі қиын» деп халық алдында бір ақтарылып едіңіз. Сонымен әкім болу оңай ма, әлде?..

- Алдымен оны не үшін айтқанымды түсіндіріп өтейін. Оңай дегенім – қазір елбасы саясатының арқасында елдің жағдай жақсы ғой. Біздің аудан да облыс сияқты дотациялы аудан. Тапқан қаржымыз өзімізге жетпейді. Облыс, республика бюджетіне арқа сүйейміз. Бірқатар проблемалар оң шешімін тапты. Бұрындары осы аудан әкімдігінің аппаратын басқарған, әкімнің орынбасары болған тұста бізде алдағы бес жылда мектеп мәселесі шешімін табады деген ой үш ұйықтасақ та түсімізге кірмейтін. Жай арман секілді көрінетін. Себебі бізде халық өсімі көп. Шүкір, бес жылда бұл проблема шешілді.

Бір ғана Қарабұлақ ауылында он мектеп салынды. Аудан бойыншы былтыр төрт мектеп пайдалануға беріліп, биыл төрт мектептің құрылысы жүріп жатыр. Үш ауысымды екі ғана мектеп қалды. Сондай-ақ, аурухана, жол, жарықтандыру секілді әлеуметтік мәселелер де шешіліп жатыр. Ал қиын жағына келсем, 205 мың халықты басқару, соншама ұлт өкілдерін бір шаңырақтың астында бірлікте ұстап отыру, теңдей дамуына жағдай жасау, құқықбұзушылықтың алдын алу, тыныштықтың сақталуын қамтамасыз ету керек. Олардың барлығын бір арнаға тоғыстырып басқару, әрине, оңай емес. Қиын деп айту себебім сол ғой. Бастысы, шүкір, халық ризашылын арқалап келеміз.

- Сізді тым жұмсақ басшы дейді...

- Жұмсақпын дей алмаймын, бастысы талап болу керек. Бізде тәртіп жақсы. Кез келген қызметкер өзінің жүгін арқалап, өз арбасын өзі сүйреуі керек. Басшылыққа келгенде де айтқанмын оны. Мен көп жағдайда адамгершілікке салынамын. Біреудің тағдырымен, қызметімен ойнағанды ұнатпаймын. Қай қызметкер болмасын оның өмірі, ар жағында отбасы, әулетінің жағдайы, абыройы тұр. Өзімді ешқашан да артық санамаймын. Маған осы «кресло» бұйырып, ауданды басқару сеніп тапсырылғаннан кейін үдесінен шығуға тырысамын. Біреудің есебінен, өзгені кекету-мұқату, тағдырымен ойнау арқылы емес, заң аясында талап қойып, солай шешуді дұрыс деп санаймын. Адамның өзге адамнан артық ешнәрсесі жоқ, өктемдік танытып, үстел тоқпақтап, өзгенің намысына тию – менің жұмыс тәжірибемде жоқ қасиет.

Тағы оқыңыздар: Жаназасы шықпағандар: Артында іздеушісі жоқ марқұмдарды қалай жерлейді? (фото)

- Көршілес Ордабасы ауданын басқарып тұрған кезіңізде сіздің лақап атыңыз «гүлге құмар әкім» болып еді. Әлі де гүлге деген құмарлығыңыз басым ба?

- Иә, әлі де құмармын (күліп). Басшы болған соң ауылды, мектептерді аралаймыз ғой. Жүрген жерімде гүл өсіру қажеттігін айтып жүремін. Айналаңда көк жайқалып тұрса, жақсы емес пе? Адамдарды әдемілікке, жақсылыққа үйрету керек қой. Гүл ерекше көңіл күй сыйлайды. Өзімнің де хоббиім – гүл өсіру. Үйде де ағаш, гүл отырғызуды жақсы көремін. Тіпті демалыс күндері өзім күтіп-баптаймын. Содан кәдімгідей рахат аламын. Тазалыққа жаным құмар, үйдегілер де соған үйренген. Қисық жатқан дүние жоқ үйімде. Ауданда да тазалық болса деймін. Айналаң көгалданып тұрғаны жақсы ғой.

- Сұхбатыңызға рахмет.

- Сіздерге рахмет. Мен сұхбаттан ешқашан қашпаймын, кез келген уақытта дайынмын. Жұмысымыздан ұялмаймыз, ауданымызға келіп тұрыңыздар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1531046-oqo-da-ozbek-ultynynh-okilderi-kop-tura.html