RU

Павлодар облысында үш жыл бұрын салынған тұрғын үйдің шатыры желмен ұшып кетті (фото, видео)

Павлодар облысы Ақсу қаласында өткен түні қатты жел тұрып, нәтижесінде екі жарым жыл бұрын пайдалануға берілген тұрғын үйдің шатыры ұшып, кірпіштері түсіп қалған. Редакцияға хабарласқан қала тұрғыны үй төбесінен ұшқан шатырлар ауладағы онға жуық көлікті қиратқанын айтты деп хабарлайды NUR.KZ.

Қала тұрғынының айтуынша, Строительдер көшесіндегі нөмірі 34/36 үйдің шатыры ұшып кетіп, нәтижесінде ауладағы он шақты көліктің талқаны шыққан.

Қала тұрғыны бұл үйде оның әпкесі тұратынын және үйдің пайдалануға берілгеніне екі жарым жыл ғана болғанын айтты.

Қатты дауыл өткен түнде сағат 01.00 шамасында орын алған. Куәгерлердің жіберген видеосында ауладағы бірнеше көлік зардап шеккен.

Ал тұрғын үй қабырғасының жоғарғы бөлігінің кірпіштері құлап қалғанын да көруге болады.

Облыстық ТЖД-нің мәліметінше, оқиға түнгі сағат екіде төртінші шағын ауданда орын алған деп жазады Pavlodarnews.kz.

Қатты желдің жылдамдығы метріне 30 секундке жетіп, Строительдер көшесіндегі № 36 үйдің 150 шаршы метр төбесін жұлып әкеткен. Бұдан басқа, бес қабатты үйдің кірпіш құрылысы опырылып түскен.

Қазіргі таңда оқиға орнында комиссия жұмыс істеуде. Ақсу қаласы құрылыс бөлімінің ақпаратына сүйенсек, тұрғындарға материалдық шығынды 2014 жылы желтоқсан айында үйді қолданысқа берген мердігер ұйым өтеп, шатырды жөндейтін болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1531182-aqsuda-ush-zhyl-buryn-salynghan-turghyn-uy.html