RU

Жаназасы шықпағандар: Белгілі қазақ режиссері қаңғыбастардың қабіріне жерленген (фото)

Алматының үстінен түсірілген мына суретке қарап отырып, қазақ жері қорымға айналып бара ма деген ойға қаласың. Себебі шаһарда көлемі ауқымды 41 бейіт бар екен. Соның ең үлкені "Батыс Боралдай бейіті" деп аталады. Бір таудың етегін түгелдей жайлаған жерде ине шаншар жер жоқ. Тегіс мазар.

Жалпы аумағы 400 гектардан астам жерге орналасқан қорымның ішінде мұсылман, христиандар мен қатар іздеуі жоқ жандардың да мазары бар. NUR.KZ порталы жыл сайын Алматы бойынша іздеуі жоқ қанша азамат дүниеден озып, олардың соңғы мекені қалай болатынын біліп көрген еді.

Боралдайдағы мына қорымның бір бөлігі жерге тығылған таяққа толы. Әрбір ағашта темірмен жазылған нөмір бар. Бұл іздеуі жоқ жандардың қабірі. Кішкене ғана томпайған молаларда әртүрлі ұлт пен дін өкілдері араласып жатыр. Олардың кім екенін білу мүмкін емес. Тек маңдайшасындағы темірдегі санмен сұрау салу арқылы ғана бейбақтың неден және қашан көз жұмғанын анықтауға болады.

Тағы оқыңыздар: ОҚО-да өзбек ұлтының өкілдері көп тұратын аудан Голливудқа айналып кетті (фото)

Қорым қызметкерлерінің сөзінше, мұнда аптасына іздеуі жоқ 12 азамат жерленеді екен.

"Сейсенбі және бейсенбі күндері мәйітханадан екі рет ағаш табытқа салынған өліктерді әкеледі. Аптасына кемі 12 іздеушісі жоқтарды жерлейміз. Олар "безродный" деп аталады. Шатасып қалмас үшін өліктерді қайтыс болған жылына қарай жекелеп жерлейді. Мысалы, мына көлік жүретін жол бойындағылар 2016 жылы қайтыс болғандар, ал қоршау жағалай көмілгендер 2017 жылғылар",- дейді қорым қызметкері.

Мұнда жерленген азаматтың барлығы бірдей қаңғыбас емес. Бірі – белді қызметкер, бірі-шетелдік турист. Тек әртүрлі жағдайға тап болып, өмірден озғандар. Мамандардың сөзінше, «іздеушісі жоқ өліктер» алдымен мүрдеханада 10 күн сақталып, олардың туыстарын іздестіреді. Осы белгіленген уақыт ішінде ешкімі келмесе, коммуналды қызметкерлер оларды белгілі ереже бойынша көміп тастайды.

Үңірейіп жатқан мына қорқынышты шұңқырлар -  алдын ала дайындалған қабірлер. Қорымда өлік келген соң ақым қазылады деген түсінік жоқ. Марқұмдарға арналған жерді арнайы қабіршілер емес трактор бір апта бұрын қазып, дайындап қояды. Олардың тереңдігі 1 метр, 30 см, ара қашықтықтары жарты метрден кем болмауы тиіс.

Ал мүрделерді дініне қарап бөлмейтіндіктен, ешқайсына салт-жоралғы да жасалмайды. Бір сөзбен айтқанда, жаназасы да шықпайды, оларды ешкім кебіндемейді де, басына дұға да оқымайды.

Кейбір молалардың ақымы опырылып, іші үңірейіп жатыр. Жұмысшылардың сөзінше олар қақаған қыста көмілгендер. Жер тоң болғандықтан топырағы басылмай, қабірі түсіп кеткен. Ал, кейбір моладағы ағаш басына екі нөмір шегеленген. Осыған қарап екі мәйіт бір қабірге салынған ба дерсіз. Бірақ коммуналды қызметкер мұны мойындамайды.

"Ол мүмкін емес. Әр мүрде жеке-жеке көміліп, бір ғана нөмір ғана ілінуі тиіс",-деді атын атаудан бас тартқан қорым жұмысшысы.

Іздеушісі жоқ қорымға жылына 600-ден астап марқұм жерленеді. Осынша марқұмның ішінен он шақты адамды ғана жақындары іздеп келеді екен.

"Мысалы 100 адам көмілсе соның алты-жетеуінің ғана туысы іздеп келуі мүмкін. Мүрдені қазып алып туған жеріне әкететіндер өте сирек. Кейбірі сүйекті сүйрелемейік деп басын қоршап, құлпы тас қойып жатады", - дейді Азат.

Құлпы тас қарап жүрген ресейлік азаматтар 10 жыл бұрын жоғалған әкелерін осы қорымнан тауыпты. Мүрденің қайда жерленгенін қорым ішінен іздеу үшін тек жеті күніміз кетті деп отыр. Себебі, мазардың ішіндегі шөп адамның беліне жетеді. Әкелерін соңғы сапарына шығарып сала алмаса да, о дүниеде разы болсын деп басына белгі қоймақ ниетте екен

.

Екі басы ат шаптырым жерге орналасқан қорым ішінен туысын іздеген жан көрмедік. Іздеп келсе де өздігімен жоғалтқанын табу мүмкін емес.

Жұмысшылардан белгілі нөмірдегі моланы қалай табу керек деп сұрағанымызда «ақысын төлесеңіз, тездетеміз» деген жауап алдық.

"Былтырғы жерленгендерді 1000 теңгеге тауып береміз. Одан ары қарайғы уақыт болса, соғұрлым қымбатырақ", - деді жұмысшы. Соған қарап өлілер де бизнестің ортасында дерсіз.

Тағы оқыңыздар: Алматылықтар мың айдан қайырлы Қадір түнін қалай өткізді? (фото)

Артында іздеушісі жоқ қайтыс болғандардың басым көпшілігі - орта жастағы ер азаматтар. Қақаған суықта көшеде үсіп өлген қаңғыбастар да баршылық. Солардың бірі - кезінде халыққа кеңінен танылған "Шаңырақ", "Ұлтуған" фильмдерінің режиссері Едіге Болысбаев. Ешкім сұрау салмаған режиссердің  қабірі осы қорымда.

Далада өлген азаматтың сүйегін ешкім әкетпеген соң, көппен бірге жер қойнауына тапсырылған. Режиссер Еркін Рақышев келіп басын қоршаған, алайда оны ешкім қайтадан арулап жерлемепті.  "Қазақтың көмусіз қалыпты" деген сөзі осындайда айтылса керек-ті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1531280-zhanazasy-shyqpaghandar-artynda-izdeush.html