RU

Мешітке сыймаған астаналықтар қасиетті Қадір түнін саябақтарда өткізуге мәжбүр болды (фото)

Қасиетті саналатын "Қадір түнінде" бүкіл әлем мұсылмандары мешітке ағылып, тілек тілеп, дұға оқитыны белгілі. Өткен түнде Астана тұрғындарының басым көпшілігі "Нұр Астана" мешітіне барып, құлшылық етті. Астаналықтар бұл түнді ерекше көңіл-күймен қарсы алып, қалада түн ортасына дейін қым-қуыт тіршілік тоқтаған жоқ деп хабарлайды NUR.KZ порталының Астанадағы тілшісі.

 Елорда тұрғындарының бір бөлігі күн батысымен мешітке қарай бет алса, тағы бір бөлігі саябақтар мен субұрқақтарды жағалаумен болды.

Қадір түніне қала мешіттері де ерекше дайындалған.

Мәселен биыл «Нұр Астана» мешітінің алдында тұрғындардың көз жауын алатын әдемі инсталяция орын тепкен. Жарты шеңбер пішінінде жасалған инсталяция маңында қала тұрғындары суретке түсумен болды.

Сонымен бірге, мешіт алаңына ірі алтыбақандар орнатып, бүлдіршіндер онда әткеншек теуіп, асыр-сап ойнаумен болды.

Тағы оқыңыздар: Алматылықтар мың айдан қайырлы Қадір түнін қалай өткізді? (фото)

Ал мешіттің дәл жанында киіз үй тігіліп, онда көпшілікке арнап сусындар мен қымыз сатылып жатты.

Киіз үйге бас сұғып, сусындар бағасын сұрағанымызда, бір қалбыр сусын «150 теңге»  екеніне көз жеткіздік. Демек, «қадір түні» деген желеумен сусын бағасы Астанада қымбаттамаған.

Қасиетті түні қала көшелерімен жүйткіген жеңіл көліктердің де қарасы көп болды. Шаһарда бұл  түні қоғамдық көліктер де түн ортасына дейін өз жұмысын тоқтатпады. Әсіресе, мешіт маңындағы көшелермен жолаушы тасымалдайтын автобустар тоқтаусыз жұмыс істеп жатты.

Тағы оқыңыздар: ОҚО-да өзбек ұлтының өкілдері көп тұратын аудан Голливудқа айналып кетті (фото)

Тәртіп сақшыларының да жұмысы қыза түсті.

Бұдан бөлек, мешіт маңында қаз-қатар тізіліп тұрған такси жүргізушілері де ұйықтамай, елді тасумен болды. Мереке күндері бағаны шарықтатып жіберетін шаһар таксистері бүгін де сол бұрынғы әдетіне басты.

Олар мешіт маңындағы үйлердің біріне жеткізіп салу үшін 700 теңге сұрады. Айтуларынша, «ЭКСПО» көрмесі басталып, бензин бағасы қымбаттағалы бері, такси бағасын да көтеруге тура келген екен.

Қадір түнін Елорданың «Нұр Астана» мешітінде өткізбек болған қала тұрғындары ғимарат ішіне сыймай, қасиетті түнді мешіт сыртында қарсы алуға мәжбүр болды.

Мешітке ағылған қала тұрғындары, алғашында, мешіт ішіне жайғаса бастағанмен, бар-жоғы бір-екі сағат ішінде мешітке келген бұқараның қарасы артып, қалың жұрт мешітке сыймай, мешіт сыртындағы алаңқайдан орын іздей бастады.

Мешітте ине шаншар жер болмағандықтан келушілер тіпті баспалдақтарға тізе бүгуге тура келді.

Сыртқа шығуға мәжбүр болған тұрғындар бастапқыда жерге төсер кілем-көрпе таппай әуре болса, кейіннен бұл олқылықтың да орны толтырылды.

Мешіт қызметкерлері жамағатқа арнап жерге төсейтін төсемелер таратып берді.

Осылайша, шаһар тұрғындары «тауарих» намазын мешіт сыртында оқыды.

Мешітке келушілер санының көп болғаны соншалық, тіпті олардың көпшілігі мешіт алдындағы фонтан бойын жағалай отыра кетті.

Мешітке кішкентай балаларын алып келгендер, сәбилерін қоларбаға жатқызып, өздері намаз оқуға кірісті.

Қадір түнінде жыл сайын мешітке келіп, дұға ететін қала тұрғындарының бірі – Бекзат Айдын Күзембайқызы. Бүгінде ол жылдағы әдетімен «Нұр Астана» мешітіне Аллаға құлшылық етуге келген.

«Рамазан айы өте жеңіл өтіп жатыр. Өкініштісі, қасиетті айдың аяқталуына да аз ғана күн қалды. Бүгін мешітте жиналған адамдар көп. Жыл сайын осылай және жылдан жылға мешітке келуші жастар көбейіп келе жатыр. Қазір "Құран қатым" түсіреді. Соған қатысамыз. Таңға дейін осында, мешітте боламыз», - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1531791-meshitke-syymaghan-astanalyqtar-qasie.html